Facebook махаббат белесін бағындырмақ

21013

Facebook компаниясының әлемнің 19 елінде жұмыс істейтін танысу қызметі бейсенбі күні АҚШ-қа да жетті. Бірақ, талай жыл бойы қолданушылардың жеке мәліметтеріне қол сұққан әлеуметтік желіге адамдар өзінің құпия өмірін аманат ете ала ма? 

Facebook махаббат белесін бағындырмақ

"Фейсбуктың" танысу қызметі Facebook Dating деп аталады. Ол бүгінде Бразилияда, Канадада және әлемнің 17 елінде жұмыс істеп жатыр. Ал, бейсенбі күні бұл қызмет АҚШ-қа да жетті.

Өзінің сандық валютасын жасауға кірісіп, электрондық коммерцияға ден қойған Facebook үшін махаббат – адам өмірінің барлық аспектілерін қамтуға бағытталған тағы бір қадам.

Жаңа қызметтің функциялары Tinder, Bumble тәрізді танысу сайттарына ұқсас. Алайда Facebook олардан бәрібір ерекшеленетінін мәлімдеп отыр. Қолданушының танысу профилі негізгі профилінен бөлек болады. Бірақ ол достарға қосылуға мүмкіндік береді.

Facebook-тің танысу қызметі мобильдік телефонда тегін әрі жарнамадан ада болады. Компанияның құпияны сақтау жөніндегі директорының орынбасары Роб Шерманның айтуынша, Facebook жеке деректерді қорғау жүйесін "нөлден бастап" жасады.

Бірақ бұл сайттың пайда табуды көздемейтініне кейбір қолданушылар сенбейді.

"Facebook танысу қызметін ақша табу үшін ашты. Күндердің-күнінде ол құпияны сақтау туралы уәдесінен тайқып, қысымға шыдамай, пайдаға бет бұрмайтынына кім кепіл. Мысалы,  Facebook менің танысудан не қалайтынымды саудаға айналдырып, жеке өміріме тіпті қол сұғуы әбден мүмкін ғой", - дейді Индиана штатының тұрғыны Сет Картер "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұқбатында.  

Facebook болса, мұның ешқайсына жол бермейтініне мәлімдеп үлгерді. Дегенмен, Картердің алаңдауы негізсіз емес. Биыл жазда Марк Цукерберктің компаниясына АҚШ-тың Федералдық сауда комиссиясы жеке өмір туралы заңды бұзғаны үшін рекордтық 5 млрд доллар айыппұл салды. Сонымен қатар бұл желі сайлаумен байланысты жалған ақпарат таратуға жол бергені үшін жіті тергеуге тартылып отыр.

Facebook Dating қызметі онлайн-танысу нарығы өркендеген шақта іске қосылды. Pew Research Center компаниясының зерттеуіне қарағанда, 2016 жылы Америкада ересектердің 15 пайызы махабаттын табу үшін интернеттің көмегіне жүгінген. Ал, 2005 жылы олардың саны бір пайызға да жетпеген екен.

Кейбір зерттеушілердің пікірінше, қазір бұл нарық толық жауланды деуге болады. Бүгінде тек қана "табысқа ұмтылған амбициялы" адамдарды, фермерлерді, діни топтарды, қарттарды және тағы басқаларды бір-бірімен табыстыратын танысу порталдары өте көп.

Бас директор Цукербергтің мәлімдеуінше, "Фейсбуктің" танысу қызметі "байланысқа ғана емес, елеулі әрі ұзақмерзімдік қатынастар" орнатуға арналған. 

Жоғарыда атап өткендей, қолданушының "Фейсбуктегі" танысу парақшасы негізгі профилінен бөлек ашылады. Оған оқыған мектебің, жұмысың туралы деректерді жазу оңай. Сонымен қатар, сол детальдарды әрлеуге немесе жасыруға және оларға "инстаграмнан" 36 фотоға дейін қосуға болады. 

Тағы бір айта кететін жайт, Facebook-тің негізгі қызметіне тіркелу үшін 13 жасқа толу талап етілсе, танысу функциясынан аккаунт ашу үшін жасыңыз 18-ден төмен болмауы керек және Facebook Dating өздерін "бойдақпын" деп атағандарға қызмет көрсетумен шектеліп қалмақ емес.

Facebook Dating қолданушының жасын көрсетіп, фамилиясын жасыра алады. Ал, біреу ұнаса жүрек иконасын, ұнамаса  “X″ белгісін қоюға болады. Бұған қоса, мұнда қолданушыға серігін Match сайтындағыдай мүдде ортақтығы бойынша немесе негізгі сөздермен іздеуге рұқсат берілмейді. Қысқасы, танысушы Facebook ұсынған қызметпен ғана шектеледі. Сондай-ақ, Tinder тәрізді Facebook Dating де қолданушыға келесі адамға өтпес бұрын, біреудің ұнайтынын немесе ұнамайтынын білдіруді ұсынады.

Facebook-тегі танысу қызметі достарды өзіңізге үйлесетін адам ретінде ұсынбайды және қолданушының танысу профилі негізгі жаңалықтар лентасы мен достарға көрінбейді. Сонымен қатар, Facebook адамдардың танысу профилінен алынған ақпаратты жарнамаға пайдаланбайтынына және Facebook Dating-де жарнама мүлде болмайтынына сендіріп отыр.

Facebook танысушыға оффлайн режимінде ұнаған адамымен кездесуге және онымен қызығатын дүниелерімен бөлісуге көмектесу үшін осы әлеуметтік желідегі топтар мен оқиғалар негізінде сәйкестіктерді де ұсынатынын мәлімдеді.

Facebook пен Instagram-дағы достарын ұнатып қалатын жандар болады. Facebook оларға тоғыз түрлі "махаббат құпиясын" ұсынып отыр. Егер ол адамдар бір-біріне сүйіспеншілігін білдіргісі келсе, Facebook Dating бұл жайтты екі жаққа да ескертеді. Ал, керісінше жағдайда ғашықтық жасырын күйінде қалады.

Facebook-тің қолданушылардың жеке мәліметтеріне қатысты тарихын ескерсек, сол ақпараттың көпке тарамайтынына толық сенім жоқ. Сондықтан, танысушылар өзі туралы деректер көпке жайылып кетсе, ұялуға әзір болуы тиіс.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу