Еуропалық одақ ұйқы безі обырына қарсы жаңа препаратты қолдануға рұқсат берді

254

Жаңа дәрі алғаш рет осы жылдың жазында Чикагода таныстырылған.

Еуропалық одақ ұйқы безі обырына қарсы жаңа препаратты қолдануға рұқсат берді Фото: canva

Еуропалық комиссия АҚШ-та әзірленген "Дараксонрасиб" (Daraxonrasib) препаратын жеделдетілген тәртіппен қолдануын мақұлдады. Оны мақұлдау процесі шамамен 100 күнге созылған. Брюссельдегі Еуропалық комиссияның мәліметінше, препарат химиотерапияның кемінде бір курсынан өткен ересек пациенттерге тағайындалуы мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW басылымына сілтеме жасап.

Саудадағы атауы – Rasonque болатын "Дараксонрасиб" қатерлі ісік жасушаларының өсуін баяулатуға бағытталған. Зерттеу нәтижелерінде бұл препарат таблетка түрінде қабылданады және басқа химиотерапия түрлеріне ағзасы жауап бермей қалған, ұйқы безінің метастаздық обырына шалдыққан науқастардың өмір сүру ұзақтығын екі есеге жуық арттырған.

Дегенмен Daraxonrasib обырды толық емдемейді. Ол науқастардың өмірін бірнеше айға ұзартуға және өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Ұйқы безінің обыры аса қауіпті аурулардың бірі саналады. Себебі ол ұзақ уақыт бойы айқын белгілерсіз дамуы мүмкін. Сондықтан ауру көбіне метастаздар пайда болып, асқынған кезеңде анықталады. Оның алғашқы белгілеріне салмақ жоғалту, іштің жоғарғы бөлігінің немесе арқаның ауыруы жатады. Алайда бұл белгілер басқа аурулар кезінде де байқалуы мүмкін.

Еуропада жыл сайын шамамен 147 мың адамға ұйқы безінің обыры диагнозы қойылады. Ауру көбіне 70 жастан асқан адамдарда кездеседі. Германияның Роберт Кох институтының (RKI) деректеріне сүйенген Tagesschau телеарнасының хабарлауынша, диагноз қойылғаннан кейін 5 жыл өмір сүретін науқастардың үлесі шамамен 10 пайызды құрайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу