Еуропалық одақ Израильге қарсы санкция енгізуді қарастырып жатыр

325

Бұл туралы ЕО-ның Сыртқы саясат және қауіпсіздік жөніндегі Жоғарғы өкілі Кая Каллас Люксембургте өткен ЕО елдерінің Сыртқы істер министрлерінің кездесуінде мәлімдеді, деп хабарлайды Euronews.

Еуропалық одақ Израильге қарсы санкция енгізуді қарастырып жатыр Фото: elpais.com

Оның айтуынша, Газа секторындағы атысты тоқтату белгілі бір оң өзгерістер әкелгенімен, аймақта нақты және тұрақты ілгерілеу байқалмайынша, санкция ықтималдығы күн тәртібінен түспейді.

"Атысты тоқтату жағдайды өзгертті, бұл бәріне түсінікті. Алайда егер жергілікті жерлерде нақты әрі тұрақты өзгерістерге қол жеткізілмесе, соның ішінде Газаға гуманитарлық көмек көлемі ұлғаймаса, санкция қаупі сақталады", – деді Каллас.

ЕО өкілі сондай-ақ санкцияларды алып тастаудың немесе жұмсартудың шарттарын да атады.

Оның ішінде – журналистер мен гуманитарлық қызметкерлердің Газа секторына еркін кіруі, үкіметтік емес ұйымдардың шектеусіз тіркелуі және көмек жеткізу арналарының ашықтығын қамтамасыз ету бар.

Өткен айда Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Израильмен қарым-қатынасты қайта қарауды ұсынған болатын.

Ол Израиль үкіметінің бірқатар мүшесіне жеке санкция салу және екіжақты серіктестік келісімдерді уақытша тоқтату жөнінде бастама көтерген.

Қазіргі таңда ЕО елдері бұл ұсыныс бойынша ортақ ұстанымға келе алмай отыр. Кейбір мемлекеттер Израильге санкция салуға қарсы болса, басқалары Газа секторындағы гуманитарлық дағдарысқа байланысты қатаң шаралар қабылдау қажет деп санайды.

Сарапшылардың пікірінше, Еуроодақтың санкция мәселесін кейінге қалдыруы – одақ ішіндегі саяси пікір алуандығымен және АҚШ пен БҰҰ бастамаларының нәтижесін күтумен байланысты. Газа аймағындағы жағдай тұрақтанбаса, ЕО бұл мәселені қайта қарауға дайын екенін Каллас тағы да нақтылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу