Еуроодақ Орталық Азия аймағына 1 млрд еуро құяды

4528

Орталық Азияда Мәскеу мен Бейжіңнің ғана емес, Еуропа одағының да белсенділігі күшейіп келеді.

Еуроодақ Орталық Азия аймағына 1 млрд еуро құяды

Орталық Азияда ықпал етуге бәсекелесіп жатқан негізгі елдер – Ресей, Қытай, Америка, Түркия, Еуропа одағы. Бірақ соңғысының біздің  аймақта бар-жоғы аса білінбейді. Брюссель осы олқылықтың орнын толтыру үшін  Бішкекте өзінің Орталық Азияға қатысты жаңа стратегиясын ұсынды.

Министрлер деңгейіндегі 15- кездесуге  "қарт құрлықтағы" интеграциялық блоктың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары комиссары әрі Еуропа комиссиясының вице-президенті Федерика Могерини мен бес "станның" - Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан дипломатияларының жетекшілері қатысты. Еуропа одағы жаңа стратегиясын жүзеге асыру үшін өзі қаржыландыратын бірқатар аймақтық бағдарламаларымен таныстырды. Олар қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруімен күрес, тұрақты тұтыну, өндіріс, энергетика, гендерлік теңдік, терроризммен күрес және білім мәселелерін қамтиды.

The EU News порталы хабарлағандай, ЕО 2014-2020 жылдар аралығында Орталық Азия аймағына көмек ретінде 1 млрд еуро көлемінде көмек көрсетуді көздеп отыр. Ал түрлі жәрдем бағдарламаларын іске асыруға қосымша 72 млн еуро жұмсамақ. Брюссель бұл қаражат Қазақстанға, Қырғызстанға, Өзбекстанға, Тәжікстанға, Түркіменстанға пайда әкеледі деген пікірде.

"Орталық Азиядағы позитивті динамика және осы өңірдің Еуропа одағымен тығыз байланыс орнатуға мұқтаждығы серіктестігімізді әрі қарай нығайтуға мүмкіндік бермек. Біздің жаңа стратегиямыз Орталық Азия елдерінде тұрақты даму, экономиканы әртараптандыру, азаматтық қоғамды күшейту, адам құқықтарын қорғау, реформалар процесін қаржылық қолдау тәрізді проблемаларды еңсеру жолында жақын ынтымақтастыққа жол ашады", – дейді Федерика Могерини.

Одақтың халықаралық ынтымақтастық пен даму жөніндегі комиссары Невен Мимицаның мәлімдеуінше, ЕО бөлетін қосымша 72 млн Еуроодақтың Орталық Азиямен серіктестігін жандандырып, аймақ тұрғындарына  пайдасын тигізеді. Оның сөзінше, ЕО осы аймақ мемлекеттерінің үкіметтерімен, азаматтық қоғамымен, жеке секторымен бірлесе жұмыс істеп, гүлденудің ортақ жолын іздестіреді.  

Шілденің 7-де жарияланған жаңа стратегия төмендегідей бағдарламаларды жүзеге асыруды мақсат тұтады:

Тұрақты энергия: Еуропа одағы Тәжікстанда жаңа су электр станциясына 20 млн еуро инвестиция салып, осы жұмысқа Германиядан қосымша көмек тартады. Бұл ГЭС Тәжікстан үшін жаңа мүмкіндік туғызып, артық өндірілген электр қуатын көрші елдерге, соның ішінде Ауғанстанға экспорттауға  жол ашады.

Экономикалық құқықтар мен мүмкіндіктерді кеңейту: Еуропа одағы біздің аймақта әйелдердің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге 2 млн еуро бөледі. Бұл жоба Қазақстанмен, Өзбекстанмен бірлесіп жүзеге асырылады. Ол ауған әйелдеріне Ауғанстан экономикасының дамуына қажетті тәжірибе жинауға жәрдемдесіп, Орталық Азия мен Ауғанстан арасында бейбіт қатынастың нығаюына ықпал етуі керек.

Білім: Еуропа одағы Қырғызстанда білім секторын қолдау бағдарламасын іске қосты. Оған 36 млн еуро жұмсалады. Бұл қаражат республиканың білім саясатын жүзеге асыруға, бақылауға және білімді дамыту стратегиясына бағытталады.

Жан-жақты әрі тұрақты даму: Еуропа одағы құны 14 млн еуроға тең  SWITCH Asia Programme бағдарламасының қызметін кеңейтіп отыр. Оның мақсаты – тұрақты тұтыну мен өндірісті қолдап, жан-жақты тұрақты дамуды қамтамасыз ету, кедейшілікті азайту. Осы арқылы Орталық Азияның гүлденуіне үлес қосу.

Тұрақты даму: Еуропа одағы БҰҰ аясында Өзбекстанның Арал теңізі аймағындағы адам қауіпсіздігі үшін көпжақты серіктестіктің сенімді қор құру бастамасын қолдауға әзір. Бұл бастама Арал теңізі аймағының тұрақты дамуына ықпал етуге тиіс.

Аймақ ішіндегі сауда: Еуропа одағы "Орталық Азияда шекараларды басқару"  атты бағдарламасын жаңартып,  іске қоспақ. Бұған сәйкес, Брюссель шекараларды бірігіп басқару әдісімен Орталық Азия мен Ауғанстанда аймақтық сауданы жеңілдетіп, оның қауіпсіздігін нығайтуға күш салмақ.

Денсаулық сақтау: Еуропа одағы Орталық Азияда есірткімен күреске арналған іс-әрекеттер бағдарламасының жаңа кезеңін бастамақ. Бұл шараның мақсаты – интеграцияланған және объективті фактілерге негізделген дәрі-дәрмек саясаты бойынша жұмыс жүргізу.

Терроризммен күрес: құқық қорғау органдары мен лаңкестікпен күрес жолындағы аймақтық ынтымақтастыққа жаңа техникалық қолдау көрсету.

Жоғарғы өкіл мен Еуропа Комиссиясы Орталық Азиямен серіктестікті қайта жандандыру туралы концепциясын биыл мамырда жариялады. Ортақ мәлімдемені Еуропа одағы елдерінің бас дипломаттары маусымда өткен кеңесінде мақұлдады. Бірқатар бақылаушылардың пікірінше, ЕО-ның жаңа стратегиясының жариялануы еуро-азиялық байланыс жедел дамып жатқан шақпен тұспа-тұс келіп отыр. 

Еуропа одағының Орталық Азия стратегиясы 2003 жылы жетілдіріліп, кейін бірнеше мәрте ретке келтірілген. Бұл құжат Еуропа мен Орталық Азияның әр мемлекеті арасында энергетика, білім-ғылым, терроризммен күрес, шекара қауіпсіздігі, адам құқықтарын қорғау салаларындағы қатынастарды дамытуды көздейді. Сонымен қатар ЕО жалпы құны 230 миллион еуро болатын 110-нан астам жобаны қаржыландырған екен. Бұл стратегия 2017 жылдың соңында қайта пысықталуы тиіс еді. Алайда Еуропа одағын алаңдатқан өзге де мәселелер туындады. Оның үстіне, Брюссельде Орталық Азия үшін қаржы табылмады. Ал Қытай мен Ресейдің Орталық Азиядағы белсенділігі кейінгі жылдары артпаса, кеміген емес.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу