Ежелгі мал тұқымын сақтап қалу үшін мемлекеттік бағдарлама қабылдау қажет

Мал шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, ҰҒА академигі Мәкен Тойшыбеков елімізде жойылып бара жатқан мал тұқымдарын сақтап қалудың жолдары туралы айтып берді.

Ежелгі мал тұқымын сақтап қалу үшін мемлекеттік бағдарлама қабылдау қажет

– Мәкен Молдабайұлы, сіз қазақы мал тұқымын сақтап қалу турасында зерттеп жасап жүрген ғалымдарымыздың бірісіз. Осыған байланысты қазіргі кезде "елде қазақтың ежелгі мал тұқымының қанша түрі сақталды" деп нақты айтуға болады?

– 1918 жылғы есеп бойынша Қазақстанда 22 түрлі қойдың тұқымы өсірілген екен. Батыс Қазақстанда азғыр тұқымды қой, еділбай қойлары өсірілсе, Орталық Қазақстанда бес ата қойлары, ал Шығыс Қазақстанда шыңғыс тұқымды қойлар мен әртүрлі құйрықты қойлар, моңғол тұқымдас қойлар өсірілді. Қазір бізде мұның бірі де жоқ. Бүгінде біз қазақтардың ежелгі мал тұқымын сақтап қалуға келгенде ауызды қу шөппен сүртіп отырмыз. Бізде қазір тек еділбай қойының тұқымы ғана сақталып қалды. Қалған 21 түрлі тұқым құрып кетті. Жылқыға қатысты сөз етсек, бізде дүниежүзінде жоқ етті, қымызды мұғалжар тұқымы бар. Алтай өңірінде Өскемен жақта қабы жылқысы бар. Көпшілік біле қоймайтын адай жылқысы бар. Оның қасиеті теңіз суын ғана ішетіндігі. Жер жүзінде тұзды су ішетін бірде-бір мал жоқ. Ал бізде бар. Қазақы еділбай қойын алайықшы, мұндай тұқым әлемде ешқандай елде жоқ, Бұл тұқым да бізде бар. Қазір ежелгі мал тұқымынан осы еділбай қойы ғана қалды. Мұның өзін дамыта алсақ, үлкен жетістік болар еді. Бірақ осы мәселеге келгенде мақтана алатындай дәрежеміз төмен. Елдегі асылтұқымды қазақи ежелгі мал басы санаулы ғана қалды. Мұны мойындау керек.

– Ал енді бұл мәселені шешу үшін болашақта не істелінуі қажет деп ойлайсыз? Атқарушы билік осы жайтқа қатысты қандай саясатты ұстануы керек?

– Біздің мал шаруашылығы саласын құртқан нәрсенің өзі осы саясат(!). Кезінде бәріміз күн көсем санаған Ленин екі декрет қабылдапты. Оның бірі – жер мәселесіне қатысты, екіншісі меринос қойларды өсіруге қатысты. Соның ішінде Ленин қабылдаған декретте қойды будандастыру жайы айрықша көрсетілген. Осы құжатты орындау қажеттілігінен қылшық жүнді қойды будандастыру арқылы биязы жүнді қойдың басын көбейту сол заманның қажеттілігі болды. Өйткені биязы жүнді қойдың жүнінен киім-кешек тігу, сапалы мата алу, оны экспортқа шығару оңтайлы еді. Ал қазақтың қылшық жүнді қойының жүні киіз басуға, кілем тоқуға, әртүрлі үй бұйымдарын жасап дайындауға ғана жарайтын-ды. Осындай саясаттың салдары қазақтың ежелгі қой тұқымының жоғалуына апарып соқтырды. Енді келіп біз ежелгі мал тұқымы дегенде жалғыз-ақ еділбай қойының бетіне қарап отырмыз. Бүгінде асылтұқымды мал алумен, мал тұқымын зерттеу мен айналысып жүргендердің арасын да жоғарыда мен атап кеткен қойдың түрлері бар екенін білмейтіндер де бар. Рас, ежелгі мал басын өсіруде үкімет тарапынан біраз шаруалар атқарылған. Бірақ оның өзі мардымсыз. Өзіңіз білесіз, қазір ежелгі тарихи жәдігерлерімізді, ежелгі мәдени құндылықтарымызды сақтап қалу мақсатында үкімет арнайы мемлекеттік бағдарламалар қабылдап жатыр. Міне, бізге болашақта қазақтың ежелгі мал тұқымын сақтап қалуға қатысты да осындай бір арнайы мемлекеттік бағдарлама керек. Әйтпесе ең кемі бес жылдан соң біз ата-бабаларымыз азық етіп, күнкөрісінің бір бөлшегіне айналдырған ежелгі мал тұқымдарын тек суреттен ғана көріп отырамыз. Сондықтан құзырлы тарап жедел түрде осы ежелгі мал тұқымын сақтап қалуға байланысты салиқалы шешімдер қабылдау керек.

– Бұл тұрғыда нақты нендей ұсыныстар айтар едіңіз?

– Біздің ауылшаруашылығы министрлігі бүгінде қылшық жүнді қойларды өсіруге мардымды қаржы бөлмейді. Бұған қатысты арнайы дотация, субсидия дегендер атымен жоқ. Министрлік тек биязы жүнді қойларды, меринос қойларын өсірушілерге ғана болар-болмас жеңілдіктер қарастырып отыр. Біле білгенге, қылшық жүнді қойлар суыққа төзімді, жоғары салмақ беретін, еті де мол, кез келген климатқа бейімделгіш қойлардың бірі. Бізге қазірде ең қажеттісі осы қылшық жүнді қойлар болып отыр. Мәселен, біздің атқарушы билік бүгінде отандық сүт өндіру саласына айрықша көңіл бөлуде. Осыған орай, мен керісінше айтар едім, бізге сүт өндіру саласына емес, ет өндіру секторына ерекше көңіл бөлген жөн. Байыптағанға ет өндірудің сүт өндіруден машақаты аз және экономикалық жағынан өте тиімді. Сондықтан менің ұсынысым – үкімет шетелден асылтұқымды мал басын әкелетіндерге, биязы жүнді қой өсіретіндерге ғана көңіл бөле бермей, өзіміздің жергілікті мал басының көбеюіне, соның ішінде қазақтың ежелгі мал тұқымының өсуіне барынша жағдай жасағаны абзал. Бұдан соң асыл тұқымды мал басын өсіріп отырған шаруашылықтарға, ірі-ірі кооперативтерге мемлекеттік бақылауды күшейту керек. Бұған қатысты бір мысал айтайын, таяуда асылтұқымды сиыр өсіретін орталықтардың бірі Израильден сиыр алып келіпті. Әлгі сиырлар Израильде сауынына 6,5 литр сүт берген. Қазақстанға келген соң асылтұқымды деген сол сиырлар 2,5 литр ғана сүт беретін болып қалды. Көрдіңіз бе, мынадай құбылмалы табиғатымызбен, бізде дайындалған мал азығының түрлеріне сәйкес, өзге елден әкелінген асылтұқымды мал басының Қазақстанға бейімделіп кетуі қиын. Сондық тан өзге мемлекеттен мал басын елге әкелерде осы жайттарды ескерген жөн. Меніңше, өзге елден асылтұқымды малдың өзін емес, мұздатылған эмбриондарын әкеліп, оны біздің елдегі мал басының жатырына салсақ осы тиімді болар еді. Алған төліміз суыққа төзімді, ортаға тез бейімделгіш болады. Бұл дегеніңіз малдың өсіп-өнуіне кепілдік бар екенін білдіреді. Қазір бұл әдістің қыр-сырын меңгерген мемлекеттер малдың мұздатылған эмбриондарын экспортқа да шығарып жатыр. Ондай эмбриондарды біздің елде сатып алып жатқандар да бар. Қазірде әлемде көптеген елдер мал шаруашылығына қатысты ірі-ірі арнайы жобалар легін түзіп, соны жүзеге асыруға жанталасып бағуда. Біз, керісінше, бұл мәселеге келгенде әлі де самарқау кейіп танытып отырмыз.

– Неге самарқау кейіп танытып отырмыз? "Халықаралық жаңашыл әрекеттерді тереңінен меңгеруге мән беріп жатырмыз" деп бұл саланы басқарып отырған министрліктер үнемі есеп беріп жатады ғой?!

– Қазір біздің мемлекетіміз атом энергиясын дамытуға, мұнай-газ саласын өркендетуге, алтын-күмісті өндіруге айрықша мән беріп отыр. Бұл да дұрыс. Мұндай секторларды міндетті түрде жандандыру керек. Бірақ "қаны қымыздан, жаны еттен" жаратылған жұрттың мал шаруашылығын өркендетпеуі, осы саланы дамытуға сауатты түрде мән бермеуі дұрыс емес. 1993 жылдары елдегі мал басының барлығы жекенің қолына өтті. Бүкіл асылтұқымды мал өндірумен айналысатын ірілі-ұсақты мемлекеттік орталықтар, зауыттар жабылды. Осыдан барып қазақ малының саны кеміді. Ол кезде бұған қайғырған бір пенде болмады. Керісінше, "біз енді Аустралиядан асылтұқымды мал әкелеміз, ағылшындардың текті малын өсіретін боламыз" деп кеуде кергендерді де көрдік. Бір ауыз сөзбен айтқанда, бізде нақ сол коллективтендіру тұсында әсіре науқаншылдық басым болып кетті. Енді соның зардабын тартып жатырмыз.

– Бірақ қазір қоғамда "мал шаруашылығын өркендету мақсатында ауылдағы шаруа қожалықтарының басын біріктіру керек" деген пікір қайта талқыға түсіп жүр ғой. Бұл тұрғыда не айтар едіңіз?

 – Өз басым ауылдағы шаруалардың біріге қалатынына күмәнім бар. Өйткені олардың қайсыбірі алдына салған малын өсіріп, шаруасын дөңгелетіп отыр. Мал азығын әзірлеуге де олардың шама-шарқы жетеді. Шаруалардың енді бір бөлігі алдындағы малын қалай бағуды білмей малының басын кемітіп алғандар. Былайша алғанда, олардың бірі істі жүргізе алса, екіншісі, керісінше, істің шырайын кіргізе алмағандар. Ендеше, осы шаруасы жүріп, одан пайда көріп отырған адам шаруасы тұралаған адаммен қосыла қояр ма екен? Кезінде тоқсаныншы жылдары бір шөлмек араққа бір қой беріп ішімдік сатып алып жатқандарды да көрдік. Ал мұндай адамдар қандай шаруашылықтың шаруасын өркендетеді? Сол тұста мұны ойлаған ешкім болмады. Қазір келіп шаруаларға "бірігіңдер" дейміз. Қазіргі заманда жаппай коллективтендіруге көшу мүмкін емес. Себебі біздің мемлекетіміздің заңының өзі жекеменшікті қолдайды. Демек, жаппай бірігу үшін алдымен заңға түзету енгізу керек болады. Сондықтан ендігі бірігудің мәнісі де болмайды. Ендігі кезекте үкімет мал шаруашылығына қатысты халықаралық талапқа сай мемлекеттік жобалармен жұмыс ісетуі керек. Соның бірі ежелгі мал тұқымын сақтап қалуға қатысты мемлекеттік бағдарлама қабылдауы қажет. Қазір қаны бұзылмаған, табиғи таза қазақ малының етіне әлем қызығуда. Халықаралық нарықта мұндай таза еттің құны да жоғары. Болашақта Қазақстанның ет экспортын ұлғайтуды мақсат тұтып отырған ел екенін ескерсек, мұнай бағдарламалар осы саланы жаңғыртуға үлес қосады. Сондықтан нақты осындай қадамдарға бел шешіп бару керек. Қазіргі заманның талабы осы...

Қарлығаш Зарыққанқызы

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться