EXPO көрмесіне 145 тонна балмұздақ жеткізеді

Ақжол Қараспан Ақжол Қараспан
3226

Тапсырысты орындау үшін 240 адам тынымсыз еңбек етіп жатыр.

EXPO көрмесіне 145 тонна балмұздақ жеткізеді

Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданы 1 мамыр ауылындағы "Балмұздақ" ЖШС-ның тіл үйірер тәттілерін бәрі біледі. Бұл жерге көршілес Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан мемлекеттерінен де тапсырыс түседі.

Директордың орынбасары Сабыржан Ергешевтің мәлімдеуінше, осы айда Астанада ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне серіктестік 10 тонна балмұздақ жөнелткен.

"ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Астанаға қыркүйек айына дейін 145 тонна балмұздақ жіберуді жоспарлап отырмыз. Дәл қазір серіктестікте 240 адам мақсатқа жету жолында тынымсыз еңбек етіп жатыр", – деді ол.

Оның сөзінше, серіктестік балмұздақтың 120-дан астам түрін өндіреді. Биыл өндіріске балмұздақтың тағы 25 түрін енгізеді.  

"Балмұздақ" ЖШС заңгері Ералы Аширатовтың мәлімдеуінше, серіктестік балмұздақ өндірумен 1998 жылдан бері айналысады. Ал балмұздақ ораушы Зухра Ишматова жұмысының тұрақты, айлық жалақысының уақытылы екенін алға тартады.

"Қызметкерлерге жайлы жағдай жасалған. Жұмысқа арнайы көлікпен келіп кетеміз", –  деді Зухра Ишматова.

Серіктестік балмұздақ дайындау барысында текс сапалы шикізат пайдаланады. Бұл туралы зертхана меңгерушісі Ғазиза Маханбетова: "Балмұздақтың сапасын қатаң қадағалаймыз. Мамандар балмұздаққа тек табиғи қоспа  қосады" , – деді

Серіктестік алдағы уақытта жыл он екі ай жұмыс істеуге көшкелі отыр. Мұндағылар 6 ай балмұздақ шығарса, қалған 6 айда шоколад өндірумен  айналыспақшы. Айта кетейік, серіктестікте 2015 жылы іске қосылған түшпара цехы да жұмыс істейді.

Ақжол Қараспан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу