Еуразиялық экономикалық комиссияның бұл қай кемсіткені?!

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3124

Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстанның кемшілігін бетіне басты. Сол үшін ұлттық банк өкпелеп қалды.

Еуразиялық экономикалық комиссияның бұл қай кемсіткені?!

Сөйтіп Данияр Ақышев басқаратын ведомствоның кеңсе тілімен жазылған қасаң баспасөз баяны – "Ақпараттық хабарының" әр сөйлемінің астарынан өкпе-реніш менмұндалап тұр.

Жалпы дәл осы тұста ұлы Абайдың "Күшік асырап, ит еттім, балтырымды сыздатты. Біреуге мылтық үйреттім, ол мерген болды, мені атты" деген дана сөздері еске түседі.

Әрине, алдымен бұл хикаяның тарихын түсіндіре кетелік. Қазақстанда 2016 жылдың қорытындысында инфляция деңгейі 8,5%-ға жетті. Ал үкімет пен ұлттық банк былтыр бұл көрсеткішті 6-8%-дан асырмаймыз деп ел мен елбасы алдында міндеттеме алған. Бірақ, көріп отырсыз, орындай алмады. 2017 жылдың 9 қаңтары күні журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізген ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев ақталып әлек болды. Былтыр бұл индикаторға үкіметте жауап берген Қуандық Бишімбаев тіпті қызметінен кеткені мәлім.

"Жығылғанға жұдырық" дегендей, Қазақстанның осы міндеттемесін орындай алмағаны үшін Мәскеуден Еуразиялық одақтағылар ескерту жасапты. Мысалы Еуропалық одақ: "біздің одаққа кіргісі келетін елдер мынадай-мынадай талаптарға сәйкес келуге тиіс, әйтпесе есігімізден де сығалатпаймыз", – деген. ЕАЭО да өзіне мүше мемлекеттеріне дәл осылай талаптар қояды.

Содан Қазақстанның инфляциялық дәлізді сақтай алмай жатқанын байқап, одақтың Еуразиялық экономикалық комиссиясы (ЕЭК) жедел жиын өткізіп, "Қазақстанның инфляция деңгейін төмендетуге бағытталған ұсыныстар" әзірлеген. Онда ол мемлекетімізге "инфляциялық таргеттеу режимін қолдануға, ақша-несие саясатының транспаренттілігін арттыруға, инфляция бойынша ұлттық нысаналы бағдарға қол жеткізуді қамтамасыз етуге" табанды түрде кеңес береді. Үкімет бұларды онсыз да іске асырып жатқаны мәлім.

Айта кетейік, ЕЭК – Еуразиялық одақтың "тұрақты жұмыс істейтін ұлтүстілік реттеуші органы". Яғни біз сияқты ұлттардың үстінен қарайды. Және оның құзыры одаққа кіретін елдердің экономикаларының барлық саласына тарайды.

Ресми Астанадан жауап та көп күттірмеді.

"Еуразиялық экономикалық комиссия алқасы "Қазақстан Республикасында инфляция деңгейін (тұтыну бағаларының индексін) төмендетуге бағытталған шаралар бойынша ұсыныстар туралы" ұсынымдарды әзірлеп, қабылдады. ЕЭК өз ұсыныстарын ЕАЭО туралы шартта белгіленген, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасындағы осы көрсеткіштің ең төменгі мәні ескеріле отырып айқындалатын инфляция деңгейі көрсеткішінің сандық мәнінен Қазақстан инфляциясының асып кетуіне байланысты әзірледі.

Экономикалық дамудың орнықтылығын айқындайтын макроэкономикалық көрсеткіштердің бұл сандық мәндерінен одақтың басқа да жекелеген мүше мемлекеттері 2012-2015 жылдары асып кеткен болатын. Бірақ соған қарамастан, бұл ЕАЭО-да макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында ЕЭК дайындаған тек екінші құжат қана болып отыр. Осылайша ұсыныс әзірлеудің орындылығын айқындауда ЕЭК тарапынан іріктеу тәсілінің қолданылатынын байқауға болады" деп, ұлттық банк ЕЭК-тің барлық мемлекеттің емес, тек кей елдің ғана кемшілігін көретініне қынжылысын жасырмайды.

Расында бұл жерде "екіжүзді стандарттар" қолданылғаны бетке ұрып тұр. Мәселен 2015 жылдың ортасында ЕЭК пен Ресей үкіметінің жауапты органдары арасында келіссөз жүрген. Оның нәтижесінде Ресейге де ескерту жасалуы тиіс болатын. Өйткені ЕЭК мәліметі бойынша, "Ресей Федерациясында 2015 жылдың наурызында 2014 жылдың наурызымен салыстырғанда, инфляция деңгейі 11,9% болған". Одақ құрылған 2014 жылы бұл көрсеткіш 11,4% болып еді.

Нәтижесі не болды дерсіз? "Іс-шара қорытындысы бойынша РФ өкілетті органдарының және ЕЭК өкілдері Ресейдегі ұлттық шараларды жүзеге асыру тиімділігіне, жағдайдың жақсаруына және инфляция деңгейінің біртіндеп төмендеуіне байланысты ұсыныстар даярлау үшін негіз жоқтығы туралы келісімді шешім қабылдады" делінген келіссөз қорытындысы жөніндегі хаттамада.

Рас, одан кейін де солтүстік көршімізде "жағдай жақсарып", инфляцияның төмендегені шамалы. Сол 2015 жылдың қорытындысында Ресейде бұл шама 12,9% болды. Ал былтырғы 2016 жылдың қорытындысында шамамен 10,4% болады деп күтіліп отыр. Бірақ ЕЭК оны көрмейді.

Одақтың тағы бір мүшесі Беларусьте 2015 жылы инфляция рекорд жасады – 12%-ға жетті.

ЕЭК тек Қазақстанның олқылықтарын аңғарып, барлығының назарын соған аудартып отыр. "Мәскеу Астанаға инфляцияға қарсы рецепт жазып берді", деп жерден жеті қоян тапқандай қуана хабарлады Қазақстан және Ресей блогерлері.

Бізге дейін мұндай "құрметке" Қырғызстан ие болды: ЕЭК бауырлас қырғыз ағайындарға "мемлекеттік қарыздарың тым көп" деп, оны төмендету шараларын қабылдап, Алатаудың арғы жағына жолдады.

Айтқандай, дәл осындай "екіжүзді" саясатты Батыс да қолданады. Мысалы Қазақстандағы ірі науқан – жалпыхалықтық маңызды сайлауды демократиялық стандарттарға сай болды деп мойындаудың орнына "әлі де шикілігі бар, соны жою үшін біз Қазақстанға арнап ұсыныстар әзірледік" дейді. Кейін өз ұсыныстарының шикі екені анықталып, оны өздері де растап жатады.

"Еуразиялық одақ авторы – біздің елбасы, еуразиялық ықпалдастық – Қазақстанның идеясы" деп мақтанамыз. Алайда, өкінішке қарай, Мәскеуде орналасқан оның басшыларының жартысынан көбі ресейліктер көрінеді. Қалған шамалы орынды Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан және Армения бөліседі. Ал одақ құрылымдарының қатардағы қызметкерлері толық дерлік ресейлік деседі.

Бұл жерде Кеңес Одағын тіпті еске де алмай-ақ қоялық. Ол кезде де "теңбіз" дедік. Бірақ "үлкен аға" "інілерін" өзіне ұнамаған ісі үшін басынан тоқпақтап, орнына қойып отыратын. Содан тәуелсіздік сәті туғанда әркім өз аулына кетті емес пе!

Негізі қазіргі қиын шақта одақтасқан, ынтымақтасқан жақсы шығар. Әңгіме соның бәрінің ақ ниет, тең құқықтық негізде болуына барып тіреледі. Бұл бағытта біздің дипломаттар мен ел үкіметіне әлі талай шаруа атқаруға тура келеді.

Әрине, Қазақстанда инфляция, оған ықпал ететін қымбатшылық және ұлттық валютаның құнсыздануы проблемасы бар екенін мойындау керек.

Бұрын басқа көрсеткіштердің көлеңкесінде қала беретін инфляцияға неге қазір сонша мән беріліп отыр? Біріншіден, Қазақстан 2015 жылдың 20 тамызынан бастап ұлттық валюта – теңгені тікелей қолдаудан бас тартып, "инфляциялық таргеттеуге" көшті.

"Инфляциялық таргеттеу инфляцияға қарсы шараларды ертерек қабылдауға мүмкіндік береді. Процедурасы қарапайым: ұлттық банк алдағы инфляция динамикасын болжайды, ол болжам қол жеткізілуі қажет нысаналы инфляция мәндерімен салыстырылады. Болжам мен мақсат арасындағы айырмашылық мемлекеттің ақша-несиелік саясаты қаншалықты түзетілуге тиіс екенін білдіреді. Біздің еліміз бұл істе Канада және Аустралия секілді елдердің тәжірибесіне жүгінеді. Өйткені бізде ұлан-ғайыр аумақ бар және экспортқа шығаратын тауарларымыз да ұқсас", – дейді ұлттық банк филиалының басшысы Ғалия Сатыбалдина.

Екіншіден, "Қазақстан-2050" стратегиясында елбасы еліміздің әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіру міндетін белгіледі. Ал үлкен инфляциялы экономика ешқашан дамыған болып саналмайды.

Үшіншіден, инфляция неғұрлым аз болса, халықтың және бизнесменнің банктен алатын несиесінің пайыз мөлшерлемесі де соғұрлым төмен болады. Мысалы Еуропа елдерінде азаматтар 3-4% ипотекаға алынған баспанада өмір сүреді. Ал инфляциясы 8,5% Қазақстанда қаржы құрылымдары одан арзан несие бере алмайды. Айталық, тіпті мемлекет субсидиялағанның өзінде "Нұрлы жер" жаңа тұрғын үй бағдарламасы аясында құрылыс компанияларына берілетін несие мен баспанасыздарға берілетін ипотека 10%-ға дейін ғана әзер арзандап отыр.

Осы аптаның басында БАҚ өкілдерімен кездескен ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев 2017 жылдың қаңтар-ақпан айларында жылдық инфляцияның 6-8% нысаналы бағдарына қол жетеді деп күтіліп отырғанын мәлімдеді.

"2016 жылдың қорытындысында инфляция 8,5%-ға жетті. Нысаналы бағдардан сәл асып түсуі 2016 жылдың төртінші тоқсанында жекелеген тауар бағасының күрт қымбаттауымен байланысты болды. Бірақ бұл қысқа мерзімді сипатқа ие. Ұлттық банк бағалауынша 2017 жылдың бірінші тоқсанында бағаға қатысты бұл есеңгіретулердің (шок) инфляциялық үдерістерге ықпалы төмендейді", - деді бас банкир.

Сонымен бірге ол ел экономикасының біртіндеп қайта қалпына келу үрдісі байқалып отырғанын айтты. Дәлірек айтсақ, экономикамыздың тірегі саналатын алты базалық саланың даму барысын сипаттайтын "қысқа мерзімді экономикалық индикатор" 2016 жылдың қараша айында жылдық шамада 2,7%-ға артқан. Яғни бұл "құлдырау аймағынан кеткенін растайды" екен.

"Әйтсе де, нарықта басы артық теңге өтімділігі сақталып отыр. Дағдарыс құбылыстарының тууының алдын алу, сондай-ақ инфляциялық қысымның күшеюіне жол бермеу үшін қаржылық реттеуші оны нарықтан алып қояды. Мұны біз қысқа мерзімді ноталар шығарумен жүргіземіз", – дейді Данияр Ақышев.

Түсіндіре кетсек, шетел валютасындағы банк депозиттерінің сыйақысы 2%-ға дейін түсірілгелі, халық доллар мен еуродан бас тартып, теңгеге айырбастап жатыр. Тиісінше банктердегі салымдарда теңгенің үлесі артты. Бұл банктерді бизнес адамдарына несиені теңгемен беруге ынталандырады. Ұлттық банк осыны "басы артық" деп санап отыр. Бас банкирдің айтуынша, өткен жылдың 9 желтоқсанында ұлттық банк жылдық ноталарды орналастыру бойынша осымен үшінші ірі аукционды өткізуге мәжбүр болыпты. Сонда банктердің сұрағаны ұлттық банк ұсынған құнды қағаздардан үш есе асып түскен екен!

"7 және 28 күндік күндізгі ноталарымыздың сыртында біз шығаратын әлдеқайда ұзақ мерзімді, жылдық ноталар да банктер арасында үлкен сұранысқа ие", – дейді Данияр Ақышев.

Айта кетейік, осылардың нәтижесінде былтырғы желтоқсан айында ұлттық банк нарықтан алып қойған ұлттық валюта 1 трлн 964 млрд теңгеге жетіп отыр. Айналымдағы қысқа мерзімді ноталар құны 2 518,7 млрд теңгеге жетіпті.

Бұл – ұлттық банктің "тойы". Ал үкімет не істеп отыр?

9 қаңтар күні үкіметтегі кеңесте премьер-министр Бақытжан Сағынтаев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне бағаның өсуіне жол бермеу мәселелері жөнінде жаңа ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің есебін тыңдады. Бұл жиын журналистердің қатысуынсыз өтті. Онда мекемеаралық жұмыс тобының күнделікті тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне бағаның өсуіне жол бермеуге қатысты іс-шаралары, сондай-ақ өңірлік тұрақтандыру қорларының жұмысы және сауда орындарын отандық азық-түлікпен жеткілікті түрде қамтамасыз ету мәселесі талқыланған. Және үкімет жетекшісі Бақытжан Сағынтаев уәкілетті мемлекеттік органдарға бағаның негізсіз өсуін болдырмау үшін қажетті шараларды қабылдауды және монополияға қарсы заңдылықтың орындалуына бақылауды күшейтуді тапсырған. Яғни шығындаған инфляция үшін тағы сөз естімеудің алдын алу бағытында әлдебір тірлік Үкіметте де жасалып жатқанға ұқсайды.

Ұлттық экономика министрлігі де өткен жылдың қорытындысында инфляция 8,5%-ға жеткенін растайды. Оның айтуынша, былтыр азық-түлік тауарларының бағасы 9,7%-ға, азық-түлік емес тауарлар – 9,5%-ға, ақылы қызметтер – 6,1%-ға қымбаттаған.

"2016 жылдың басынан бері шай бағасы 38,9%, жарма – 31,3%, жұмыртқа – 20,3%, нан – 17,2%, қант – 17%, кондитерлік өнімдер – 16,6%, қайта өңделген және консервіленген көкөністер – 15,8%, картоп – 15,6%, құс еті – 13,8%, салқындатылған сусындар – 13,2%, күнбағыс майы – 11,8%, макарон өнімдері – 11,3%, жеміс және көкөніс шырындары – 10,7%, тоқаш және ұннан дайындалатын өнімдер – 10,6%-ға қымбаттапты.

Фармацевтикалық өнімдер – 17,7%, кеңсе тауарлары мен сызу құралдары – 14,2%, жеке қолданатын тауарлар – 13%, жуғыш және тазалағыш құралдар – 12,3%, тоқыма бұйымдары – 11,2%, тұрмыстық аспаптар – 11,1%, шыны және қыштан жасалған өнімдер – 10,2%, автокөлік бағасы – 9,2%, киім және аяқ киім – 9%, дизель отыны – 38,2%, баллондағы сұйытылған газ – 16,1%-ға қымбаттаған көрінеді.

Денсаулық сақтау қызметтері 10,1%, жолаушылар көлігінде – 7,2%, мейрамханалар мен қонақ үйлердің, сақтандыру, құқықтық қызметтеріне – 7%, демалыс, ойын-сауық және мәдениет саласында – 6,8%, білім беруде – 6,6%, шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындарында – 5,2% өсті.

Тұрғын үй-коммуналды қызметтер саласында тарифтер: кәріз – 25,2%, суық су – 12,2%, қоқыс шығару – 11%, орталықтан жылыту – 8%, ыстық су – 7,8%, тарату желілері арқылы тасымалданатын газ – 7,5%, электр энергиясы – 6,1%-ға өсті", – деп хабарлайды ұлттық экономика министрлігі.

Бір қызығы, үкімет пен ұлттық банк қана емес, сондай-ақ сарапшылар да Қазақстандағы бағаның әрі қарай қымбаттайтын жөні жоқ деген пікірде.

Рас, Халықаралық валюта қорының World Economic Outlook есебіне жүгінсек, бұл ұйым 2017 жылы Қазақстан экономикасының өсімі 1%-дан жоғары, ал инфляция 9,3% шамасында болады деп болжап еді.

"Мен инфляция 2017 жылы 8%-дан асып кетеді дегенге онша сенбеймін. Бұл жерде басты бөгеуші факторлар – халықтың нақты табыстарының азаюы, мұнай бағасының төмен деңгейде сақталуы және ұлттық банк жүргізіп отырған қатаң монетарлы саясат болмақ. Менің ойымша, ЖІӨ биыл шамамен 2% болады. Бұған "Қашағандағы" мұнай өндірісінің артуы және мұнай бағасының 2016 жылмен салыстырғанда сәл өсуі үлес қосады", – дейді еліміздегі ірі инвестициялық компанияның басқарма мүшесі Мұрат Темірханов.

Экономист Айдархан Құсайыновтың ойы осыған сәл ұқсас. "2017 жылы елімізде экономикалық құлдырау жалғасады. "Қашағанның" іске қосылуы экономикадағы жағдайға түбегейлі ықпал ете алмайды. Ол халыққа қосымша байлық әкелмейді. Өйткені азаматтардың әл-ауқатын арттырып отырған негізгі салалар – сауда, жылжымайтын мүлікке қатысты операциялар, құрылыс және өзін-өзі жұмыспен қамтушылар тартылған секторлар. Олардың барлығы биыл құлдырауы ықтимал. "Қашағанның" жалғыз қуанышы сол – ол биылғы жылы жалпы ішкі өсімнің құлдырауынан құтқарады. Бірақ елдің жалпы байлығын осы жоба арттырады деп күту артық", – дейді сарапшы.

Оның болжамынша, инфляция 2017 жылы 6-8% дәлізінде сақталады. "Себебі девальвация нарық пен халыққа жасаймын дегенінің барлығын жасады. Ал халықтың нақты табысы құлдырады. Адамның сатып алу қабілеті төмендеді. Баға ең жоғарғы шегіне жетті. Халық үшін онсыз да бәрі қымбат. Ал экономика құлдырағанда, инфляция да төмендейді", – дейді Айдархан Құсайынов.

Сарапшылар арасында "халық ақшасымен дауыс береді" деген сөз бар. Егер өндіруші мен саудагер өнім құнын қымбаттата берсе, тұтынушы оны тұтынуды азайтады. Бұл банкирге де қатысты: несиелік өнімдер арзандамаса, бизнесмендер олардан бас тарта бастамақ. Мұның бәрі айналып келіп, экономикаға соққы болады. Демек, биліктің тұтынушы мен іскер жанның тілеуін тілегені жөн. Экономиканы өрге сүйрейтін де солар.

Әлем елдерінің 2016 жылғы инфляция деңгейі жөніндегі рейтингі

Ел

Инфляция, %

Ай

1

Грекия

-0,98

Қараша

2

Франция

0,31

Қараша

3

Жапония

0,39

Қараша

4

Германия

0,93

Қараша

5

Испания

0,97

Қараша

6

Англия

1,10

Қараша

7

Евроаймақ

1,12

Желтоқсан

8

Канада

1,66

Қараша

9

АҚШ

2,04

Қараша

10

Мексика

2,89

Қараша

11

Үндістан

2,97

Қараша

12

Бразилия

5,97

Қараша

13

Қазақстан

8,5

Желтоқсан

14

Түркия

8,53

Желтоқсан

15

Беларусь

10,05

Қараша

16

Украина

11,36

Қараша

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу