Эстонияның Қазақстан экономикасына құйған тікелей инвестициясы 128 млн доллардан асты

300

Қазақстан мен Эстония президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. 

Эстонияның Қазақстан экономикасына құйған тікелей инвестициясы 128 млн доллардан асты Фото: akorda.kz

Кездесу барысында мемлекеттер басшылары экономикалық ықпалдастықтың басым бағыттарын талқылады, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Атап айтқанда, тараптар сауда-инвестиция, цифрландыру, жасанды интеллект, көлік-логистика, өнеркәсіп кооперациясы, ауыл шаруашылығы, аса маңызды минералдар және білім-ғылым салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін қарастырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Эстония Қазақстанның Еуропа Одағындағы сенімді серіктесі екеніне назар аударды.

– Бұл сапар екі мемлекет арасындағы өзара тиімді әріптестіктің жаңа кезеңіне жол ашады. Еліңізді Балтық өңіріндегі, сондай-ақ Еуропа Одағындағы өте маңызды серіктес ретінде қарастырамыз. Эстония инновациялық және өркендеген мемлекет құру жолында таңғаларлық табысқа жетті. Сіздің еліңіз цифрлық жүйеге негізделген мемлекет, үкімет және қоғам құру ісінде көш бастап тұр. Сондай-ақ ашықтықты қамтамасыз ету, азаматтарды ел басқару ісіне тарту бойынша көпке үлгі. Біз Эстонияның заң мен тәртіп қағидатын ұстануға, білім беру деңгейін арттыруға және орнықты дамуға бейілділігін жоғары бағалаймыз, – деді Қазақстан Президенті. 

Мемлекет басшысы екіжақты ықпалдастықтың оң қарқынмен дамып келе жатқанына тоқталып, Қазақстан мен Эстония барлық бағыт бойынша жан-жақты байланыс орнатқанын жеткізді. 

Екі ел арасындағы саяси диалог ашық әрі сындарлы сипатта өрбіп, өзара түсіністікті нығайтуда парламентаралық ынтымақтастық маңызды рөл атқарып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев: "Эстонияның 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына құйған тікелей инвестициясы 128 миллион доллардан асты"

Президенттің айтуынша, Қазақстан мен Эстония халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастықты жолға қойған.

Негізгі өңірлік және жаһандық мәселелерде, соның ішінде бейбітшілікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз етуде ұстанымдары ұқсас.

Кездесуде өзара қарым-қатынастың маңызды бағыттарының бірі саналатын экономикалық ынтымақтастыққа баса мән берілді.

Президент Эстонияның 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына құйған тікелей инвестициясы 128 миллион доллардан асқанын атап өтті. Қазір елімізде 80-нен астам эстониялық компания логистика (CF&S Kazakhstan LLP), пошта қызметтері (Omniva) және цифрлық сервис (Bolt) салаларында табысты жұмыс істеп жатыр.

Мемлекет басшысының пікірінше, Эстониядан үлкен бизнес-делегацияның келуі Таллиннің серіктестік аясын одан әрі кеңейту ниетін танытады. Қазақстан эстониялық компанияларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.

Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени-гуманитарлық байланысты тереңдету Қазақстан мен Эстония арасындағы достықты нығайтуға тың серпін береді деп санайды.

Президент ғылым-білім саласы екіжақты ынтымақтастықтың ең перспективті бағыты болып қала беретінін айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу