АҚШ пен Иран арасындағы шиеленістің күшеюі Еуропа экономикасына айтарлықтай соққы болып тиді. Еуроодақ елдері үшін мұнай мен газ импорттаудың құны күрт өсті.
Екі айдың ішінде шығындар 27 млрд еуродан асып кеткен, ал сатып алу көлемі өзгеріссіз қалған. Бұл туралы Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Страсбургте сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BILD-ке сілтеме жасап.
"Қақтығыстың небәрі 60 күні ішінде қазба отынды импорттауға жұмсайтын шығын 27 млрд еуродан асты, бірақ соған қарамастан қосымша бірде-бір энергия көлемін алған жоқпыз", – деді Урсула фон дер Ляйен.
Оның айтуынша, қазіргі жағдай қазба отынға тәуелділікті азайту қажет екенін тағы да дәлелдеп отыр. Еуропалық комиссия төрағасы Батысқа қолжетімді әрі экологиялық таза энергия көздерін дамыту маңызды екенін жеткізді.
Швецияның тәжірибесі мысал ретінде айтылды. Бұл елде электр энергиясының басым бөлігі жаңартылатын көздер мен атом энергетикасы арқылы өндіріледі, сондықтан баға өсімі онша қатты байқалмаған.
Еуропалық Одақ көлік, өнеркәсіп және жылыту жүйелерінде электр энергиясына көшуді жеделдетуді жоспарлап отыр. Еуропалық комиссия ұсынған шаралардың қатарында аз қамтылған отбасыларға энергетикалық ваучерлер беру, энергия үнемдейтін шешімдерді субсидиялау және энергия тұтынуды азайтуға бағытталған ақпараттық науқандар жүргізу бар.