Еуропалық комиссия Израиль тауарларына кедендік баж салығын енгізуді құптайтынын тағы бір мәрте білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі ведомствоның басшысы Кая Каллас Еуроодақ пен Израиль арасындағы Ассоциация туралы келісім шеңберіндегі сауда шарттарын уақытша тоқтату стратегиясын қолдайтынын жасырмады.
Еске салайық, 2024 жылы ЕО мен Израиль арасындағы сауда айналымы 42,6 миллиард еуро болды. Мұндай статистикалық мәліметті ЕО-ның жоғары өкілі растаған.
– Бұл – қомақты сома. Сауда қатынастарының 37 пайызы жеңілдіктермен жүзеге асатындықтан, мұндай қадам Израиль үшін елеулі экономикалық салдарға әкеліп соғады, – деді ол.
Израиль мен ЕО арасындағы сауданы шектеуге бағытталған бұл жоспарды бір жеті бұрын Еурокомиссия президенті Урсула фон дер Ляйен жариялаған еді. Десе де, ұсыныстың қабылдануы үшін ЕО елдерінің дені (әсіресе Германия немесе Италия секілді ірі мемлекеттің бірі) мұны қолдауы қажет. Бірақ, бүгінге дейін бұл елдер Израильге қысым жасауға бағытталған барлық ұсынысты бұғаттап келді.
Каллас бұл елдер ұсынылған жоспармен келіспесе, онда олардың балама шешім ұсынуы керек екенін атап өтті.
– Менің барлық әріптесіме қоятын сұрағым бар. Егер сіздер бұл жағдайдың өте күрделі, апатты әрі қабылдауға келмейтінін мойындасаңыздар, біз не істейміз? Бұл ұсыныстар сіздерге ұнамаса, қолдай алатын қандай шаралар бар? Балама шешім ұсыныңыздар, – деп ашуланды Еуроодақтың бас дипломаты.