Еуропа мен Араб елдері Өзбекстанның күтпеген қадамына көз тікті

1018

Өзбекстандықтар еуропалықтар мен арабтарға жарқын болашақты қалай дұрыс құру керектігін түсіндіру үшін аттанды.

Еуропа мен Араб елдері Өзбекстанның күтпеген қадамына көз тікті Фото: Жасанды интеллект негізінде жасалған

Орталық Азияның заманауи геоэкономикалық кеңістігінде Ташкент көші-қон ағындарын тиімділігі жоғары мемлекеттік мегажобаға айналдырудың соны соқпағын салды. Бұрын жұмыс күшінің бейберекет, стихиялы сыртқа ағуы ретінде қабылданған құбылыс бүгінде "жұмсақ күштің" дәл бағдарланған стратегиясына, адами капиталды экспорттаудың пайдалы тетігіне әрі ұлттық экономиканың қуатты қозғаушы-драйверіне айналды.

Әсіресе оңтүстік көршінің шетелде жүрген өз азаматтарының мүддесін жүйелі қорғап, ілгерілетуі еріксіз құрмет тудырады. Оларды "көзге көрінбеуге тиіс, елеусіз-елес келімсектен" халықаралық деңгейде сұранысқа ие мамандарға айналдыруы – уақыттың өзі мойындаған жетістік. Жоғары жалақы, тегін баспана мен медициналық сақтандыру – заманауи көшпендінің жаңа жағдайы.

Caliber.Az агенттігі Өзбекстан Статистика агенттігінің дерегіне сілтеп, 2025 жылдың қорытындысында Сауд Арабиясына 366 251 өзбекстандық келгенін мәлімдеді. Бұл алдыңғы жылдағыдан 163 мыңға немесе 71%-ға көп. Саудия өзбек еңбек мигранттары үшін ең танымал бағыттардың біріне айналды. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, сарапшылар бұл өңірге деген қызығушылықтың күрт артуын визалық рәсімдердің жеңілдеуімен және әуе қатынасының жиілеуімен байланыстырады.

Алайда ең бастысы басқа. Өзбекстан енді екі қолға бір күрек іздеген азаматтарын беті ауған жағына жібермейді, оларды шетелге ұйымдасқан түрде бағыттайды. "Міне – сертификатың, міне – болашақ жұмыс берушің қол қойған келісімшартың, міне – визаң, міне – медсақтандыруың!" деп бәрін қолына ұстатады. Бұдан басқа не керек? Тынбай еңбек ету, барған жердің заңын, талабы мен тәртібін сыйлау керек. Олардың соны сыйлайтынына енді өзбек Үкіметі кепілдік береді.

Осы мақсатта Өзбекстан Министрлер кабинеті жанынан арнайы Көші-қон агенттігі құрылды. Ол шетелдік жұмыс берушілер мен ішкі еңбек нарығы арасындағы дәнекерге айналды. Оның сайтына бір көз жүгіртсеңіз, XXI ғасырдағы мемлекеттік рекрутингтің қандай болуға тиістігін ұғынасыз.

Мәселен, агенттік Сауд Арабиясында жұмыс істеуді жоспарлаған өзбекстандық орта буын медицина қызметкерлерін даярлау үшін медициналық ағылшын тілін жетік меңгерген барлық маманды шақырған. Оларға осы еңбегі үшін бюджеттен жалақы төлейді.

Сонымен бір мезгілде Medical English курстары мен Prometric емтиханына дайындық бойынша тегін бағдарламалар іске қосылды. Оны бітірген түлектерге патшалықтың беделді медмекемелерінде – Saudi German Hospital, Fakeeh Hospital, HMG және басқа клиникаларда жұмысқа орналасу мүмкіндігі ұсынылады. Берген білімі еңбек шартымен, ал, келісімшарт нақты жұмыс орнымен тікелей байланысты.

Ақ халатты болуға бейімі жоқ, жүрегі дауаламайтындар ше? 20-33 жас аралығындағы, ағылшын тілін еркін меңгерген әрі суда жүзе білетін өзбек аруларына Air Arabia авиакомпаниясында бортсерік қызметі ұсынылады. Алғашқы келісімшарт 1 жылға жасалады, KPI көрсеткіштеріне қарай оны 10 жылға дейін ұзарту мүмкіндігі бар. Жоғары жалақы, қосымша үстемеақылар, тегін тұру және тамақтану, формалық киім және медициналық сақтандыру беріледі – мұның бәрі уақытша табысқа емес, ұзақмерзімді мансап жолына нұсқайды.

Ұйымдасқан көші-қон географиясы араб елімен шектелмейді. Германия – тағы бір басым бағыт. Агенттік бүгінде түрлі сала бойынша 500-ден аса вакансия ұсынып, неміс тілін тегін оқыту курстарын ұйымдастыруда. Басты талап – неміс тілін меңгергенін растайтын сертификат. Қазірдің өзінде 1 300-ге жуық адам осы курстарда білім алуда. Есігі ашық, кез келген Өзбекстан азаматы өтініш беріп, оқуын бастай алады.

Германия нарығында өзбектерге медбике, жүк көлігінің жүргізушісі, дәнекерлеуші, электрик және басқа да "Дойчландта" тапшылық бар кәсіптер ұсынылады. Мансаптық өсу мүмкіндігі қарастырылған. Жалақы 2 мың еуродан (шамамен 1,2 млн теңгеден) басталады.

Бұдан бөлек, агенттік немістің ConsultingUz компаниясымен бірге 2026 жылғы тамызда басталатын кәсіби даярлық бағдарламасын (Ausbildung) қолға алды. 19 бен 27 жас аралығындағы, неміс тілінен B1 деңгейіндегі халықаралық сертификаты бар және орта білімге ие ер азаматтар қатыса алады. Қатысушылар шәкіртақы алады: бірінші курста – 750 еуро, екінші курста – 800, үшінші курста – 850 еуро (қолына таза алады).

Бағдарлама аясында Германияда жүк көлігінің жүргізушісі, логистика, автожөндеу, жол құрылысы және басқа салалар мамандары даярланады. Оқу аяқталған соң айына шамамен 2 200 еуро жалақысы бар тұрақты жұмыс ұсынылады.

Италия да – Өзбекстанның медициналық кадрларына мұқтаж елдердің бірі. Агенттік Милан бастаған ірі қалаларға орта буын медицина қызметкерлерін жөнелту арнасын ашты. Италияның жетекші клиникаларымен ынтымақтастық аясында медициналық бағыттағы 6 айлық тегін онлайн итальян тілі курсы қарастырылған.

Оқу мен сұхбаттасудан кейін өзбек маманы беделді клиникаларда жұмыс істеу, кәсіби тәжірибе жинақтау және Италияда қалып, еуропалық медициналық жүйеге толық интеграциялану мүмкіндігін иеленеді. Бағдарлама қазірдің өзінде іске асуда, алғашқы өзбек мамандары Миланда оқып, бейімделу кезеңінен өтіп жатыр.

Ағылшын немесе басқа еуропалық тілдерді білмейтін, тек орысша сөйлейтіндер де жолда қалмайды. GLOBALHR агенттігі Болгарияда электрик, бұрғылаушы, электроншы, дәнекерлеуші және басқа мамандықтар бойынша ұйымдастырылған жұмыс орнын ұсынады. Келісімшарт кемінде 1 жылға бекітіледі. Жұмыс кестесі стандартты. "Қолына таза күйде" 1 000 еуро жалақы алады, біліктілігіне қарай еңбекақысы артады. Тұруын, тамағын, жұмыс визасын, медициналық және әлеуметтік сақтандыруын жұмыс беруші қамтамасыз етеді.

