Еуропа бұрын-соңды болмаған апатқа тап болды

161

Еуропадағы аласапыран: "Кәрі құрлық" ашық аспан астындағы крематорийге айналып бара ма?

Еуропа бұрын-соңды болмаған апатқа тап болды Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

Еуропалық ақпарат құралдары бұл нәубетті "Екінші Дүниежүзілік соғыстан бергі ең ауыр сынақ" деп атауда. Күні кеше ғана табиғи өрттер негізінен Жерорта теңізі жағалауындағы жекелеген аймақтардың проблемасы деп қабылданып келген. Енді бүкіл континент мүлде жаңа тұрпаттағы жойқын табиғи дүлеймен бетпе-бет келді.

"Тілсіз жау" Франция, Испания, Грекия, Ұлыбритания, Италия, Түркия, Португалия және өзге де мемлекеттерді "жаулап", Еуропалық одақты соңғы онжылдықтардағы ең ірі халықаралық құтқару операциясын өрістетуге мәжбүр етті, деп жазды inbusiness.kz.

Еуропалық мониторинг қызметтерінің дерегінше, шілде айының соңына қарай Еуроодақ елдерінде 430 мың гектардан астам орман мен ауыл шаруашылығы жерлері күлге айналып, эвакуацияланғандар саны жарты миллионнан асты.

Түркия жалын "құшағында"

2026 жылдың шілдесі Түркия үшін нағыз климаттық драмаға айналды. 40–45°C-қа дейін шығандаған аномалді аптап, құрғақшылық және жылдамдығы сағатына 80 шақырымға жеткен екпінді жел елдің оңтүстік-батысын апат аймағына айналдырды. Жалын қуаты шырқау шегіне жеткен күндері құтқарушылар жүзге жуық белсенді өрт ошағын тіркеді. Өрт Жерорта және Эгей теңіздерінің жағалауын дүрліктіруде: Анталия, Мугла, Бурса, Эскишехир, Адана, Мерсин, Измир және Балыкесир провинциялары апат аймағында қалды.

Бұл текетірестің ең қайғылы оқиғасы 23 шілдеде Эскишехир провинциясында орын алды. Желдің кенеттен бағытын өзгеруі салдарынан жалын тұзағы орманды сөндіріп жатқан жасақты қоршап алды: он адам қаза тапты. Оның 5-еуі орман қызметінің қызметкері, тағы 5-еуі AKUT ұйымының еріктілері. Бұл апат халықтың қабырғасына батып, бүкіл елде үлкен қоғамдық резонанс тудырды.

Қып-қызыл от әсіресе курорттық аймақтарда қатты ойран салуда. Мугла провинциясында, соның ішінде Фетхие, Гёджек және Сейдикемер аудандарында "тілсіз жау" тұрғын алаптарды жайлап, үйлерді күлге айналдырды. Тек Сейдикемердің өзінен 700-ден астам жергілікті тұрғын және қалалық аурухана пациенттері шұғыл көшірілді.

Қою түтін Анталия – Фетхие автомагистралін жабуға мәжбүр етті. Соған қарамастан, басты туристік инфрақұрылым төтеп берді: курорттардың басым бөлігі мен әуежайлар рейстерді қабылдауды жалғастырды.

Стихияны ауыздықтауға билік бұрын-соңды болмаған күш жұмылдырып жатыр. Өртпен күрес тәулік бойы жүреді: оған мыңдаған құтқарушы және еріктілер, 500-ге жуық арнайы жерүсті техникасы, сондай-ақ өртсөндіруші амфибия-ұшақтарды қосқанда, 100-ге жуық ұшақ пен тікұшақтан тұратын қуатты авиация топтамасы жұмылдырылған.

Франция теңіз арқылы жаппай эвакуациялауға мәжбүр

Жаншошырлық оқиғалар Францияда өрбуде. Сомос аудандары мен Кап-Ферре түбегінде өрт соңғы құрлық жолдарын кесіп тастап, мыңдаған адам Атлант мұхитының жағасында қамалып қалды. Билік теңіз арқылы бұрын-соңды болмаған эвакуация шараларын жүргізді: 40 мыңға жуық тұрғындар мен туристер жағалаудан катерлермен, серуендеу кемелерімен және әскери қайықтармен әкетілді. Жолында кезіккенін жоқ қылған жалыннан қашып, түтінге тұншыққан адамдар құтқарушыларды күтіп, балалары мен үй жануарларын құшақтаған күйі су ішінде тұрған.

Францияның Жиронда департаменті ұлттық апаттың эпицентріне айналды: онда өрт 42 мың гектарға жуық орманды өртеп жіберді: бұл Париж аумағынан төрт есе үлкен аудан! Ресми дерекке сәйкес, 220 мыңнан астам адам өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Бұл Екінші Дүниежүзілік соғыстан бергі ел тарихындағы ең ірі бұқаралық эвакуация, деп жазды Reuters.

Жалынның ғаламат қуат пен сұрапыл қарқын алғаны сонша, көптеген елді мекендер өрт шебі дәл іргеге таяп қалғанда әзер көшіп үлгерген. Жолдар бірнеше шақырымға созылған автокөлік колонналарына лық толды, кептелістер туындады.

Салдарынан, өрт сөндірушілер бар күш-жігерін өртті сөндіруге емес, адамдарды құтқаруға, жол тығынын жоюға және тұрғын алаптарын қорғауға бағыттауға мәжбүр болды. Қатты жел кезінде жалын тіпті өртке қарсы белдеулерді, автокөлік трассаларын және бұрын сенімді қорғаныс саналған табиғи бөгеттерді оп-оңай "аттап", әрі асып кетті.

Испания жаңа сипаттағы өртке тап болды

22 шілдеде Бургоондо ауданында тұтанған өрт содан бері 50 мың гектардан астам орман мен алқапты күл еткен. Жалын қабырғасының периметрі 280 шақырымнан асып түсті: бұл Испания тарихындағы ресми түрде ең ірі әрі ең агрессивті өрт деп танылды.

"Жалын дуалы" дауылды желдің жылдамдығымен алға өршелене ұмтылып, билікті апат аймағынан ондаған мың тұрғындар мен туристерді жедел алып шығуға мәжбүрледі. Апаттың кең ауқым алғаны соншалық, Испания Үкіметіне "Ұлттық қорғау механизмін" алғаш рет іске қосуға, зардап шеккен 211 ауданға шұғыл көмек бөлуге тура келуде.

Өрт Самора, Леон, Саламанка және Кастельон провинцияларын да шарпыды. Мадрид түбінде жалынның жылжуын ел астанасынан небәрі 50 шақырым жерде ғана тоқтату мүмкін болды. Альмериядағы 14 адамның өмірін қиған өрт ең трагедиялық эпизодқа айналып, халықтың қабырғасын қайыстырды.

"Тілсіз жаумен" күресу үшін мемлекет азаматтық қорғаныстың барлық күштерін жұмылдырды. Өртті сөндіруге авиация, армияның соғыс техникасы, өрт сөндіру бөлімшелері, әскери қызметшілер және Азаматтық гвардия жасақтары қатысуда. Эвакуацияланғандар спорт кешендері мен стадиондарға, қонақүйлерге және уақытша орналастыру орталықтарына орналастырылды.

Испаниялық орман шаруашылығы сарапшылары дабыл қағуда: дағдарыс тек аномальды аптап пен құрғақшылықтан ғана емес, сонымен бірге ауылдық жерлердің бос қалуы сияқты терең әлеуметтік фактордан да туындап отыр.

Мыңдаған иесіз қалған ауылдар мен өңделмейтін егіс алқаптарын лезде арамшөп пен қалып бұта басады. Жазда бұл кепкен биомасса кез келген ұшқыннан немесе жасын-найзағай түсуінен лап ете түсетін алып оқ-дәрі қоймасына айналады.

2026 жылғы құрлықтағы өрт коллапсы дәстүрлі сөндіру әдістерінің әлеуеті таусылғанын көрсетті. Дағдарыс Еуроодақтың rescEU механизмі арқылы тікелей араласуын талап етті: одаққа кіретін ондаған мемлекеттер ұшақтары, тікұшақтары мен өртсөндіру есептерін бөліп, олар зардап шеккен елдерге үздіксіз халықаралық операция режимінде жедел тасымалдануда.

Британдық тығырық: АЭС іргесіндегі өрт пен құрғаған Темза

2026 жылғы табиғи апокалипсис Ұлыбритания аралдарына да жетіп, "жаңбырлы әрі тұманды Альбион" климаты туралы стереотиптерді тас-талқан еткендей.

Бұрын бұл ылғалды жерде сирек кездесетін экзотика саналған ауқымды ландшафтық өрттер ұлттық қауіпсіздікке төнген шынайы қатерге айналды. Саффолк графтығында, елдегі жалғыз "Sizewell B" атом электр станциясына қауіпті түрде жақын жерде алқаптар тұтанды.

Өрт аумағы шамамен 140 футбол алаңына тең жерді қамтыды. Жер бедерінің күрделілігі мен жалынның таралу жылдамдығының жоғары болуына байланысты өрт сөндірушілердің жекелеген ошақтарға жедел жетуі мүмкін болмапты. Қауіпсіздік мақсатында британдық жұмыс істеп тұрған жалғыз АЭС жұмысын уақытша тоқтатуға тура келген.

Ұлыбританияның Қоршаған ортаны қорғау агенттігі Англия аумағының жартысынан астамында "құрғақшылық режимін" жариялады. Кейіннен мұндай төтенше шаралар бүкіл Уэльске таратылды.

Глостершир графтығында тарихта алғаш рет асау Темза өзенінің бір бастауы толығымен тартылып қалды: сарапшылар бұдан экологиялық апаттың нышанын байқап отыр.

Еуропалық Copernicus қызметінің мәліметінше, Еуропа орташа әлемдік қарқыннан екі есе жылдам ысуда. Ал, Темза (Ұлыбритания), Рейн (Германия, Нидерланд), Дунай (Венгрия, Румыния, Сербия, Болгария), Луара, Сена (Франция) сияқты басты су артерияларының тартылуы жаңа климаттық шынайылықтың үрейлі нормасына айналуда.

Грекия: курорттан эвакуациялау және құтқарушылардың қазасы

Жерорта теңізінің туристік "жәннаты" санаулы сағаттарда қою түтін көмкерген құмды тұзаққа айналды. Әдетте бейбіт жазғы демалысты ғана елестететін Крит, Парос, Лесбос және Пелопоннестің танымал курорттары төтенше жағдай аймақтары ретінде танылды.

Оларда құлақ тұндырған эвакуация дабылдары толқынның жанға жайлы шуылын лезде тұншықтырып тастады. Дауылды жел жалынға дем берді: құрлықтағы дәстүрлі шегіну жолдары мезетте бұғатталып, құтқару операциясын суға ауыстыруға тура келді.

Критте желдің екпіні сағатына 125 километрге жетіп, жалын шебін тоқтаусыз өрт дауылына айналдырды. Салдарынан, өрт сөндіру авиациясын бас көтерткізбей, жерге шегендеп тастады. Зәресі ұшқан туристердің және жергілікті тұрғындардың мыңдаған легі ымыртта, өрт дәл қонақүй кешендеріне, іргелес ауылдарға тақап келгенде, суға лап қойған.

Оларды жолаушылар катерлері мен әскери кемелер тікелей жағажайлардан алып кетіп жатты. Тек Ретимно ауданында бір түнде сегіз мыңға жуық адам эвакуацияланды.

Табиғи дүлей қорғаныстың бірінші шебінде тұрған жандардың өмірін жалмады. Бірнеше өрт сөндіруші Крит пен Пелопоннестегі ошақтарды сөндіру кезінде қаза тапты.

Еуропадағы хаостың себептері

Мамандар орын алып жатқан оқиғаның себеп-салдарларын бірден бірнеше фактордың бір арнада тоғысуымен түсіндіреді. Басты фактор – "климаттық қамшы эффектісі" саналады.

Бұл не? Еуропада қыста қар қалың жауды. Көктемде рекордтық жауын-шашын түсті. Бұл бүкіл Оңтүстік Еуропада шөптің, бұталардың және орман ішіндегі өсімдіктердің қаулап өсуін қамтамасыз етті.

Содан кейін температурасы 40 градустан жоғары болған, әрі ұзаққа созылған аптап толқындары келді. Ми қайнатар ыстық жайқалған жасыл биомассаны мезетте қуратып тастады. Осылайша, орман мен алқаптар алып отын қоймасына айналды. Жасынның түсуінен, техниканың ұшқынынан немесе өшірілмеген темекі тұқылынан олар лау ете қалды.

Қатты жел, ұзаққа созылған құрғақшылық және ауыл шаруашылығы жерлерінің жүйелі тазаланбай, арамшөп басуы да өрттердің бұрын-соңды болмаған ауқымға жетуіне үлесін қосқан. 

Дәл осы себепті биылғы "тілсіз жаудың" сипаты алдыңғылардан түбегейлі ерекшеленеді. Өрттер адам сенбес жылдамдықпен тарайды, әлдеқайда үлкен аумақтарды қамтиды. Сорақысы сол, "зомби-өрт" деген феномен туындады: Еуроньюс түсіндіруінше, жалын сөндірілгенімен, оның шоқтары жер астына кетіп, ағаштар мен өсімдіктердің тамырларын жағып, тып-тыныш жатады. Бірнеше апта, тіпті ай өткеннен кейін жер бетіне қайта шығып, жаңа өрт ошақтарын туғызады. 

2026 жылғы дүлей өрттер тек ормандарға және жан-жануарларға ғана емес, сонымен бірге ауыл шаруашылығына, көлік инфрақұрылымына, энергетикаға, туризм саласына және миллиондаған адамдардың қауіпсіздігіне соққы берді. Бордоның атақты жүзімдіктері өртенуде, Испания, Түркия мен Грекия курорттары зардап шегуде. Энергетикалық объектілердің жұмысы бұзылып, сымдар мен электр бағаналары балқып, жойылуда.

Экономикалық шығын қазірдің өзінде миллиардтаған еуромен есептеледі. Бұл ретте "өрт маусымы" әлі аяқталған жоқ. Тамыз айы дәстүрлі түрде Еуропаның оңтүстігіндегі ең ыстық ай болып есептеледі.

Ғалымдар мен төтенше қызметтердің басты тұжырымы келесідей: континент жаңа тұрпатты өрттер дәуіріне қадам басты. Олар жылдам таралады, қарқынды болады және оқшауланғаннан кейін де белсенділігін жасырын түрде, жер астында ұзақ сақтайды. Демек, онымен күресудің жаңа тәсілдерін шұғыл тапқан жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу