Еуропа Ресей алдында дәрменсіз болып шықты

2313

Сарапшылардың бағалауынша, "Кәрі құрлықтың" көшбасшылары алпауыт қарсыласқа тап келсе, майдан даласында бірер күнге ғана шыдауы мүмкін.

Еуропа Ресей алдында дәрменсіз болып шықты Фото: hodmysley.ru

The Wall Street Journal "Еуропа Владимир Путин алдында қорғансыз болып шықты" деген тақырыппен шыққан талдауында "Еуропаның төл қорғаныс қабілетін жоғалтқаны, әскери саласы апатқа ұшырағаны" туралы үрейлі байламға келді. Басылым сарапшыларының тұжырымдауынша, "Суық соғыс" (қырғи-қабақ соғыс) аяқталғалы бергі онжылдықтарда еуропалық армия ғаламат әлсіреді.

Себебі, әскери тұрғыда қуатты АҚШ НАТО аясында еуропалық елдерді өз қорғауына алды, "қолшатырмен" жапты. Еуропаның бүкіл қорғаныс саясатын қолдады, оның әскери жүгін өз мойнына артты.

Осыны пайдаланып, Еуроодақтың лидерлері саналатын Германия, Франция әскери шығыстарын қысқарта бастады. Мәскеу Қырымды қосып алған соң, 2014 жылы Уэльсте өткен жоғары деңгейлі саммитте қабылданған міндеттемеге сәйкес, НАТО елдері бұдан былай ЖІӨ-нің кем дегенде 2%-ын әскери салаға, қорғанысты күшейтуге бағыттауға тиіс еді. Оның бәрі жайына қалды.

Еуропада әскери өнеркәсіптің айтарлықтай бөлігі қысқартылды, әскери өнім шығаратын кәсіпорындардың біразы жабылып қалды, оңтайландырылды. Тек шетелдік тапсырысты орындаған компаниялар ғана нарықтағы орнын сақтады.

Өйткені капиталистер ақшаны санай біледі. Ал бейбіт уақытта әскери экономикадан еш пайда жоқ. Айталық, азаматтық салаға арналған көлік шығарылса, ол сатып алынып, ары қарай пайдаланады, жолаушы не жүк тасиды. Яғни, өнім өндіріп, қызмет көрсету секторын дамытып, экономиканы ілгерілетеді. Снарядтың, не сауытты техниканың жайы басқа. Бір шығарылған соң қоймада шаң басып жатады.

"Еуропа жүйелі түрде демилитаризациялану жолына түсті. Дәл осы мезгілде Ресей де, Қытай да қарулану саласына серпін берді. Олар өз күштерін жаңа соғыстарға дайындауын қарқынды түрде жалғастыруда", – деді әскери зерттеулер саласының профессоры Энтони Кинг.

Мысалы, таяуда Ресей келесі жылғы федералдық бюджетін қабылдады. Онда 2024 жылы әскери шығыстарға рекордтық соманы – 10,8 триллион рубльді бөлді. Яғни, ЖІӨ-сінің 8%-дайына барабар қаражатты соғыс ісіне жұмсамақ. Сөйтіп, солтүстік көрші әскери шығындары жөнінен алғаш рет бүкіл Кеңес одағының әскери шығындарымен теңесті.

Bloomberg сарапшылары сонша шығынның тек Украинамен емес, басқа елдермен соғысуға да жететініне назар аудартты. Өйткені Украинадағы әскери қақтығысқа 6,4 триллион рубль шығындаған екен.

2023 жылы Ресей әскери салаға ЖІӨ-сінің небары 3,6%-ына тең қаржы бағыттады. Соғысқа дейін Ресейдің бұл шығыны 2,7% ғана болған.

Қытай да тоқтаусыз қарулануда. Қытай әскери шығыстарға 2022 жылы ЖІӨ-сінің 7,1%-ын немесе 1,451 триллион юань жұмсалды. 2023 жылы бұл шығыстарын 7,2 пайызға немесе 1,5537 триллион юанге (224,79 миллиард доллар) жеткізді.

Еуропа елдері ше?

Ресми мәлімет бойынша "қырғи-қабақ соғыс" соңында Батыс Германияның (ГФР) армиясында 500 мың солдат, Шығыс Германияда (ГДР) – 300 мың жауынгер болыпты. Бүгінде біріккен Германияның Бундесверінде небәрі 180 мыңдай ғана солдат қалды.

WSJ мен BILD дерегінше, Германия армиясының иелігінде небәрі 200 танк бар. Бірақ оның тек жартысына жуығы ғана ұрысқа қабілетті, яғни жүріп тұр.

"ГФР өнеркәсібі қазіргі кезде айына небәрі 3 (қате естіген жоқсыз) танк қана шығара алады. Ал неміс армиясының снарядтары мен оқ-дәрілері тек қана 2 (!) күн қарқынды шайқасқа жетеді", – деп жазады Уолл Стрит Джорнэл.

Еуропадағы АҚШ-тың басты әскери одақтасы саналатын Ұлыбритания "Кәрі құрлықтағы" қорғаныс өнеркәсібіне мол қаржы салатын еуропалық ең ірі инвестор болып есептеледі. Соған қарамастан, оның қолында небәрі 150 танк пен 12 (бұл қате емес, шыны сол) артиллериялық құрылғы ғана бар. Сарапшылар анықтағандай, кезінде империя болған Ұлыбританияда қазіргі уақытта толығымен ұрысқа қабілетті бірде бір броньды танк дивизиясы жоқ.

Францияның жағдайы да мәз емес. Оның армиясы 90 бірлікке де жетпейтін ауыр артиллерияға иелік етеді. Әскери сарапшылар мұнша артиллерияны Ресей Украинадағы майданда бір айға жетпейтін уақытта жоғалтатынын қаперге салды.

Тағы бір бұрынғы империя – Данияда енді бірде бір ауыр артиллерия қалмапты. Ол өз қолындағы оннан астам артиллериялық қондырғыны Украинаға берді. Даниялықтарда сондай-ақ бірде бір суасты қайығы, әуе қорғанысы (ПВО) жүйесі жоқ.

Нидерландының жағдайы одан да масқара: бұл ел соңғы броньды танк бөлімшесін 2011 жылы жауып, қолындағы азын-аулақ танктерін Германия армиясының құрамына қосты. Салдарынан, НАТО-ның қорғауына түбегейлі тәуелді.

Дегенмен, халықаралық сарапшылар Шығыс Еуропаға, соның ішінде Польшаға, Балтық елдеріне, Финляндияға үмітпен қарап отыр. Олар қорғаныс саласының бюджетін біраз жылдан бері арттырып, Қарулы күштерін барынша жабдықтауда.

Мысалы, Польша келесі жылы қорғанысқа жылдық ЖІӨ-сінің 4%-ынан асатын көлемде шығындалуды жоспарлап отыр. Бұл 2022 жылғыдан 2 есе көп. Осылайша, 2–3 жылдан соң, Польша Еуропадағы ең үздік қаруланған лидер мемлекетке айналуы мүмкін.

Британдық Стратегиялық зерттеулердің халықаралық институтының (IISS) мәліметінше, Польша армиясында 808 танк бар, соның ішінде 247-сі – "Леопардтар". Тағы 232-сі Польшаның өзі жасаған "PT-91" танктері. Қалған 329-ы – кеңестік Т-72 танктері.

400-дің сыртында бронды техникаға (БРДМ-2, BWR-1) ие. 1 252 бірлік БМП-1 және 359 бірлік польшалық "KTO Rosomak" сауытты машинасы, 368 бронетранспортеры соғысқа сақадай сай деп бағаланады.  

Польшаның 719 артиллериялық құрылғысы бар. ПВО-сы да, авиациясы да мықты көрінеді. Оның әскери-теңіз күштері "Оливер Хазард Перри" типті 2 әскери кемеге (фрегат), 5 корветке, 10 десанттық кемеге, 22 қолдаушы кемеге, 3 суасты қайығына және басқасына ие. Әскери кемелерінің жалпы саны 58-ден асады.

Бірақ Еуропаның әскери саладағы лидеріне айналады деген Польшаның әскери ахуалы да сарапшылардың алаңдаушылығын туғызады. Бұл ел дивизияларды өрістету, армияны қайта құру жоспарларын 2025 жылға қарай жылжытты.

Бүгінде Польшаның армиясында небәрі 114 мың жауынгер бар. Оның ішінде 14 мыңы – әскери әуе күштерінде, 6 мыңы – әскери теңіз күштерінде қызмет етеді. 3 мың әскери арнайы мақсаттағы әскерлер құрамына кіреді. Елде резервтік армия, немесе "тероборона" толыққанды құрылмаған.

Сарапшылар ресми мәлімет бойынша Украина жерінде Ресейдің 617 мыңнан астам солдаты соғыс салып жатқанына назар аудартты. 2023 жылғы 1 желтоқсанда Владимир Путин Ресей Қарулы күштерінің штаттық санын 2,2 миллионнан асыратын өкімге қол қойды.

Қытайдың Ұлттық азат етуші армиясында бүгінде 2,035 миллион солдат бар. Шың елі мобилизациялық резерв арқылы 30 күн ішінде бұл санды 40 миллионға жеткізе алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу