Еуразиялық одақтың тағы бір елінде көтеріліс болуы мүмкін

4398

Армения астанасы Ереванда өткен, "Бағынбау акциясы" аталған жаппай тәртіпсіздіктер барысында 169 белсенді ұсталды. 

Еуразиялық одақтың тағы бір елінде көтеріліс болуы мүмкін

Бұл туралы Армения полициясының БАҚ және қоғаммен байланыс басқармасы хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, бейберекетсіздіктер облыстарда да жүруде, оларда да тұтқындалған азаматтар бар: Гегаркуникте 8 адам, Араратта 6 адам қамауға алынған.

Оппозицияның дем беруімен армяндардың бір бөлігі ел басшылығының Қарабақты Әзербайжанға беру бағдарына қарсы шығып жатыр. Олар республиканың Премьер-министрі Никол Пашинянды "ұлттық мүддені сатып кетті" деп айыптап, тағынан тайдыруға ниетті. Бұл ретте оппозиция Пашинянның өзі 2021 жылы осындай жаппай толқулар нәтижесінде билікке келгенін еске салады.

Дегенмен Пашинян күн өткен сайын Батыстың және ең бастысы, ресейлік пропаганда ұзақ жылдар бойы Арменияның қас жауы деп құлаққа құйып келген Түркияның қолдауына ие бола бастады. Өйткені ол 1988 жылдан бері елдің тынышын кетіріп, Арменияны жаһандық блокадаға ұшыратқан Қарабақ мәселесін бітіммен шешуге бел буды. Бұл мемлекеттің тәніндегі "жараның" жазылуына сыртқы күштер мүмкіндік бермей, ушықтырып келді. Енді тіпті армян сарапшыларының байламынша, егер Ресей араласпаса, онда бұл шиеленіс түпкілікті шешілуі ғажап емес.

Айтқандай соңғы кезде Арменияның саяси бағыты өзгере бастағандай. Армян ақпарат құралдарында бірінші бетке, басты орынға НАТО жаңалықтары шықты. Бұрын басқаларға бой бермейтін "проресейлік" тақырыптар екінші және одан кейінгі орындарға сырғыды. Мемлекеттік БАҚ пен жергілікті саясаттанушылардың өзі енді құрдымға батып бара жатқан Мәскеумен бұрынғыдай "тығыз", "стратегиялық", "бауырластық", "одақтастық" ынтымақтастықты дамыту туралы емес, онымен тек "теңгерімді" (сбалансированный) және "өзара сыйластыққа құрылған" қарым-қатынас жасау жайында ғана сөз қозғайды.

Оның орнына апта басынан бері армян ақпарат құралдары Армения мен Түркия арасындағы келіссөздерге басымдық беруде. Екі елдің арнайы өкілдері осымен үшінші рет кездесіп отыр. Армян басылымдарының жазуынша, екі елдің қарым-қатынасын қалыпқа келтіру процесі бойынша арнайы өкілдер – Арменияның Ұлттық жиынының вице-спикері Рубен Рубинян мен түрік елшісі Сердар Кылыч Венадағы кездесуде "Армения мен Түркия арасындағы қарым-қатынасты толық қалпына келтіру мақсатын растады". Тараптар "жемісті, риясыз, ренішсіз, нақты пікір алмасқан, ауқымды прогреске жеткізер ықтимал қадамдарды талқыға салған". Осы орайда Ереван ешқандай алдын ала шарттарсыз келісім процесін жалғастыруға келісімін берді. Әйтпесе, бұған дейін Кремльдің түртпектеуімен түрлі орындалмас шарттар қойып, қасарысатын.

Оқиғалардың қалай қарай өрбіп бара жатқанын түсінген армян оппозициясы Қарабақты Әзербайжанға қайтармаудың түрлі амалдарын қарастырып әлек. Бірақ бар іңкәрі Украинаны жаулап алу болған Ресей одақтасындағы ресейшіл күштерге көмектесе алатын халде емес. Сондықтан Арменияның көреген саясаткерлері Әзербайжанның территориялық тұтастығын мойындау қажеттігін ашық айта бастады.

1988 жылы бастау алып, 1991-1994 жылдардағы қанды соғысқа ұласқан шиеленіс Әзербайжанның өз жерінің төрттен бір бөлігінен айырылуына соқтырды. Ол жерлердегі әзербайжандар жерін тастап көшті, босқынға айналды, біразын басқыншылар өлтірген. Төрт мыңнан астам әзербайжан із-түзсіз кетті, мүрдесі табылмаған. Мәскеудің "араағайын" болуымен 1994 жылғы 5 мамырда бір тараптан Армения мен әлем мойындамаған Таулы Карабах республикасы және екінші тараптан Әзербайжан бітім және атысты тоқтату туралы хаттама қол қойды.

Таулы Қарабақтың құрылуын мойындамаған әзербайжандар ол жерлерді кері қайтарып алу арманынан бас тартқан емес. Ондай мүмкіндік Ресейдің Украинадағы соғысы барысында туды. Қарабақ пен Әзербайжан арасында тұрған ресейлік бітімгершілердің кейбір бөлімшелері Украина майданына әкетілгенін пайдаланып, биылғы 24 наурызда армян тарапы олардан босаған позицияларды иеленбек болады. Әзербайжан әскерилері лезде тойтарыс беріп, оларды кері серпілтті және Карабахтың Фарух ауылын өз қолына көшірді, соңынан тағы да ысыра түскен. Ресейлік бітімгершілердің шағын тобы бұл қақтығысқа араласпауға ұйғарып, сырттан бақылаған.

Қазіргі кезде Әзербайжанның оккупацияланған территорияларын бітім жолымен қайтарып алатынына халықаралық сарапшылар да сене бастады. Мысалы, Fitch Ratings халықаралық рейтинг агенттігінің болжамынша, 2022–2023 жылдары Карабахты қалпына келтіруге жұмсалатын Әзербайжанның мемлекеттік шығыстары орта есеппен ЖІӨ-нің 2,1%-ын құрайды. Осының алдында Баку бұл аумақты дамытуға 1,3 миллиард доллар бөлінетінін жариялады. 

ӘР Аумақтық жоспарлау және құрылыс орталығы Қарабақтың 9 кенті мен ауылында құрылыс жүргізуге тендер өткізген. Күні кеше Әзербайжан Қарабақтағы тағы 13 ауылды қайтадан тұрғызатынын жариялады. Бұл қатарға Горчу, Хыдырлы, Кенгерли, Сарыджаллы, Шюкюрбейли, Зиланлы, Ханлыг, Махрузлу, Гюлабирд, Мамедбейли, Джахангирбейли, Хоровлу және Дашалты елді мекендері жатады. Мемлекеттік сатып алу бірыңғай порталы арқылы құрылыстарды жүзеге асыруға қатысатын жобалау институты, құрылыс компаниялары таңдап алынған.

Баку өз қолына көшкен Карабах аумақтарын "жұмсақ күшпен" елге кіріктіруге белсене кірісті. Мысалы, Суговушанда 6 мамырда Ұлт көшбасшысы Гейдар Алиевтің 99 жылдығына арналған халықаралық спорт сайысы – "Президент кубогі-2022" екі күндік регатасы ашылмақ.

Таулы Қарабақтың қолдан сусып бара жатқанына армян саясаткерлеріне көнуге тура келетін сияқты. Бұдан біраз бұрын Арменияның тұңғыш президенті, "Армян ұлттық конгресі" партиясының көшбасшысы Левон Тер-Петросян армян телеарнасына берген сұхбатында бұл жерлерді қайтару қажет болатынын меңзеген еді.

"Біз БҰҰ-ға, ЕҚЫҰ-ға мүше болып кіргенде өзге мүшелердің жерінің тұтастығын сақтау, шекараны өзгерту үшін қару қолданбау принциптерін құрметтеу жөнінде міндеттеме қабылдадық. Әлем бұл қағидатқа қайшы келетін біздің ешбір себеп-сылтауларымызды қабылдамайды. Біз ол аумақты, бақылауымызда болған Карабахты "ата-бабамыздан келе жатқан тарихи жер", "қасиетті жер" деп санаймыз. Бірақ халықаралық құқықта ондай ұғымдар жоқ және болмайды да! Бұл иллюзиядан арылуға тиіспіз. Менің билік еткен кезімде ол жерлер азат етілді. Біз азат еттік деп санадық. Алайда халықаралық қоғамдастық үшін бұл "оккупацияланған аумақ". Халықаралық құқыққа сәйкес, өкінішке қарай мен басқыншымын", – деді Левон Тер-Петросян.

Ендеше армян жұртшылығының бір бөлігі Ереванда және басқа облыстарда қанша бұлқынғанымен, әділдік алдында тізе бүкпеске лажы қалмайды, Әзербайжанға қарсылық көрсетуге қауқары да жетпейді. Себебі, сарапшылардың айтуынша, ұзақ жыл Мәскеуге иек артып келген Арменияның Қарулы күштері кеңестік, ресейлік қарулармен жарақтанған. Ал Әзербайжан бұл істе көш озық кетті. Мысалы, былтырғы және биылғы қақтығыстар кезінде олар түріктің әуеден аяусыз соққы берген "Байрақтары" сыртында, израильдік "дрон-камикадзелерді" қолданған.    

Нәтижесінде, мәселен, 2021 жылғы 8 қарашада, Шуша жанындағы тек бір шайқаста, бір күн ішінде 400 армян жауынгерінің көзі жойылған.

Әзербайжан бүгінде босатылған, кері қайтарылған Карабах ауылдарын "әзербайжанша заманауи дамудың витринасына" айналдырмақ. Яғни, әзірге Арменияның қоластында қалған селолар Әзербайжанға бағынатын ауылдардың гүлденгенін көріп, өздері-ақ ұмтылатын болады. Осы мақсатта Әзербайжан тарапы азат етілген ауылдарда барлық бағытта тез әрі кең ауқымды минасыздандыру шараларын жүргізуде. Инфрақұрылым құрылыстары бастау алды. Жаңа су қоймаларының жобасы іске асырылып, ол ауылдар елдің ортақ су жүйесіне қосылады. Босатылған ауылдарда жалпы саны 9 су қоймасы тұрғызылып жатыр.

Өңірдің экономикалық дамуын жылдамдату үшін көптеген тоннелі бар "Ахмедбейли–Физули–Шуша" жолы үдемелі түрде салынуда. Бұл таулы жоталар арқылы қайтарылған өңірлерге тікелей автокөлік қатынасын ашады. Жаңа магистральдің бір ерекшелігі – ол сонау Брюссельге дейін жететін Зангезур халықаралық дәлізіне қосылмақ. Сондай-ақ отарлауда болған елді мекендердің тарихи бейнесін қалпына келтіру, қиратылған мешіттерді қайта тұрғызу жұмыстарының көрігі қызған.

Әзербайжан Президенті Ильхам Алиевтің мәлімдеуінше, екі елдің сыртқы істер министрліктері жұмыс тобын қалыптастыруда. Ол осы келіссөздер нәтижесінде таяу уақытта екі ел арасындағы бейбіт келісімге қол қойылатынына сенім білдірді. Баку келісімнің мәтінін мейлінше тез әзірлеуге ынтығып отыр. Құжат бес принципке құрылады, оның бастысы – Әзербайжанның аумақтық тұтастығы болуға тиіс.

"Егер Ереван бұдан бас тартса, онда біз де Арменияның жерінің тұтастығын мойындамаймыз. Таяудағы соғыстың қалай аяқталғанын ескерсек, Армения алдымен мықтап ойлануы керек", – деген Ильхам Алиев армян тарапын көрегендік танытуға шақырды. 

Егер тарихи келісім бекітілсе, қос мемлекет дипломатиялық қатынастар орнатады. Бұл Арменияның отыз жылға созылған халықаралық блокададан шығуына және жаңа даму жолына түсуіне жол ашады. Шетелдік сарапшылар Батысқа бет бұрған Арменияның болашақта Еуразиялық одақтан шығуы да ықтимал екенін жоққа шығармайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу