Еуропа санкциясы Қазақстанды техникасыз қалдыруы мүмкін

4855

Беларусь бүліне берсе, бүкіл Еуразиялық одақты тұңғиыққа тартып әкету қаупі бар.

Еуропа санкциясы Қазақстанды техникасыз қалдыруы мүмкін Фото: Мария Матвиенко

Беларусь пен Польша, басқаша айтқанда, Еуразиялық одақ пен Еуропалық одақ арасындағы шекарадағы жағдай күрделене түсуде. Сенбіге, 20 қарашаға қараған түні поляктар мигранттардың шекараны дөрекі түрде бұзып өтуінің 195 талабын тойтарған. Польша Шекара қызметінің хабарламасында жазылғандай, олардың ішіндегі ең ірі топтың құрамы 200 адамға дейін барған. Біраз келімсек Польша аумағына қашып тығылды, оларды ұстау операциясы жүріп жатқан көрінеді. Ашыққан, суықтан қажыған босқындар ЕО аумағына өткізбегені үшін польшалық шекарашыларға қарсы тас жаудырған, фейерверк пен жас ағызушы газ қолданған.

Поляк-беларусь шекарасында дағдарысты жағдай туындағалы бері екі аптадай уақыт өтті. "Брузги" шекаралық өтпесі жанындағы көлік-логистикалық орталық аумағында 2 мыңдай мигрант – негізінен, Сирия мен Ирак тұрғындары жиналған, арасында балалар жетерлік. Босқындар өз отанына қайтудан бас тартты, ал Беларусьтің қалалары мен деревняларына тарауына жергілікті құзырлы органдар жол бермейді. Сондықтан ЕО өз аумағына өткізгенше, шекара маңынан табан аудармауға бекінген. Оларға халықаралық Қызыл Жарты ай және Қызыл Крест ұйымдары медициналық, гуманитарлық көмек көрсетуде.

Эстония Сыртқы істер министрі Эва-Мария Лийметстің мәлімдеуінше, Александр Лукашенко Еуроодақ елдерінен өзін легитимді президент ретінде тануын және бұған дейін енгізілген барлық санкцияларын алып тастауын талап етуде. Сонда ол барлық мигрантты елдеріне қайтарады. Бұл жайында А. Лукашенко Германия канцлерінің міндетін атқарушы Ангела Меркельмен телефон арқылы тілдесуінде мәлімдеген. Бұл ультиматумға жауап ретінде ФРГ Министрлер кабинетінің өкілі Штеффен Зайберт Лукашенконы мемлекет басшысы ретінде мойындамайтындарын, бірақ көші-қон дағдарысын шешу үшін бұл елдің билігімен диалог қажет екенін жария етті.  

Санкцияға орай Қазақстан БелАЗ-дан бас тартпай ма?

Өз кезегінде ресми Минск те ЕО-ға қысым көрсетуін жалғастыруда. 18 қарашада Украинаға электр энергиясын жеткізуді тоқтатты. "Жоспарланбаған жөндеуді" сылтауратып, Ресейден Беларусь арқылы Еуропаға мұнай тасымалдайтын "Дружба" құбырын жауып тастады. Ал АҚШ пен Еуропа санкциялардың жаңа топтамаларын қарастыруда.

Оқиғалардың одан ары қалай өрбитіні, немен тынатыны, сондай-ақ Еуразиялық одаққа қандай зиян келетіні белгісіз. Кейбір сарапшы Батыстың Беларуське қатаң санкцияларының кесірі Қазақстанға тиюі мүмкін деп болжады. Себебі тек қазақстандық ауылшаруашылығы өндірушілері ғана емес, сондай-ақ тау-кен өндірісі саласындағы ірі компаниялар да Беларусьтен техника сатып алатыны мәлім.

Мысалы, "АрселорМиттал Теміртау" АҚ алып жүк тасушы техникаларын жаңғыртуда, соның аясында БелАЗ-дың 4 карьерлік самосвалын сатып алды. Биылғы жылы Вице-премьер Роман Скляр мен "АрселорМиттал ТМД" бас директоры Виджай Гойял Үкімет пен компания арасындағы меморандумға қол қойды, оның шарты бойынша "АрселорМиттал Теміртау" (АМТ) алдағы 10 жылда өндірісін модернизациялауға кем дегенде 3 миллиард доллар салады.

Бірақ АМТ-ның бас компаниясы ArcelorMittal Люксембургте тіркелген. Сондықтан ол еуропалық санкцияларды ұстанады. Айталық, 2019 жылы "АрселорМиттал Теміртау" еуропалық санкцияға іліккен ресейлік "Газпром нефтьтің" дистрибьюторы "Газпромнефть-Смазочные материалы" компаниясымен контрактісін бұзды. Қазақстандық кәсіпорын бұл контракт репутациялық тәуекел туындатады деген ұйғарымға келді.

Бас компаниясы Еуропада тіркелген тағы бір қазақстандық компания – Eurasian Resources Group та БелАЗ техникаларын пайдаланып келген еді. Мысалы, биылғы қаңтарда ERG құрамына кіретін "Еуразиялық энергетикалық корпорация" АҚ иелігіндегі "Шығыс" кенішінің техникалық паркіне 3 жаңа БелАЗ қосылды. 130 тонна жүк көтере алатын осы машиналарды алу үшін қазақстандық компания Беларуське 1,8 миллиард теңгеден астам қаражат төлеген.

Еуропа мен АҚШ санкциялары кесірінен Қазақстан беларусьтік самосвалдардан айрылып қалмай ма? Отандық компаниялар өкілдері ресми түсініктеме бермеді. Бірақ жеке әңгімеде БелАЗ-дың келісілген техниканы жеткізетініне сенетіндерін айтады. Одан бас тарту әзірге жоспарланып отырған жоқ. Себебі беларусьтік алып жүк көліктері басқа аналогтарына қарағанда біршама арзан.

"Қиындық бар, бірақ біз шыдаймыз"

Дегенмен беларусьтік алып габаритті техникаларды өндіруші қазірден бірқатар қиындыққа кезігуде. Зауытта тамызда ірі ереуілдер өтіп, өндіріс уақытша тоқтады. 

ЕО санкциясына байланысты британдық Rolls-Royce Holdings БелАЗ-ға күш агрегаттарын жеткізуді толық тоқтатты. Ал Rolls-Royce құрамындағы MTU Friedrichshafen GmbH неміс фирмасы жасайтын MTU моторын БелАЗ карьерлік самосвалдарының біраз модификациясына орнататын. Қазақстанның тау-кен және басқа да салаларында танымал, 450 тонналық "БелАЗ 75710" дәл осы 16 цилиндрлі MTU қозғалтқышымен жүретін. Беларустар оны алмастыру жолын қарастыруда. БелАЗ-дың басқа техникаларына ресейлік ЯМЗ моторы орнатылады.

Қазақстан сатып алып келген БелАЗ карьерлік техникасына америкалық Cummins қозғалтқышы қойылатын. Алайда Cummins корпорациясы да БелАЗ-бен ынтымақтастықтан бас тартқанын хабарлады. Корпорация енді өз өнімін БелАЗ-ға да, оның дилерлеріне де жөнелтпейді.

БелАЗ бас директоры Сергей Никифорович кәсіпорынның қиындыққа кезіккенін білдірді. Бірақ қандай проблема барына тоқталмады.

"Сын-тегеуріндер, қиындықтар бар, әрине. Бірақ біз сол бұрынғыдай нық тұрмыз. Еуропалық өндірушілер үшін мықты бәсекелес болып қала береміз. Карьерлік техника құрылысы саласында халықаралық деңгейде жетекші позицияларымызды ұстап қалуға ниеттіміз. Қайталап айтамын, қиындықтар туындады, бірақ олар тоқтатпайды. Ары қарай дамуымызға түрткі болады. Беларусь автозауыты 2021 жылға қойылған міндеттерді орындауға бар күшін салады. Биыл экспортты былтырғыдан 157%-ға өсіруге тырысамыз. Өнеркәсіптік өндіріс көлемінің өсімі 146%-ды құрауға тиіс", – деп хабарлады Сергей Никифорович.

Бұрынғы жылдары БелАЗ-дың экспорты пайыздап емес, еселеп өсетін. 2020 жылы бұл көрсетіші 2,6 есе артқан.

Зауыт модернизацияны қажет етеді екен. Компания бас директоры биыл алынған табыс зауытты техникалық қайта жарақтандыруға, сол арқылы бәсекеге қабілетті өнім шығаруға бағытталатынын жеткізді. Бұдан бөлек, жалақы көтеруіне және бюджетке салық төлеуге қаражат керек.

Билік не дейді?

Қазақстанда халықаралық экономикалық ынтымақтастыққа жауап беретін орган – Сауда және интеграция министрлігі Беларуське қарсы енгізілген санкциялардың елге ықпалын салмақтапты. СИМ басшысы әзірге сабыр сақтап, артын бағып отыр.

"Санкциялардың ірі габаритті техниканы сатып алуға ықпалына келсек, ЕуроОдақтың ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, ЕО президенттік сайлауда халықаралық сайлау стандарттарын бұзуына, азаматтық қоғам мен демократиялық оппозицияны қудалауына байланысты Беларусь Республикасының жекелеген тұлғалары мен компанияларына шектеу шараларын енгізді. Санкциялық тізімге жеңіл және жүк көліктерін өндіретін МАЗ, жеңіл, жүк, өнеркәсіптік автомобиль жасайтын БелАЗ секілді ірі компаниялары кірді. Бұл ретте санкцияларды осы аталған беларусьтік кәсіпорындармен ынтымақтасатын өзге компанияларға қолдану қарастырылмаған", – деді министр Бақыт Сұлтанов.

Ведомство дерегінше, 2021 жылғы 8 айда Қазақстан мен Беларусь арасындағы тауарайналым 531,2 млн долларды құраған. Бұл былтырғы ұқсас кезеңге қарағанда 15,2%-ға көп (461,1 млн доллар).

Қазақстаннан Беларуське экспорт осы уақытта 16,1%-ға өскенімен, көлемі 59,9 млн доллар ғана. Ал Беларусиядан импорт көлемі 15,1%-ға артып, 471,3 млн долларға жетті.

Қазақстан жыл басынан бері бұл елден 26,9 млн долларға тракторлар мен ершікті тартқыштарды, 25,1 млн долларға – жылжымайтын құрамдар бөлшектерін, 23,9 млн долларға – комбайндарды, ауылшаруашылығы машиналары мен механизмдерін, 22,4 млн долларға – автомобильдер мен трактор бөлшектерін және басқа керек-жарақтарын тасыды.

Бұдан бөлек, 21,7 млн доллардың сүтін, қойытылған, құрғақ сүттерін, 18,3 млн долларға – сиырдың балғын және мұздатылған етін, 18,1 млн долларға – жиһаз, 16,7 млн долларға – ірімшік түрлерін импорттаған.

Өз кезегінде Беларусь қазақ елінен 25,2 млн долларға – көмір (барлық экспортымыздың 42%-ы), 4,4 млн долларға – ферроқорытпа (7,4%), 4,4 млн долларға – газ (7,3%), 3,8 млн долларға – мұнай өнімдерін (6,3%), 3,4 млн долларға – мырыш (5,6%), 2,6 млн долларға – циклды көмірсутек (4,3%), 3,5 млн долларға – болаттан жасалған жайпақ прокат (5,8%), 2,3 млн долларға – жеңіл автомобильдер (3,8%), тіпті 850,3 мың долларға қарбыз бен қауын (1,4%) сатып алыпты.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу