Ақпанның 26-нан 27-не қараған түні Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде қарымта матчтар өтті. Нәтижесінде турнирдің 1/8 финалына жолдама алған барлық командалар анықталды.
Өтпелі матчтар кезеңінде жеңіске жеткен клубтар: "Ференцварош", "Панатинаикос", "Сельта", "Штутгарт", "Ноттингем Форест", "Болонья", "Лилль" және "Генк".
Ал жалпы кезең қорытындысы бойынша тікелей 1/8 финалға шыққан командалар: "Порту", "Брага", "Бетис", "Мидтьюлланн", "Фрайбург", "Рома", "Лион" және "Астон Вилла".
Еуропа лигасының 1/8 финалының жеребесі 27 ақпан, жұма күні өтеді. Турнир финалы 20 мамырда Түркияның Стамбул қаласында, "Бешикташ" клубының стадионында ұйымдастырылады.
2024/25 жылғы маусымның жеңімпазы ағылшынның "Тоттенхэм" клубы.
Еуропа лигасы УЕФА ұйымдастыратын Еуропадағы беделді клубтық турнирлердің бірі. Жарысқа өз елдерінің чемпионаттарында жоғары орын алған және Чемпиондар лигасынан шығып қалған командалар қатысады. Турнир жеңімпазы келесі маусымда Чемпиондар лигасына тікелей жолдама алады әрі УЕФА Суперкубогы үшін Чемпиондар лигасының жеңімпазымен кездеседі.
Турнир алғаш рет 1971 жылы УЕФА кубогы атауымен өтсе, 2009 жылдан бастап Еуропа Лигасы деген атауға ие болды.
Биылғы маусымда бәсекелестік өте жоғары. Англия, Италия, Германия, Испания және Франция клубтары қатарынан бірнеше команда 1/8 финалға шығып, турнирдегі бәсекелестікті арттыра түсті.