Өзбекстан Көші-қон агенттігі азаматтарды тек жұмысқа орналастырып қана қоймай, барлық кезеңде сүйемелдейді. Құжаттар жинаудан бастап рәсімдерді түсіндіруге, шетелдегі өзекті вакансияларды іздеуге және келісімшарттарды рәсімдеуге дейін. Осы мақсатта "Шетелде жұмыс" атты арнайы кері байланыс арнасы жұмыс істейді.

Сонымен қатар, ведомствоның шетелдегі Құрметті өкілдер институты бар – олар іс жүзінде еңбек мигранттарының уәкілетті өкілдері, омбудсмені. Бүгінде Италия, Словакия, Португалия, Канада және Франция елдерінде осындай вакансиялар ашылуда. Үміткерге талаптар қатаң.

"Осы елдердің тұрғындарына керемет ұсыныс! Кандидаттарға қойылатын біліктілік талаптары: жоғары білім, кемінде 2 жыл басшылық ету тәжірибесі, жұмыс берушілермен келіссөз жүргізу дағдысы, еңбекпен қамту, азаматтармен жұмыс саласында кемінде 2 жылдық тәжірибе, жергілікті заңнама мен рәсімдерді білу", – деп нақтылады ведомство.

Еңбекақы шамамен 3 мың долларды құрайды, қосымша ағымдағы шығындары, соның ішінде шетелдік жергілікті рекрутинг ұйымдарымен, жұмыс берушілермен кездесу шығыстары өтеледі.

Өзбекстан агенттігінің құрметті өкілінің негізгі міндеттеріне мыналар жатады:

өзбекстандықтар үшін жаңа, заңды әрі сенімді жұмыс орындарын іздеп табу, жергілікті құзыретті органдармен және жұмыс берушілермен келіссөздер жүргізу;

Өзбекстан азаматтарына құқықтық көмек көрсету, қиын жағдайға тап болған азаматтардың мүдделерін қорғауға қатысу;

агенттікке жұмыс барысы туралы тұрақты түрде ақпарат пен есептер беріп тұру;

Өзбекстандық еңбек мигранттарының құқықтары бұзылған жағдайда агенттікті жедел хабардар ету және тиісті шаралар қабылдауға жәрдемдесу.

Бұған қоса, Ташкент шетелде бизнес ашқысы келетін отандастарын да қолдайды. Өзбекстанның басқа азаматтары үшін жұмыс орындарын құра алса, жергілікті нарықта сұранысқа ие, әлеуетті болса, ондай жобаларға гранттық қаржыландыру ұсынылады. Әйелдерге, сондай-ақ шетелде еңбек ететін мигранттардың отбасыларына басымдық беріледі.

Қысқасы, жатжұртта нәпақа тауып жүрген өзбекстандықтарды қорғау ғаламат қарқын алды. Бұл ретте шенеуніктерге бір сәтке тыным таптырмайды. 2026 жылғы 30 қаңтарда Өзбекстанның көші-қон агенттігі түріктің "Arya" ұйымымен келісімге қол қойды.

"Енді Ташкент, Наманган және Сырдария облыстарында 25 мамандық бойынша кадрлар түрік стандарттары негізінде бағаланып, сертификат алады. Бұл Түркияда жұмыс істеуге жаңа мүмкіндіктер ашады. Таяуда 1 500 сертификатталған маман Мерсиндегі "Аккую" АЭС-інде жоғары жалақысы бар жұмысқа орналасады", – деп мәлім етті ведомство.

Қаңтар айының соңында Түркияның Еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру министрі Ведат Ишикхан мен Өзбекстан көші-қон агенттігінің директоры Бехзод Мусаевтың кездесуі де сыртқы еңбек миграциясы жүйесі үшін стратегиялық сипатқа ие.

Келіссөз қорытындысында Түркияда заңсыз жүрген өзбекстандықтарды депортациясыз заңдастыру жөнінде келісімге қол жеткізілді. Бұл шара адамдарды жазаламай, құқықтық алаңға қайтаруға бағытталған.

Сондай-ақ, Түркияда кемінде 3 жыл тұрақты тұрған Өзбекстан азаматтарына 1 наурыздан жұмыс істеуге рұқсат беруге шешім қабылданды. Әйтпесе, мыңдаған адам жергілікті қоғамға тонның ішкі бауындай кірігіп үлгергенімен, заңды түрде қызметке тұра алмайтын.

Бұдан бөлек, тараптар сұранысқа ие мамандықтардың орталықтандырылған тізімін қалыптастыратын арнайы келісімді дайындап, қол қоюға келісті. Бұл жұмысты Түркияның Еңбек министрлігі жанындағы İŞKUR ұйымы атқарады. Нәтижесінде, еңбек миграциясы стихиялы құбылыстан толыққанды басқарылатын механизмге айналуда. Онда сұраныс пен ұсыныс алдын ала, мемлекеттік институттар деңгейінде ұштастырылады.

Жалпы, "шетелге кетіп, сонда тұрақтап қалатын, Отанынан оралар-оралмасы беймәлім кәсіп иелерін дайындаудың Өзбекстанға не қажеті бар?" деген сауал туады. Өйткені мемлекет есебінен оқытылған, мамандық игерген, сертификат алған, өзге елде жұмысқа орналастырылған азаматқа кейін атажұртқа қайтып, 5 жыл еңбекпен өте деген талап қойылмайды. Онда мұның елге пайдасы қандай?

Өте зор көрінеді. 2026 жылдың 1 қаңтарына қарай Өзбекстан халқының саны 38,2 миллионнан асып түсті. 20 жылда 12 миллионға өсіп отырады (2005 жылы халық саны 26 млн 21,3 мың адамды құраған). Ішкі еңбек нарығы мұндай ауқымды жұмыс күшін еңсере алмайды.

Мысалы, Африка, Азия елдерінде жұмыссыз сенделген, тепсе темір үзетін жігіттер жымысқы күштердің айдауына еріп, елдегі тұрақтылықты теңселтіп, тіпті азаматтық соғыстың құралына айналып жатады. Бұл ретте өзбек ағайынның көшбасшылығы даналық танытып отырғандай.

Ұйымдастырылған еңбек миграциясы әлеуметтік кернеуді азайтады, елге миллиардтаған валюталық түсім әкеледі, шетелдегі азамат өз отбасын, тіпті туған-туысын қатар асырайды. Мигранттар Өзбекстанның "жұмсақ күшіне" айналуда. Өзбек тумасы тіпті Америкада, Трамп әкімшілігінде істейді. Содан болса керек, АҚШ Президенті былтыр әлемдегі жүзден аса елге баж салығын енгізгенде, Өзбекстанға ең азы ғана тиді.

Қаржылық фактор да маңызды. Өзбекстандықтардың көбі шетелде негізінен жалақысы жоғары жұмыс орындарына орналасуда. Содан шетелден Өзбекстанға ақша аударымдары бірден төрт есеге – 2016 жылғы 3,8 млрд доллардан 2025 жылдың он айында 15,8 млрд долларға дейін өсті.

16 қаңтарда Президент Шавкат Мирзиёевтің төрағалығымен өткен видеоселекторлық кеңесте өңір басшылары мен шетелдегі дипломатиялық өкілдіктерге еңбек миграциясын жүйелі жолға қою, азаматтарды жоғары жалақысы бар әрі заңды жұмыс орындарына бағыттау басты міндет ретінде жүктелді. Бүгінде өзбекстандықтар 30-дан астам елде, соның ішінде АҚШ пен Еуропада, "ұйымдасқан миграция" негізінде айлығы жақсы қызметтерге орналасып үлгерді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу