banner

Ет экспортын ұлғайтуға мал жоқ

3539

ҚР ҰЭМ: 2016 жылдың 9 айында Қазақстан 10,9 млн теңгенің немесе 32 мың 90 доллардың ет және ет өнімдерін экспорттады.

Ет экспортын ұлғайтуға мал жоқ

"Қазақстанның ет одағы" заңды тұлғалары бірлестігінің мәліметіне қарағанда, ет экспортын ұлғайту үшін өнімнің сапасы, тұрақты әріптестік пен қаржылық беделі болуы керек.

Бірер апта бұрын Астанада болып өткен шаруалар мен ауылшаруашылық техникасын өндірушілерінің көрмесінде "Қазақстан ет одағының" төрағасы Мақсұт Бақтыбаев отандық өндірушілердің осы талаптардың бірін де орындамай отырғанын айтып, ағынан жарылған болатын.

Мәселен, – дейді Мақсұт Бақтыбаев, – елдегі 3 мың бас ұстайтын шаруашылық жылына тек 500 мың тонна ет сата алады. Бұл Ресей мен Қытай секілді ірі тұтынушылар үшін жұғым да емес.

Жалпы, елдегі ет өнеркәсібінің тұралап қалуына бір кезде ұжымдық шаруашылық (колхоз - ұжымдық шаруашылық, совхоз – кеңестік шаруашылық) жоғарғы жақтың астыртын да ашық нұсқауымен таратылып, шаруа қожалықтары талан-таражға түсті. Нәтижесінде мал басының күрт азаюына басты себеп болды. Бұл туралы БҰҰ өкілдері де Қазақстанда мал басының 80-90 жылдары қазіргіден әлдеқайда көп болғанын растайтын статистиканы ұсынған болатын. Осы мәліметке қарағанда, қазірде елде бар болғаны 5 млн-ға жуық мал бар екен. Ал, ауыл шаруашылық министрлігінің санағында ірі қара мал саны 2 млн-нан астам деп көрсетіліпті.

Оған қоса, төрт түліктің 85%-ы жекелеген ауыл тұрғындарының меншігінде екенін ескерсек, ет пен сүтті нарыққа ұсынушылардың еншісінде бар болғаны 700-800 мың ғана мал болған. Министрліктің ресми мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда "ақбас сиыр" тұқымымен кәсіби түрде айналысатын шаруалардың саны 10 мыңнан асады. Дегенмен, бұл шаруалардағы мал саны орташа есеппен әрқайсысына 14,5-тен келеді.

Қазақстанның Бейжіңдегі елшісі Шахрат Нұрышевтың таяуда ғана айтқан сөзіне қарағанда, келесі жылдан бастап Қытай Қазақстаннан ет өнімдерін көптеп импорттауды жоспарлап отыр. Осы алпауыт нарықтың зор сұранысын қанағатттандыратын бір ғана жол, "Қазақстан ет одағының" пікірінше, жекелеген ұсақ шаруа қожалықтарын кооперативтерге біріктіру. Сонда ғана қазақтың етті ақбас сиыры дайын өнім болып экспортталмақ.

Ауыл шаруашылық кооперативтері мәселесі әлі де болса ел ішінде толығымен қолдау таппағанға ұқсайды. "Өз алдына шаруасын дөңгелетіп үйренген жекелеген малшылар кооперативке бірігуді бір кездегі колхоздастыруға ұқсатады. Бұл екеуі – екі бөлек дүние. Кооперативке біріккен бірнеше шаруа қожалығы жауапкершілікті өзара бөліп алады. Демек, табыс та ортақ болады", – дейді ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі.

Оның айтуынша, осы күні Қарағанды облысындағы Нұра ауданының барлық ауылында елде алғаш болып кооперативке бірігудің қанатқақты жобасы қолға алынды. Министрлік өкілінің мәліметінше, шаруалар ұжымдасудың тиімділігін қазірдің өзін де байқап отыр.

2017-2021 жылдарға арналған Ауыл шаруашылығын қолдаудың күні кеше ғана таныстырылған жаңа бағдарламасында осы кооперативке көп көңіл бөлініпті. Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғановтың сөзіне қарағанда, ұсынылатын жаңа бағдарламаның мақсаты – мал шаруашылығының тиімділігі мен өнімділігін 58%-ға дейін арттыру, ауыл шаруашылық өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру және қазақ брендін қалыптастыру көрінеді.

Мал басының аздығы бір мәселе болса, өнімнің сапасы да өз алдына бөлек тақырып. Қазақ шаруаларының ет өнімдерін шетелдік ірі тұтынушылардың сатып алуға құлықсыз екенін министрлік өкілдері де мойындайды. Экспорт былай тұрсын, Астана мен Алматыда ең өтімді деген KFC мен McDonalds тамақтану орындары етті шетелден алып келеді. Себебі, Қазақстанның өнімі әлемдік стандартқа сай келмейтін көрінеді.

Осы орайда, министрлдіктің әзірлеп жатқан бағдарламасында құрама жем өндірісіне жеке сектор ретінде маңыз берілген. Сонымен қатар мал басын асылдандыру жұмыстары да күн тәртібіне қойылған. Ал бәсекелестік қабілетін арттыру үшін ауыл шаруашылық өнімдерінің аудиторлық қызметі іске қосылмақ.

Таяуда отандық ақпарат құралдарының біріне сұхбат берген Ресейдің федералдық мемлекеттік ет өнеркәсібі институты оқыту орталығының жетекшісі Михаил Трифонов Қазақстандағы ет өнеркәсібіне жоғары технологиялардың жетіспейтінін ашық айтты.

Қорасындағы мал басын көбейткісі немесе асылдандырғысы келген шаруаларға қазір мемлекеттің қолдауы жоқ емес. Елдегі шағын және орта бизнеске берілген несиенің 85-90%-ы ауыл шаруашылығы жобаларына бөлінгені осының айғағы. Нәтижесінде 2016 жылдың экономикалық көрсеткіштерінде ауыл шаруашылығы республика бойынша 4,9%-дық өсіммен ең қарқынды өсіп келе жатқан салалардың қатарынан көрінді.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне қарағанда, 2016 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстан 10,9 млн теңгенің немесе, ұлттық валютаның АҚШ долларына шаққандағы қазіргі бағамымен есептегенде, 32 мың 90 доллардың ет және ет өнімдерін экспорттаған.

Бауыржан Мұқанов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу