Еуропа чемпионатының жолдамасы Алматыда сарапқа салынады

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
1443

Футзалдан 2018 жылғы Еуропа чемпионатының жолдамасы 8-11 сәуір аралығында Алматыда сарапқа салынады.

Еуропа чемпионатының жолдамасы Алматыда сарапқа салынады

"Еуро-2018" іріктеуіне екінші кезеңде қосылдық

Футзалдан 2018 жылғы Еуропа чемпионатының алғашқы кезеңдегі електік додасы қаңтар айының аяғында өткен. Бірінші іріктеу сатысына рейтингтері төмендеу құрамалар қатысты. 26 елдің ұлттық құрамасы жеті топқа бөлініп, додаға түсті.

Осы жеті топтың жеңімпазы келесі кезеңге шықты. Бұл жетеуіне рейтингтері жоғары 21 құрама қосылды. Олардың арасында Қазақстан футзалшылары да бар. Өйткені футзалдан біздің құраманың деңгейі – әжептәуір жоғары. Бүкіләлемдік рейтингте – 9-орындамыз.

Естеріңізде болар, 2016 жылы Сербияда өткен Еуропа чемпионатында Бразилия маманы Какау бастаған Қазақстан құрамасы қола жүлдеге қол жеткізген. Ал күзде Колумбияда өткен ХІІІ әлем чемпионатында 1/8-финалына жетіп "сүрінген" (11-орынға ие болған).

Алтыншы топтың додасы Алматыда өтеді

2018 жылғы Еуропа чемпионатының екінші електік сатысында 28 құрама бақ сынайды. Олар жеті топқа тең бөлінген. Қазақстан футзалшылары 6-топқа түсті. Қарсыластары – Чехия, Македония және бірінші електік кезеңнен екшеліп шыққан Дания құрасы.

Осы төрт құрама 8-11 сәуір аралығында Алматыда додаға түседі. Бірінші орынға ие болған құрама команда 2018 жылғы Еуропа чемпионатының финалында бақ сынау құқығына ие болады. Яғни финалға тікелей шығады.

Ал екінші орынды иеленген құрама, сондай-ақ техникалық көрсеткіштері жоғары болса, үшінші орынды иемденген команда қосымша төрт жолдамаға таласатын болады.

Ойындар күнтізбесі, 6-топ. Алматы:

8 сәуір 2017 ж.

Чехия – Дания

Қазақстан – Македония

9 сәуір 2017 ж.

Македония – Чехия

Қазақстан – Дания

11 сәуір 2017 ж.

Дания – Македония

Чехия – Қазақстан

Құрама сапы

Қазір футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері – 48 жастағы Бразилия маманы Жозе Алесио Да Силва (қысқаша – Алесио). Ол бұл қызметке жыл басында бекітілді.

Ал біздің құраманы 2013 жылдың басынан бері жаттықтырып келген Рикардо Камара Собрал (қысқаша – Какау) енді тек "Қайрат" футзал клубындағы жұмысына ден қоюды жөн көріпті. 45 жастағы маман ұлттық құрамадағы қызметінен ресми түрде кеткен.

Алесио Қазақстан құрамасын 2018 жылғы Еуропа чемпионатының екінші електік сатысына ақпан айынан бері дайындап келеді. Екі рет оқу-жатығу жиынын өткізді. Бірнеше жолдастық кездесулер өткізді. Ақыры маңызды сында Қазақстан құрамасының намысын қорғайтын футзалшыларды таңдап алды:

қақпашылар – Игита ("Қайрат"), Григорий Шамро ("Ақтөбе");

ойыншылар – Дінмұхамбет Сүлейменов, Серік Жаманқұлов, Шыңғыс Есенаманов, Дуглас, Михаил Першин (бәрі де – "Қайрат"), Лео ("Спортинг", Португалия), Дәурен Тұрсағұлов, Александр Довгань, Арнольд Кнауб, Біржан Оразов (бәрі де – "Жетісу"), Қайрат Иманәлин, Альберт Ақбалықов (екеуі де – "Ақтөбе").

Бір көңіл аударарлығы, құрама сапына Дәурен Нұрғожин, Павел Таку, Николай Пенгрин, Александр Гребонос сынды былтырғы Еуропа чемпионатының қола жүлдегерлері іліккен жоқ...

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу