Еуро енді долларға тең емес. Бұның әсері қандай болуы мүмкін?

2155

Америка инфляцияны тежеу үшін несиені қымбаттатты. Бұл жағдай онсызда Ресей-Украина әскери жанжалынан әлсіреп жатқан еуропалық валюта үшін жығылғанға жұдырық болып отыр. 

Еуро енді долларға тең емес. Бұның әсері қандай болуы мүмкін?

Еуро доллармен теңдіктен (паритеттен) төмендеп, соңғы 20 жылдағы ең төмен деңгейге дейін құлдырап, АҚШ валютасына бірге-бір айырбасталатын бағамын жоғалтты. 

Еуро және доллар паритеті нені білдіреді?

Бұндай паритет еуропалық және американдық валюталардың құны бірдей екенін білдіреді. Бірақ еуроның нарқы осы аптада $1 доллардан сәл төмендеді.

Валюта бағамы экономикалық перспективаларға жарияланған үкім болуы мүмкін, ал Еуропаның болашағы дәл қазір жарқын болмай тұр. "Қарт құрлықта" COVID-19 пандемиясынан ес жия бастаған экономика енді көтеріледі деген үмітті қылаң берген рецессия өшіруге жақын.

Бұл жерде басты кінә – энергияның қымбаттауы мен рекордтық инфляцияда. Өнеркәсіпті дамытып, электр қуатын өндіру үшін Еуропа АҚШ-қа қарағанда Ресейдің мұнайы мен табиғи газына көбірек тәуелді. Украинадағы қарулы жанжалға байланысты ресейлік шикізат әлемдік нарыққа шықпайды деген қауіп биржаларда "қара алтын" бағасын шарықтатып жіберді және де Ресей Еуропа одағына табиғи газ жеткізуді қысқартып отыр. Брюссельге жүгінсек, РФ мұндай қадамға өзіне санкция жариялап, Украинаны қайта-қайта қаруландырып жатқан Батыстан кек алу үшін барған.

Энергия бағасы еуроаймақтағы инфляцияны шілдеде рекордтық 8,9%-ға жеткізіп, азық-түліктен бастап коммуналдық төлемдерге дейін қымбаттады. Сонымен қатар егер Ресей газ беруді әрі қысқартып немесе оны мүлде тоқтататын болса, Еуропада болат, шыны жасау және ауыл шаруашылығы сияқты салаларға көгілдір отынды үнемдеп тарату қажеттігі туындайды деген қауіп бар.

Ресей Германияға "Солтүстік ағын 1" құбыры арқылы газ айдауды 20%-ға дейін кемітті және де Мәскеу техникалық мәселелерге байланысты осы құбырды келесі аптада үш күнге жауып тастайтынын ескертіп, Батысты айтарлықтай алаңдатып тастады.

Еуропаның TTF сұрыпты табиғи газының бағасы рекордтық деңгейге көтерілді. Өйткені сұраныс жоғары және де газ аз жеткізіліп, тіпті тоқтап қалады деген қорқыныш бар.

"Егер сіз доллармен паритеттегі еуро әлсіреді деп ойласаңыз, тағы да ойланып көріңіз. Неміс өндірісі арзан ресейлік энергиядан айырылды. Демек Германияның бәсекеге қабілеттілігі төмендейді. Мұндай жағдайда валюта қайдан мықты болсын. Бұған қоса, жаһандық рецессия келе жатыр", – дейді Халықаралық қаржы институтының банктік сауда тобының бас экономисі Робин Брукс дүйсенбіде жариялаған твитінде.

Еуро доллармен паритеттен соңғы рет қашан айрылды?

Еуро соңғы рет 2002 жылы шілденің 15-де 1 доллардан төмен бағаланды.

Еуропалық валюта 1999 жылдың 1 қаңтарында іске қосылғаннан кейін көп ұзамай өз тарихындағы ең жоғарғы шегіне жетіп, 1,18 долларға саудаланды. Бірақ содан кейін ол үшін ұзақ құлдырау кезеңі басталды. Мәселен, 2000 жылдың ақпанында еуро бағамы 1 доллардан төмендесе, қазан айында 82,30 центке дейін әлсіреді. Дегенмен 2002 жылы ЕО-ның ортақ ақшасы паритеттен жоғарылады. Өйткені Уолл-стриттегі үлкен сауда тапшылығы мен бухгалтерлік жанжал долларға салмақ түсірген.

Қазіргідей сол кезде де еуроның тарихы көп жағдайда доллармен байланысты болды. Себебі АҚШ доллары – әрдайым сауда-саттық пен орталық банк резервтері үшін әлемдегі басым валюта және де доллар бүгінде еуроға ғана емес, өзге валюталарға қатысты да соңғы 20 жылдағы ең жоғары деңгейге көтеріліп отыр.

Доллар белгісіздік кезінде инвесторлар үшін капитал сақтайтын қауіпсіз баспана ретіндегі мәртебесінен де пайда көріп келеді.

Еуро неге құлады?

Көптеген сарапшылар еуро бағамының құлдырауын АҚШ Федералдық резерв жүйесінің (ФРЖ) соңғы 40 жылда ең жоғарғы деңгейге жеткен инфляцияны тежеу үшін пайыздық мөлшерлемені жылдам өсіруімен байланыстырады.

ФРЖ пайыздық мөлшерлемелерді көтерген сайын, пайыздық инвестициялардың үстемесі де өседі. Егер ФРЖ Еуропа орталық банкіне (ЕОБ) қарағанда мөлшерлемелерді жоғары ұстаса, инвесторлар еуродан бас тартып, доллар сатып алуға көшеді. Сондықтан еуро әлсіреп, Америка ақшасы күшейеді.

Өткен айда EОБ пайыздық мөлшерлемелерді 11 жылда алғаш рет жарты пайыздық пунктке көтерді. Қыркүйекте Еуропада проценттік үстеме тағы да өседі деген болжам бар. Бірақ бұл аймақ экономикасы рецессияға ұшыраса, ЕОБ ставкаларының жоғарылауы тоқтауы мүмкін.

Сонымен қатар қазір АҚШ экономикасы әлдеқайда сенімді көрінеді. Демек ФРЖ пайыздық үстемені әрі қарай көтеріп, ЕОБ мөлшерлемелерімен арадағы алшақтық кеңеюі ықтимал.

Кім ұтады?

Америкалық туристер Еуропада арзанырақ қонақ үй мен мейрамхана шоттарын және кіру билеттерін таба алады. Дегенмен әлсіз еуро еуропалық экспорттық тауарларды АҚШ-тағы баға бойынша бәсекеге қабілетті етеді. Айта кетсек, АҚШ пен ЕО – бір-бірі үшін негізгі сауда серіктестері.

АҚШ-та доллардың күшеюі импорттық тауарлар бағасының төмендеуін білдіреді, яғни, автомобильдер мен компьютерлер, ойыншықтар мен медициналық жабдықтар және тағы басқа дүниелер арзанға әкелініп, Құрама Штаттарда инфляцияны төмендетуге көмектесуі мүмкін.

Кім ұтылады?

Вашингтонды алаңдататын басты мәселе сол – доллардың күшеюі Америкада шығарылған тауарларды шетел нарықтарында қымбаттатып, сауда тапшылығын кеңейтіп, өндіріс көлемін азайтып, АҚШ-та импорттық өнімдерге баға бойынша артықшылық береді.

Біршама әлсіреген еуро Еуропа орталық банкі үшін бас қайғыға айналуы мүмкін. Себебі бұндай жағдай импорттық тауарлардың, әсіресе, доллармен бағаланатын мұнайдың қымбаттауын білдіруі ықтимал. EОБ қазірдің өзінде инфляцияның емі саналатын пайыздық мөлшерлемелерді көтеру саясатын ұстанып отыр. Алайда сол жоғары пайыздық ставкалар экономикалық өсімді тежеуі ғажап емес.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу