Ет бағасы осыған дейін жасанды түрде арзан болып келді – сарапшы

Соңғы айларда елдегі сиыр етінің бағасы сан құбылып, жарықтың жылдамдығындай қымбаттап жатыр.  

Ет бағасы осыған дейін жасанды түрде арзан болып келді – сарапшы Фото: eldala.kz

Сарапшылар жағдай бұлай жалғаса берсе, тіпті тауық еті тапшы болуы мүмкін екенін жасырмайды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Осы орайда, біз мал шаруашылығына қатысты, елдегі ет бағасына байланысты бірнеше сарапшының ой-пікірін біліп көрген едік.

Жалпы, Қазақстандағы ірі қара малдың мен уақ мал санының салыстырмалы түрде өте көп емес екенін Ұлттық статистика бюросы Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ресми сайтындағы мәліметтер растайды. Биыл мал шаруашылығында ұлттық санақ жүріп жатыр, нақтысы да белгілі болатын күн жақын.

Журналист Ербол Жанатұлы мәселенің неден туындағанына жорамал жасайды. Ол "ет бағасының түбі осылай құбылатыны белгілі еді" деп отыр.

– Сиыр етінің бағасы "ұшты" деп шулап жатырмыз. Рас, қымбатшылық ешкімге ұнамайды. Бірақ, елдің ертеңі үшін дәл осы ет бағасы өскені, яғни нарықтағы өзінің әділ бағасын алғаны дұрыс.

Осыдан біраз жыл бұрын "ет бағасын тұрақтандырамыз" деп, шекараны тарс жаптық та, мал және ет экспортын шектедік. Сосын мал шаруашылығы саласындағы субсидияны көбейттік. Сөйтіп ірі шаруашылықтарда мал саны артып, елде ірі қара саны 9-10 миллионға жетті. Ал ішкі нарық шамамен 7-8 миллионға ғана шақталған. Содан еттің бағасы түсті, әсіресе 2022 жылға дейін бір келі етті дайындауға кететін шығын сол 1 келі еттің өз бағасына пара-пар болды. Мал бағу пайдасыз шаруа боп қалды. Бұл нарықты қолдан "сырқаттандырдық"! Оның обалы – АШМ мен Саудаминде! – деді ол.

Әлбетте, жеп-шөптің қымбаттауы, мал шаруашылығындағы техникалардың тозуы мен шаруаларға мемлекеттік деңгейдегі тиісті көмектің көрсетілмеуі, бәрінен бұрын осы жағдайға алдын ала анализ жасалмай, бағаны қолдан тұрақтандырудың соңы ет өнімінің күрт өсуіне әкелді деуге болады.

"Бұл жағдай 10 жылға жуық уақытқа созылды. Осы аралықта ауыл-ауылда мал бағып отырған қазақ тапқаны баққанға кеткенін ақтамай, малдан көңілі қалып, қалаға ағылды. Мен өзім көріп отырған Ақмола облысының халқы жаппай Астанаға бет түзеді. Былтырдың өзінде елорда халқының саны 100 мыңға артыпты. Бас қаланың өзі бұндай ауқымдағы ішкі көшке дайын болмаса керек, былтыр қала басшылығы ауызсумен қамти алмай састы. Арқадағы 2023 жылғы қуаңшылық та кесірін тигізді. Мен білетін бірнеше фермер сиырын түгел сатып, жатаққа айналды.

Осы жағдайды реттейміз деді ме, мемлекет шекараны ашып кеп жіберді, тірідей мал өзбек арқылы шетке ағылды. Нарық заңы өз дегенін істеп жатыр. Көрші елдердегі ет бағасымен баға теңескенше, сыртқа мал тасымалдау тоқтамайды. Тоқтамасын!" –деп ашынады журналист Е.Жанатұлы.

Мұндай жайттың барын ет сатумен айналысатын кәсіпкер Дәулет Тұрсынханұлы да растап отыр. Ол бұл тақырыпта айтатын, жазатын әңгіменің көп екенін еске салды.

– Мал шаруашылығына байланысты айтар әңгіме көп. Қайсыбір жылдан бастап сиырға жаудай тидік. Шекара асырдық. Алыпсатарға тапсырдық. Енді нарықта сиыр еті жылқы етінен қымбаттап кетті. Сылтау көп, айтар әңгіме де біраз. Ана жолы малбазарға барғанда ыңыршағы айналған бір сиырды біреу айналшықтап баға беріп жүр екен. Қасымдағы кісіден "Бұлар не істейді?" деп сұрағанмын. "Тендермен айналысатындар ғой" деп қысқа қайырды ол. Ет сататын қосымша кәсібім болған соң қыр-сырын аздап білемін ғой, кімнің не әкеліп, алдыңызға қоятынын да ұғынбайсыз. Ал шаруаның төрт-бес ай бағып, адалынан бауыздап әкелген семіз малы әрине, олардан қымбат болады. Ал базарда алты айлық бұзаулар 170 мың теңге сұрап тұр.

Қазір тіпті тендерге сиыр етін қойып, жылқы етіне шығыппыз. Өйткені, жылқы етінің бағасы арзан ғой. Өстіп жүріп, жылқыны да тауысатын шығармыз... Биыл ұлттық санақ жүріп жатыр. Ойдағы-қырдағы малды тіркеп жатырмыз ғой. Ауқымды тақырып болған соң, төтесіне келе алмай тұрмыз, – деп қысқа қайырды ол.

Журналист Ербол Жанатұлы ет қымбаттағалы бері жері бар, бірақ малын сатып, қалаға көшкен кейбір адамдардың кері қайтып жатқанын айтады. Яғни, бұл – мал бағу қайтадан тиімді бола бастады деген сөз.

– Халық шуласа, мемлекеттің ебедейсіз "қолы" тағы шекараны жабады. Өйтсе, ауыл халқын түбегейлі мекенінен қашырамыз, қалаға көшіреміз. Себебі ауылда зауыт та, өндіріс те, жеңілөнеркәсіп те жоқ. Жалғыз жұмыс – мал бағу. (Егін шаруашылығы солтүстік өңірлерде көптен бері халық шаруашылығы емес, жердің бәрі латифундистердің қолында)

"Қаладағы халықтың шуылын басамыз" деп нарық заңдарына қайшы шара қолдану елдегі мал шаруашылығына орасан зор нұқсан келтіріп, ішкі көші-қонға қайта реттей алмас зардап әкеледі.

Жеріміз кең. Біз халқының 80 пайызын мегаполистерге шоғырландырып алу тиімді саналатын Еуропа емеспіз. Біздің экономиканың сарқылмайтын потенциялы мұнай да, жерасты қазба байлығы да емес, дәл осы – ауыл шаруашылығында. Оны біз емес, білікті сарапшылар айтып келеді. Себебі, адамдар ет жеп, сүт ішуін қоймайды, – деп сөзін жалғастырды ол.

Шынын айту керек, іргемізде Қытай секілді еңбек күші арзан алпауыт ел тұрғанда бізге өндірісті дамыту қиынға соғады. Демек, қала халқына да жұмыс тауып беру оңай емес. Сол себепті, жалғыз жол – ауылдарды сақтап қалу. Бұған мемлекет те қам-қарекет жасап жатқандай.

– Мал бағу – ең тәуекелі көп кәсіптің бірі. Мал ауруынан, ит-құстан келетін қауіп көп. Ал мал ұрлығы – елдегі ең бір асқынған қылмыс түрі.

Жұмысы да ауыр. Сенбі, жексенбі демалмайсың. Түн ұйқыңды төрт бөліп күзетесің. Қысқа жем-шөбін дайындайсың, оған қолданатын елдегі ауылшаруашылық техникаларының 80 пайызы әбден тозған. Ал трактор секілді техника алуға лизинг былтырдан бері ғана арттырылды.

Сондықтан, еттің бағасы нарықтық межесіне жетуі керек. Мал мен ет экспортына тыйым салынбауы керек. Қазақ жері осыдан мыңдаған жыл бұрынғыдай жылына миллиондаған бас малды көрші елдерге сата алатын үлкен нарыққа айналуы тиіс.  Шын мәнінде ет бағасы қымбаттап жатқан жоқ, ол өзінің заңды межесіне келе жатыр. Бұрын ол біздің елде жасанды түрде арзан болған.

АШМ биыл бәлен жылдан соң санақ өткізіп жатыр. Сол санақ әділ өтсе екен. Елдегі нақты мал басын анықтап алмайынша, бұл нарық "сырқат" боп қала береді. Қазірдің өзінде "мал басын көбейтіп көрсетіңдер!" деген сигнал ауыл әкімдеріне жетті деген сыбыс бар, – деп сөзін қорытындылады Ербол Жанатұлы.

Inbusiness.kz тілшісі осыдан бірнеше ай бұрын "Елдегі ең қажетті өнімнің бағасы енді ешқашан төмендемейтін сияқты" деген тақырыпта сараптамалық мақала жариялаған болатын. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу