Үкімет сүйіншілейді. Қазақстан тарихында тұңғыш рет ветеринарларға арналған жеке бағдарлама қабылдануы мүмкін. Өйткені бұл сала ет экспортын дамытудың кежегесін кері тартып тұрған көрінеді.
Сондықтан Үкіметте мұның бір шешімі ретінде ветеринарияны дамытуға арналған жеке бағдарлама қабылдау ұсынылды. Премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, ветеринариялық инфрақұрылымды дамытуды, сондай-ақ жергілікті жерлерде және шекараның өзінде ветбақылауды күшейтуді тапсырды. Ауыл шаруашылығы министрлігі 15 сәуірге дейін Ветеринарияны дамытудың кешенді жоспарының жобасын Үкіметке енгізуге міндеттелді.
Мал шаруашылығы қазақ үшін тек табыс көзі емес, болмыс пен тұрмыс. Ал, ветеринариялық қауіпсіздік – тек жануарлардың денсаулығы ғана емес, сонымен қатар экспорттық нарықтарға қол жеткізудің негізгі шарты. Әлемдік нарық – өте талғампаз, консервативті, әрі кірпияз орта. Оған біздің "ата-бабадан бері мал баққанбыз" деген мақтанышымыз, биік амбицияларымыз емес, қазақстандық малда аурудың жоқтығын растайтын анықтамалар мен халықаралық стандарттар ғана керек.
Ал, дәл осы жерде проблема бар. Парламент депутаттарының бағалауынша, мал шығынының 20%-ға дейінгісі жануарлардың ауруларымен байланысты. Онсыз да баяу өсіп келе жатқан салаға мал індеті аяусыз әрі тоқтаусыз соққы беріп жатыр.
"Ветеринариялық қауіпсіздік – мал шаруашылығының тұрақтылығын қамтамасыз ететін жүйелі фактор. Саладағы шығындардың шамамен 20%-ы ауыл шаруашылығы жануарларының ауруларымен байланысты. Бір мезгілде мал басын көбейтіп, әрі ет экспортын арттыруға ұмтылып отырған ел үшін бұл факторды елемеу – болашаққа балта шабумен тең", – деді мәжілісмен Жигули Дайрабаев.
Депутат ветбақылаудың нормативтік және институционалдық негізі жүйелі түрде күшейтіліп жатқанын жеткізді. Әңгіме тек заңнамаға түзетулер енгізу туралы ғана емес, қауіпті инфекциялармен күресудің стратегияларын қайта қарау жөнінде болып отыр.
"Мал шаруашылығы өнімдері сатылатын сауда алаңдарында, бірінші кезекте базарлар мен ет дүкендеріне ара-тұра емес, күнделікті бақылауды енгізу мүмкіндігін қарастырудамыз. Ол заңмен бекітілуге тиіс. Министрлік жанынан жұмыс тобы құрылды. Оған Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының (WOAH), БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық сарапшылары да кірді. Олар бізге бруцеллез, құтыру, туберкүлез, сібір жарасы (күйдіргі) және басқа да аурулармен күрес стратегиясын жетілдіруге көмектесіп жатыр. Осы жұмыстың қорытындысында тиісті шаралар қаралады", – деді депутат Дайрабаев.
Ауру малдан алынған өнімді өз халқымыз тұтынса, елге қастандық. Егер шекара асса, тек экономикалық шығын ғана емес, елдің халықаралық беделіне түскен дақ. Ветеринарияны реттеудің бір маңызы осында.
Ауру бағасы және "импорттық инеге" тәуелділік
Мал індетімен күрестің бір майданы – ветфармацевтика. Қазақстан өз штаммдары негізінде жасалған биопрепараттарға зәру. Ветеринариялық және азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі республикалық қауымдастықтың төрағасы Марат Құмаровтың пікірінше, төл ветеринариялық биопрепараттарын өндіру ісін қарқынды дамытуы қажет.
Сарапшының мәліметінше, Қазақстан "импорттық тәуелділік" құрығына түсіпті. Біз сатып алып жатқан препараттар өзге өңірлерге, бөтен табиғи жағдайларға және бөгде штаммдарға арналған. Инфекциялар көбіне аймақтық ерекшелікке ие болып келеді де, тиісті тиімділік әкелмейді.
"Жергілікті ғылыми-өндірістік база өркендесе, республика аймақтарында аурулар пайда болған жағдайда тез әрі тиімді әрекет етуге мүмкіндігі болар еді. Бірақ дәл осы базаны дамытуда қиындық бар. Қазақстандағы ветбиопрепараттар индустриясы әлі де әлжуаз күйде. Салдарынан импорттық препараттарға тәуелділік жоғары деңгейде қалып тұр", – деді қауымдастық басшысы.
Отандық ғылыми-өндірістік базаның әлсіздігі – инвестицияның аздығынан. Мұндай препараттарды өндіру үлкен инвестицияларды, ұзақ мерзімді ғылыми зерттеулерді және қымбат жабдықтарды талап етеді. Банктер мен инвесторлар өтелу мерзімі ұзақ, тәуекелі жоғары бұл салаға аттап басуға жүрексінеді.
Оның үстіне, сарапшының түсіндіруінше, жаңа Салық кодексі "жығылғанға жұдырық" болды. Ветпрепараттарға жеңілдік жоқ, оларға люкстік тауарлармен бір қатарда 16% қосылған құн салығы салынады.
Сорақысы сол, мал дәрісін жасаудың бүкіл кезеңінен – жабдық, шикізат, құрауыштар, дайын өнім, қызметтер – бәрінен 16% ставкамен ҚҚС жиналады. Бұл саланың жалпы шығындарын арттырып, отандық препараттардың бәсекеге қабілеттілігін төмендетті.
Тұйықтан шығар жол ретінде жануарларға арналған препараттарды адамдарға арналған дәрілік заттармен теңестіру ұсынылды. Бұл өнімнің өзіндік құнын азайтып, отандық өндірушілерді қолдауға және халықаралық міндеттемені орындауға мүмкіндік берер еді.
Бірақ вице-премьер Серік Жұманғарин бастаған "салық серкелері" бұған барар емес. Өз вакцинасын шығара алмаған ел амалсыз өзгенің талабына бағынады. Ал, ветеринариялық тәуелсіздік – биоқауіпсіздіктің алтын діңгегі.
Антимонополиялық абсурд театры
Аурумен ветеринарлар күрессе, ветеринарлармен монополияға қарсы орган күресе бастапты. Сенаттың бірден 13 депутаты Үкімет басшысына жүгініп, бәсекелестікті қорғау агенттігінің әрекетіне наразылық білдірді.
Мәселенің мәнісі мынада: Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі нарықтық қатынастарды оған орын жоқ салаға – аса қауіпті инфекциялармен күреске таңуға тырысуда екен. Бұл органның қағидасы қатаң: егер қандай да бір нарықта жекеменшік ұйымдар болса, мемлекеттік мекемелер бірінші соларға жол беруге тиіс.
Бір қарағанда бәрі дұрыс. Дұрыстап үңілгенде, мына жағдайда онысы ақылға симайды. Агенттік әкімдіктерден мемлекеттік ветстанцияларға тапсырыс орналастырмас бұрын, алдымен сол жұмысты орындай алатын жеке компаниялардың бар-жоқтығын дәлелдеуді талап етеді. Содан тіпті "күлкілі" жағдай туындайды: қалада мысықтар мен иттерге арналған жеке ветеринариялық клиниканың болуы "бәсекелестік орта" ретінде қарастырылады, бірақ мұндай клиниканың өңір деңгейінде аса қауіпті аусылмен күресуге құқығы да, ресурстары да жоқ.
2025 жылдың 17 маусымында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің бұйрығымен "Монополияға қарсы органның ұқсас тауарлар жасауды және қызметтер көрсетуді жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлік субъектілерінің жоқ екендігі туралы және тиісті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді бәсекелестік негізде сатып алудың өзге мүмкіндігінің жоқ екендігі туралы қорытынды беру қағидалары" бекітілді.
Бұл қағидалар нарықта жеке жеткізушілердің бар-жоғын анықтау, саладағы бәсекелестік деңгейін бағалау, сондай-ақ бір көзден сатып алуға рұқсат ету және ағымдағы сатып алулар кезінде қолданылатын өзге де рәсімдерді анықтап береді.
Алайда іс жүзінде олар құқықтық қайшылық туындатыпты: салалық заңнама бойынша жеке субъектілерге орындауға тыйым салынған және тек мемлекетке тиесілі функциялар болып табылатын рәсімдер кенеттен бәсекеге қабілетті қызметтер ретінде қарастырыла бастады.
Бұл әсіресе жануарлардың аса қауіпті ауруларымен күрес мәселесінде оғаш көрінеді. Мұндай іс-шараларды – вакцинация, диагностика, мониторинг пен инфекция ошақтарын жоюды заң бойынша тек мемлекеттік ветеринариялық станциялар ғана жүргізеді. Себебі, мұндай аурулар өңір не ел көлемінде ТЖ жариялауға әкелуі мүмкін.
"Сібір жарасы, аусыл, бруцеллез, туберкүлез, құтыру, эмкар, пастереллез және басқа аса қауіпті аурулар – зооноздық, өте жоғары жұқпалы. Олар төтенше жағдайларға соқтыруы ықтимал. Халықаралық ұйымдар мұндай ауруларды қатаң бақылауды тек мемлекеттік функция ретінде таныды", – деді сенатор Ғалиасқар Сарыбаев.
Соған қарамастан, монополияға қарсы органның жаңа қағидалары нарықта жеке жеткізушілердің жоқ екенін дәлелдеуді табанды талап етеді. Салдарынан бұл онсыз да тоқыраған мемлекеттік веткәсіпорындарға қосымша соққы болды.
"Осы жаңа бюрократиялық кедергілердің кесірінен енді мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысу үшін веткәсіпорындар осы қағидаларға сәйкес қорытынды алуға мәжбүр. Мұны тендердің техникалық құжаты талап етеді. Алайда өңірлер қағида талаптарын әрқайсысы әртүрлі түсіндіреді: 8 облыс өз қорытындыларын берген, тағы 12 өңір қорытынды бермей отыр", – дейді сенатор.
Ол індет тарағанда, жедел әрекет етуге тиіс сала үшін мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің уақытша тоқтатылуы немесе жеткізілімдердің кідірісі өте ауыр салдарға соқтыратынын ескертті. Тіпті бюрократиялық сергелдең ақыры елде ауру ошақтарының көбеюіне, жануарлардың жаппай қырылуына әкелуі, адамдардың денсаулығына қауіп төнуі, экспорттық шектеулердің енгізілуіне дейін апаруы ықтимал.
Конкурс рәсімдерінің созбалаңға салынуы мемлекеттік ветстанциялар қызметкерлерінің жалақысын 3-4 айға дейін кешіктіруге, мамандардың басқа салаларға кетуіне, кадр тапшылығына ұласыпты. Эпизоотиялық іс-шаралар – бизнес емес, мемлекет функциясы. Аса қауіпті дерттің алдын алуды "бәсекелестікке" беру – отпен ойнаумен бірдей.
Үкімет жағдайды түзетуге тек уәде берді
Премьер-министр Олжас Бектенов сенаторлардың уәжін орынды деп танып, ветеринариялық қауіпсіздік үшін монополияға қарсы қорытынды алу талабын алып тастау мүмкіндігін қарастыруға уәде берді. Бірақ мәселені қашан толық шешуге болатынын нақты айтқан жоқ.
Оның мәліметінше, мемлекеттік сатып алудың міндетті бір шарты – нарықтағы адал бәсекелестікті және рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін монополияға қарсы органның қорытындысының болуы.
"Дегенмен, ветеринариялық қауіпсіздік мәселелерінің ерекше мәртебесін ескеріп, әкімшілік жүктемені азайту және шешім қабылдаудың жеделдігін қамтамасыз ету мақсатында сатып алуларды жүзеге асыру кезінде монополияға қарсы қорытынды алу талабын алып тастау мәселесі қарастырылып жатыр", – деді Бектенов.
Премьер-министр жануарлардың Қазақстан территориясында таралу қаупі жоғары 68 аса қауіпті ауруының тізімі бекітілгенін мәлім етті. Осы аурулар бойынша ветеринариялық профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі, оның ішінде препараттарды сатып алу және оларды жергілікті әкімдіктерге беру қарастырылған.
Мемлекеттің ветеринариялық жүйеге инвестиция салып отырғанын да атап өткен жөн. Үкіметтің мәліметінше, "Ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 2,5 есеге арттыру жөніндегі Жол картасын" іске асыру нақты жемісін берді: соңғы екі жылда 401 ветнысан салынды. Мемлекеттік ветұйымдар үшін 892 арнайы автокөлік сатып алынды.
Ветқызметтің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 2026-2027 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 66,2 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаражат ветстанциялар мен ветпункттерді салуға, егу үшін жануарларды бекіту құрылғыларын орнатуға, сондай-ақ биологиялық қалдықтарды көмуге арналған нысандарды салуға бағытталады.
Патогенділіктің бірінші және екінші тобындағы биоагенттермен жұмыс істейтін ветеринария мамандарына тиісінше 35% және 50% мөлшерінде ынталандыру үстемақылары төленеді, сондай-ақ кемінде екі лауазымдық айлық мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысы беріледі, деді Премьер.
Депутаттар бастамашы болған, Мәжілісте жатқан ветеринария мәселелері жөніндегі жаңа заң жобасы аясында сала мамандарының жалақысын кезең-кезеңімен арттыру, оларды арнайы киіммен қамтамасыз ету және біліктілігін арттыру шаралары мақұлданды. Осы шараларды іске асыру үшін 2027-2029 жылдарға жыл сайын 23,9 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылған.
Ет экспорты туралы ертегіні шындыққа айналдыру үшін алдымен маманның қауіпсіздігі мен малдың денсаулығын түгендеп алған абзал.