"Есқұла" су құбырының 16,5 шақырымынан тамшы тамбай тұр

1574

Жезқазған, Сәтбаев қалаларын сапалы ауыз сумен жабдықтау мақсатында осыдан 11 жыл бұрын басталған "Есқұла" топтық су  құбырының құрылысы сағызша созылып жатыр. 

"Есқұла" су құбырының 16,5 шақырымынан тамшы тамбай тұр

Халықтың шыдамына ши жүгіртіп отырған мәселені қала, облыс әкімдері ғана емес, үкімет басшысы да біліп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Үкімет отырысының бірінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев 2021 жылдың соңында "Есқұла" топтық су құбыры пайдалануға берілетінін жариялады. Министрдің мәлімдемесіне жергілікті тұрғындар сенген жоқ. Себебі олар құрғақ сөз бен уәдеге әбден тойған.

Алысқа ұзамай-ақ қояйық, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Жезқазған қаласына жұмыс сапарымен келгенде: "Инженерлер мен мердігерлер құбыр құрылысының барлық 3 кезеңін 2020 жылдың соңына дейін аяқтаймыз деп мәлімдеді" дегенді айтқан. Өкініштісі, облыс басшысының сөзі ақиқатқа айналмады.

Осыған дейін сенаторлар Рысқали Әбдікеров пен Сергей Ершов Үкімет басшысы Асқар Маминге депутаттық сауал жолдап, мәселені күн тәртібіне қойды.

Сенат депутаттары ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасымен 2010 жылы қолға алынған су құбырының құрылысы 2012 жылы желтоқсанда жұмыс істеп тұрған кеніштің құлау аймағына тап келуіне байланысты тоқтатылғанын мәлімдеді. Бұған қоса олар 2012 жылы  құрылысы жанданып, 2017 жылы аяқталуға тиіс болған жобаның жүзеге асырылуы №1 және №2 екі резервуарды құрастыру жұмысын сапасыз орындаған бас мердігер "Caspian Contractors Trust" ЖШС-ның сотқа сүйрелуінің салдарынан 2018 жылға ысырылғанын айтты.

Бұл мәселені мәжіліс депутаты Арман Қожахметов те көтерді. Ол премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында Жезқазған, Сәтбаев қалаларының тұрғындары ауызсудың 70%-ын "Кеңгір" су қоймасынан алып отырғанын, бұл су талапқа сай тазаланбайтынын, салдарынан өңір тұрғындары бүйрек, қуық ауруына шалдығып жатқанын жариялады.

Үкімет басшысы депутаттық сауалдарға жауап беріп, "Есқұла" су  құбыры іске қосылатынын мәлімдеді.

Содан бері бірталай уақыт өтсе де, Жезқазған, Сәтбаев қалаларының тұрғындары күні бүгінге дейін "Кеңгір" су қоймасынан шөл қандырып отыр. Министр Мағзұм Мырзағалиев мәлімдегендей, халық биыл Есқұла су құбырының суын іше ме, ішпей ме, оны уақыт көрсетеді.

Айта кетейік, "Есқұла" топтық су құбырының бастапқы құны 5,8 млрд теңге болды. Кейін құбыр жолының өзгеруіне байланысты қосымша 1,1 млрд теңге бөлінді. Былтыр жобаны жүзеге асыруға қарастырылған қаржы 8,7 млрд теңгеге жетті. Көріп отырғаныңыздай, суға бөлінген қаржы судай ағып жатыр, алайда нақты нәтиже жоқ.

Біле жүріңіз, Жезқазғанға дейін тартылуға тиіс құбырдың жалпы ұзындығы 71,8 шақырым. Оның Сәтбаев қаласына дейінгі 55,3 шақырымы 2018 жылы іске қосылды. Қалған 16,5 шақырымынан әзірше бір тамшы су тамған жоқ.

Ғалия Әділ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу