Еуропа онжылдықтағы ең қауіпті дағдарысқа тап болды

95

Шөл қысып, кенезесі кепкен "Кәрі құрлық" ақырзамандық апатқа килікті.

Еуропа онжылдықтағы ең қауіпті дағдарысқа тап болды Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

2026 жылдың жазында Еуропа өзін гүлденген құрлықтан экологиялық апат аймағына айналдырып жатқан қатыгез құрғақшылық пен рақымсыз аптап ыстықтың толқынынан зардап шегуде. Жауын-шашынның тапшылығы және рекордтық жоғары температура басты су арналарын бірінен соң бірін құрғатып жатыр.

Еуропаның басты зардап шеккен өзендері

Рейн (Германия, Швейцария, Франция, Нидерланд аумағы арқылы ағады): Батыс Еуропаның басты сауда арнасы тарихи антирекордтарға жетті. Кауб қаласындағы басты өткелде су деңгейі күрт құлдырап, сонау 1880 жылдан бергі бақылау тарихындағы абсолютті минимумға таяды.

Кёльн мен Лобит маңындағы көрсеткіштер де ең төменгі шекке құлады. Салдары ауыр көрінеді: дарияда ғасырлар бойы, тіпті жаһандық соғыстар кезінде легі еш үзілмеген кеме қатынасы тоқтап қалды. Баржалар суға батып кетпес үшін жүктерін 70%-ға дейін азайтуға мәжбүр.

Бұл көлік дағдарысын тудырып, жалдау-фрахт құнының шарықтауына соқтырды. Бұған қоса, көмір, мұнай, химикаттар, астық пен түрлі тауарлар жеткізілімдерінің үзілуіне әкелді. Германия өнеркәсібіне, әсіресе, Роттердам портына қиын болып тұр. Круиздік туризм де тоқырады: бағыттар қысқарды, жолаушылар автобустармен жасалатын турларға кері бағдарлануда.

По (Италияда): елдегі ұзындығы 652 шақырымды құрайтын ең ұзын әрі суы мол өзен. Ол Альпі тауларынан бастау алып, Падан жазығы арқылы Адриатика теңізіне барып құяды. Алғаш рет шілдеде су айдыны тарихи минимумдардан да төмен түсіп, қарқынды түрде тартылып жатыр.

Арнаның үлкен аумақтары жалаңаштанып қалды, өзен ортасында қайраңды аралдар пайда болды. Салдарынан, елдің ауыл шаруашылығы өнімдерінің, азық-түлік экспортының айтарлықтай бөлігін өндіретін Падан жазығы суару жүйесінсіз қалды. Фермерлер күріш, жүгері және соя алқаптарының қурап қалғанын хабарлап, дабыл қағуда. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және тұтынушылар арасындағы су үшін талас күшейіп, гидроэлектр станциялардың қуаты күрт төмендеді.

Луара (Францияда): Францияның ең ұзын өзені де ғаламат гидрологиялық күйзелісті бастан кешіруде. Еуропалық Copernicus қызметінің спутниктік суреттері Сомюр маңында қалың құм мен тасты қайраңдардың бірінен соң бірі пайда болып жатқанын тіркеді. Демек, кемелерге қайраңдап тұрып қалу қаупі төнді. Соның кесірінен елдің басты "су күретамырынан" тұтынуға су алу қиындады. Балықтар, су жануарлары зардап шегіп, алды қырылып жатқанын ақпарат құралдары жариялады. Өсімдіктердің, бұта, орманның қурауы өзеннің әсем аңғарында ауқымды орман өрттерінің туындау қаупін бірнеше есе күшейтті.

Эльба (Орталық Еуропа, Германия, Чехия аумағында): бұл дария да құрғақшылық салдарынан суын тез жоғалтып, арнасы тартылып, Еуропадағы қатты зардап шеккен су айдындарының тізіміне енді. Су деңгейінің айтарлықтай төмендеуі ірі кемелердің қозғалысын доғарып тастады. Өнеркәсіптік жүктерді тасымалдау жүйесі бұзылды. Логистикалық шығындар шарықтап барады. Экожүйелер, флора мен фауна судың қызып кетуі мен оттегі тапшылығынан азап шегуде.

Рона мен Гаронна (Францияда): Франция өнеркәсібі мен атом энергетикасын техникалық және салқындатқыш сумен қамтамасыз ететін стратегиялық су арналары қауіпті деңгейге дейін суалып, таязданып қалды. Француз билігі апаттық қызып кетуінің алдын алу үшін бірқатар АЭС блоктарының ("Гольфеш", "Бюже" және "Шо" сияқты) жұмысын мәжбүрлі түрде шектеді.

Дунай (Германия, Аустрия, Словакия, Венгрия, Хорватия, Сербия, Румыния, Болгария, Молдова және Украина аумағы арқылы ағады): Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы екінші ең ұзын өзен – Дунайдың апатты түрде құрғауы нағыз энергетикалық коллапсқа соқтырды.

Мұндағы су шығыны тамыз айының көп жылдық (3900 текше метрлік) нормасымен салыстырғанда, рекордтық 1400 текше метрге дейін құлады. Бірқатар тұсында су деңгейі 1909 жылғы теріс рекордына жуықтапты: кей жері жеке көлшікке айналған.

Венгрия халықаралық транзитті тоқтатты

Мадиярлар елінің электр энергиясының жартысына жуығын өндіретін жалғыз венгриялық "Пакш" АЭС-іне толықтай тоқтап қалу қаупі төнді. Станция реакторларды салқындату үшін Дунай суын пайдаланады. Алайда өзен деңгейінің биыл рекордтық деңгейде құлдырауына байланысты салқындату жүйесінің қалыпты жұмысы бұзылды.

Салдарынан, станцияның 44 жылдық жұмыс тарихында тұңғыш рет ел басшылығы барлық реакторларды толық тоқтату мәселесін қарастыруға мәжбүр. Венгрия Премьер-министрі Петер Мадьяр халыққа қайрылып, атом электр станциясы қазірдің өзінде өз қуатының 10%-ы деңгейінге ғана жұмыс істеп тұрғанын, елді алда 40 градусқа жететін ыстық кезең және сын сағаты күтіп тұрғанын мәлімдеді.

Мемлекет басшысы электр энергиясын дүркін-дүркін өшіруге тура келетінін ескертті. Сондықтан Үкімет шұғыл түрде қатаң шектеулер енгізді: МL мұнай компаниясы, Audi автокөлік кәсіпорындары мен Samsung аккумулятор зауытын қоса алғанда, өнеркәсіп алпауыттарына тұтынуды қысқарту жүктелді.

Көше жарықтары мен ғимараттардың сәндік шамдары өшіріліп, қалалар қараңғылық құшағына енді. Инфрақұрылымның бір бөлігінің жұмысы шектелді, ал, мемлекеттік қызметкерлер қашықтан жұмыс істеу режиміне көшірілді.

Билік халықты ең көп тұтынылатын уақытта – кешкі 17:00-ден 22:00-ге дейін электр қуатын үнемдеуге шақырды. Сонымен қатар, Гринвич уақытымен 15:00-ден 20:00-ге дейін жүк пойыздарының қозғалысы тоқтатылып, бұл халықаралық тасымалға жойқын соққы болып тиюде.

Румыния АЭС-ті құтқару үшін Дунайға кемелерді батыруда

Өте қатал құрғақшылық жағдайында Румыния төтенше әрі радикалды қадамға барды: бейсенбі күні ел Дунай арнасына тастар толтырылған 4 кеме-баржаны батыру бойынша арнайы операцияны бастады.

Associated Press хабарлауынша, бұл шетін қадамның мақсаты – дарияның апатты деңгейде таяздануына байланысты ІІ-ші реактордың тоқтауын ең құрыса бірер күнге кейінге шегеру, аз қалған судың ағынын "Чернаводэ" атом электр станциясына қарай бұру.

Осы мақсатта алдымен әскерилер жарылыс жасады, сол арқылы тауды үгітіп, тас алып, оны алып кемелерге толтырды. Содан соң баржалар Дунайға тасталып, осы арқылы шұғыл түрде суасты бөгеті жасалды.

Digi24 телеарнасының эфирінде АЭС директоры Ромео Үржан үрейлі үрдіске назар аудартты: сәрсенбіден бейсенбіге қараған түні өзен тағы 2 сантиметрге құрғаған. Мұндай қарқынмен АЭС-тің екінші реакторы 5–6 күн ішінде тоқтайды.

"Егер батырылған баржалар қосымша су ағынын қалыптастыра алса, бес-алты күннің орнына бүгінгі күннен бастап 9–10 күн жұмыс істейтін боламыз", – деп мойындады Үржан.

Мажарстанның Премьер-министрінің міндетін атқарушы Илие Балажан шілденің 31-інде-ақ жоғары дайындық режимін жариялады. Ол азаматтар мен муниципалитеттерді электрді барынша үнемдеуді жалына сұрады.

Осылайша, бұл дағдарыс тек өзеннің апаты болудан қалып, өзге салаларға қиындық әкелген. Энергетикаға кесірі: гидрогенерация және салқындату тапшылығынан атом станциялары бір мезгілде, бірінен соң бірі істен шығып жатыр. Тіпті көмір жағатын жылу-электр орталықтарының (ЖЭО) өзі қаңтарылып тұрып қалған.

Салдарынан, еуропалық біраз ел өзге елдерге алақан жайып, электр энергиясын сырттан импорттауға мәжбүр. Румынияда электр бағасы МВт/сағат үшін 340 еуроға дейін шарықтады. Бұл тапшылықтың соңы алдағы апталарда Еуропадағы блэкаутқа ұласып кету ғажап емес.

Ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігіне салдары да орасан: қуаңшылық Шығыс және Орталық Еуропадағы дәнді дақылдар, жүгері мен көкөніс егістерін қуратып, жойып жатыр. Еуроодақ және Ұлыбритания фермерлері биыл азық-түлік тапшылығы туындап, негізгі тағам түрлері бағасының күрт қымбаттайтынын ескертуде.

Тұрмыс пен экологияға зардабы да жетерлік: қатаң шектеу шаралары аясында Еуропа елдерінің тұрғындары бақша суаруға және көлік жууға арналған құбыр суынан айырылды. Сонымен қатар, тартылып жатқан өзендерде оттектен жұрдай болған балықтар, өзге су жануарлары қырылып, өлекселері қолқаны қабар күлімсі иіс шығарып жатыр. Испания, Франция, Түркия, Португалия, Ұлыбритания, Грекия сияқты көптеген елдердің орман алқаптарында бой бере бермейтін алапат өрттер қаулады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу