Ал Қазақстанның бұл мақсаттағы қарқыны қандай?
2024 жылы еліміздің сыртқы тауар айналымы 141,4 млрд доллар болды. Ал былтыр 143,9 млрд долларға жетті. Оның жартысынан сәл асқаны – 79 млрд лоллары экспорттың еншісінде. Сыртқы сауда 1 жыл ішінде 1,3 пайызға өскен.
Мәселен, 2019 жылы елдің жалпы тауар айналымы 97,8 млрд долларды құраса, 2022 жылы 135,5 млрд долларға жеткен. Арадағы пандемия кезеңін ескерсек, бұны үлкен үлкен жетістікке балар едік. Өсім энергия ресурстарының бағасының артуы мен жаңа аймақтарға экспорттың кеңеюі есебінен тіркелген. Содан бері, 2023 жылы 139,8 млрд долларды құрады, кейінгі жылдарды жоғарыда атап өттік.
Негізі Қазақстан жаһандық саудада көбіне шикізат экспорттаушы ел ретінде танылғаны жасырын емес. Кейінгі жылдары ғана өңделген өнімдерге зер салып жүр. Екіншіден, Қазақстан сауда қатынасында Ресей, Түркия, Қытай, АҚШ, Германия, Франция, Оңтүстік Корея, Жапония және Орталық Азия елдерімен тұрақты серіктестік орнатып отыр. Осы салада тауар айналымы тұрақты өсу динамикасын көрсеткен елдің бірі – көрші Қытай. Былтыр қос ел арасында сауда айналымы 34,1 млрд доллар болды.
Экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жобаевтың айтуынша, осыдан 5-6 жыл бұрын Орталық Азия елдерімен сауда айналымы 5 млрд доллар шамасында болса, бүгінде ол көрсеткіш 7-8 млрд долларға артқан. Ал министрлік дерегі көрсеткендей, Орталық Азия мемлекеттеріне экспортталатын негізгі тауарлар қатарында бидай ұны, күнбағыс майы, алтын және өзге де металл түрлері бар.
Бұл тақырыпқа ерекше назар аударуымыздың өзіндік себебі бар. Өйткені сауда – экономиканың маңызды драйвері. Мемлекет бюджетіне түсетін салықтың көп бөлігін қамтып отыр. Әрі жұмыссыздыққа тосқауыл қоюда өте маңызды рөлге ие. Мысалы, елде сауда саласында 1,5 миллионнан аса адам қызмет етеді, 80 мыңға жуық сауда нысаны бар.
Негізі сарапшылардың басым бөлігі Қазақстанның сыртқы саудадағы көрсеткіштерін жаман санамайды. Сонау 2000 жылдардан бері шикізат бағасы өсті. Ал 2013-2014 жылдары сыртқы экспорт көлемі 80 млрд долларға артқаны тағы бар. Бұл сол кездегі 230 млрд долларлық жалпы ішкі өнімнің үштен бір бөлігі болған. Сондықтан Қазақстанды экспортаушы мемлекет деп атауға қисын бар.
– Кезінде ашық теңізге шығатын жолымыз болмаған соң 12 млрд доллар шамасында төлем жасап, өз тауарларымызды экспорттап жүрдік. Ал біздің үлкен территориямыз арқылы өтетін басқа елдер бізге 6 млрд доллар ғана төлем жасады. Бұл шығын болатын. Қазір Қытай мен Еуропа арасындағы орталық көлік дәлізі, Транскаспий халықаралық маршруты ашылған соң бізге транспорттық қызметтен түсетін түсім 10 млрд долларға жақындап қалды. Бұл межені 12 млрд долларға жеткізсек, өз өнімдеріміздің транспорттық құны мен тауарларын біздің шекара арқылы сыртқа шығаратын жүктердің төлем құны бірдей болатын еді. Мұндайда кезде шығын болмайды, – дейді сарапшы Сапарбай Жобаев.
Дегенмен сыртқа өнім шығарушы кәсіпорындардың алға қадам басуы әзірге қиын болып тұр. Үкімет осыған тереңірек кіріп, ынталандырудың бар механизмін іске қосқаны жөн. Қазақстанда бюджет тапшылығы жоқ емес. Ал салықтық базаны ұлғайтуға, қазынаны толтыруға жаңа өндіріс керек. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорынның көбі ішкі нарыққа бағытталған. Алайда Үкіметтің сыртқы нарыққа, әсіресе ауыл шаруашылығындағы азық-түлік өнімдерін экспорттауға әлеуеті жеткілікті.
Бұл тұста инвестиция жайын да айтпай өтуге болмайды. Орталық Азияға тартылған 500 млрд доллар инвестицияның 80 пайызы Қазақстанға келгені – жетістік.
– Қытайлықтар Қазақстанмен сауда байланысын нығайтуға өте мүдделі. Олар бізден үлкен кәсіпорын ашып, шикізатты пайдаға асыру арқылы өздеріне қажетті жеңіл өнеркәсіп немесе тамақ пен басқа өнімдерді көбейткісі келеді. Жалпы, елімізге түсетін қаражат Қытай мен Еуропа арасындағы 600 млрд долларлық саудадан болып отыр, – дейді экономист Сапарбай Жобаев.
Яғни, еліміздің батыс пен шығыс арасындағы көпір екені үлкен рөл ойнап келеді. Осы байланысты, логистиканы дамыту жобаларын тоқтатпай, транзиттік бағыттарды арттыра берсек, келешектен күтер үміт көп.