Factcheck.kz неге жазықты болды?

Шенеуніктердің жалған мәліметтерін әшкерелеп жүрген сайттың жұмысы үш айға шектелуі мүмкін. 

Factcheck.kz неге жазықты болды?

"Бұл салық сергелдеңі емес, саяси сүргін". MediaNet халықаралық журналистика орталығы мен Factcheck.kz  сайтының тағдырына араша түсушілер осылай деп дабыл қағып жатыр. Алайда оны "еститін мемлекет" жоқ сияқты. 

2020 жылдың соңына қарай, елде Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы жақындаған тұста бірнеше үкіметтік емес ұйымға бухгалтерлік есеп-қисапты жөндеп тапсырмадыңыздар деген мәндегі ескерту келіп, соның соңы сотқа ұласып отыр. Бүгін орталық коммуникациялар орталығына брифинг өткізуге келген Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиевке осы дау туралы сұрақтар қарша борады.

Әдетте салық рақымшылығына іліккендер туралы ақпарат беріп, салық декларациясының кезең-кезеңмен қалай іске асатынын айтумен шектеліп үйреніп қалған комитет төрағасы өткір сұрақтарға нақты жауа таба алмай, қысылғанда қол астындағы қызметкерлерді көмекке шақырды. БАҚ өкілдері мен шенеунік арасындағы диалогқа брифингтің тізгінін ұстап отырған ОКҚ қызметкері де килігіп, ащы сұрақ қойған журналистердің аузын жабуға тырысып бақты.

Техникалық қателіктің құны 

Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, 2020 жылдың есеп-қисабын тексеру кезінде 16 үкіметтік емес ұйымның құжатынан құқық бұзу анықталған. Солардың ішінде MediaNet жобасы мен Factcheck.kz сайты да бар.

"Салық кодексі бойынша үкіметтік емес ұйымдар шетелдік және халықаралық ұйымдар мен мемлекеттерден ақша не мүлік алғаны, оны жұмсағаны туралы мәлімет беруі керек.  Ол үшін тіпті арнайы есептілік формасы жасалған. Бұл негізі тексеру емес, бұл – камералдық бақылау. Егер салық есебі уақытында берілмесе немесе деректер бұрмаланып берілсе, әкімшілік іс жүргізуге түрткі болады. Жұмыс осылай жүргізілген болатын",  дейді комитет басшысы.

Бұл желеу MediaNet орталығы мен Factcheck.kz сайтының қалың қызметкерін пандемия кезінде табыстан шектеп, жұмыссыз қалдырғалы отыр. Марат Сұлтанғазиев аталмыш ұйымдар сырттан алған ақшасын есеп-қисапта көрсетпеді деген уәжді қайталай берді.

"Жалпы ол жерде екі ғана қате болуы мүмкін. Біреуі – есеп-қисапты тапсырмау, екіншісі – тапсырып, бірақ пайда көздерін көрсетпеу. Егер соның екіншісі болса, міндетті түрде жұмысы үш ай мерзімге дейін тоқтатылуы керек",  деді бас салықшы.

Бір күн бұрын осы дау бойынша Алматыда сот отырысы өткен. БАҚ өкілдеріне сұхбат берген MediaNet орталығының мамандары салықтан жалтармағандарын айтқан болатын. Мемлекеттік кірістер органы көрсеткен есеп-қисаптағы техникалық қателіктер баяғыда түзетіліп, қабылданған көрінеді. Бірақ одан өзгерген ештеңе жоқ.  

Марат Сұлтанғазиев аталмыш ұйымдардың жұмысын шектеуге себеп болған құқық бұзу фактілерін "формалды бұзушылық" деп атады. Алайда сол "формалды бұзушылықтың"  мемлекетке қандай шығын мен зиян келтіргенін айтудан жалтарып кетті.

"Үкіметтік емес ұйым алған ақшасын жарғылық мақсатына ғана пайдалануы керек. Әкімшілік кодексте аталған формалды негіз бойынша салық есебін уақытында тапсырмағаны үшін немесе есепті жалған тапсырғаны үшін айыппұлдар қолданамыз. Құқық бұзу фактісінің құрамы формалды болса да, Әкімшілік кодекс бойынша, оны анықтаған маман хаттаманы орындауға міндетті. Бұл мәселені екі жағынан қарау керек. Бұзушылықты анықтап, айыппұл салған адамдар лауазымды тұлға болып саналады. Олар заңға бағынуға міндетті. Қазіргі заңнамада айыппұл мен қызметін тоқтату жазасы қарастырылған. Яғни, фактіні анықтаған тұлғаның ескертумен шектелу мүмкіндігі жоқ", – деді ол.

Жоғарыдан түскен тізім

Оның сөзіне қарағанда, демократиялық елдерде де есеп-қисапқа құнтсыз қараған үкіметтік емес ұйымдарға қатыгез шаралар қолданатын көрінеді. 

"Халықаралық тәжірибеге сүйенетін болсақ, АҚШ, Ұлыбритания, Израиль сияқты дамыған елдердің заңнамасында да ҮЕҰ-лар үшін дәл біздікіндей нормалар қолданылады. Есепте сырттан алған ақшаны көрсетпегені үшін АҚШ-та, ұмытпасам, 10 мың долларға дейін айыппұл көзделген", – деді Марат Сұлтанғазиев.

Кеше Алматыда өткен сот отырысында айыптаушы тараптан сөз сөйлеген мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері биыл салық сергелдеңіне ілінген 16 ұйымның тізімі қолдарына жоғарыдан түскенін мәлімдеген. Комитет басшысы оның мәнін былай деп түсіндірді. 

"Деректерді біріздендіру орталық аппарт деңгейінде жүзеге асты. Біздің базамыз Қазақстан бойынша бірыңғай. Әркім өзінің лауазымдық міндетінің шегіне қарай ол базаға кіре алады. Біз бұл жерде Салық және Әкімшілік кодекстер бойынша жаза қолдандық", – деді ол.

Салық заңнамасында камералдық бақылау анықтаған кемшілік туралы әуелі салық төлеушіге ескерту жасалып, қателік түзетілмеген жағдайда ғана жаза қолдану қарастырылған. Алайда заңның бұл тармақтары талай шенеуніктің манипуляциялық әрекеттерін әшкерелеп, жалған мәліметтерін жоққа шығарған сайтқа жарамсыз болған сыңайлы. Марат Сұлтанғазиев бұл туралы да мардымды жауап бере алмады. Ол, сондай-ақ, 2018 жылы қозғалуға тиіс істің неге биыл сайлаудың алдында ғана көтерілгенін түсіндіріп бере алмады.

"Бұл жерде жұмыс өндіріп алу мерзімінің аясында іске асып жатыр. Оның есебін түзетпегені, қалай десек те, формалды құқық бұзу болып саналады. Тиісті баптың санкциясы бойынша алған ақшаны көрсетпегені үшін немесе өтірік көрсеткені үшін осындай шаралар қабылданды. Бұл салық заңнамасының нормаларын бұзған жағдай болғандықтан, өндіріп алу мерзімі де салық заңнамасы бойынша есептелуі керек. Яғни 5 немесе 3 жыл. Айыпталушы тарап аудандық басқарманың шешіміне шағым түсірді деп естідім. Енді оны қалалық департамент қарайды",  деп жалтарды.

Бір сөзі бір сөзіне қайшы келген шенеунік "тиісті баптың санкциясы" деп заңның қай бабын айтып отырғанын нақтылап бере алмады.

"Бұл Салық кодексінің жалпы ережелерінде бар. Ірі кәсіпорындар үшін 5 жыл, қалғандары үшін 3 жыл. Мен сізге қазір әр бап бойынша айтып бере алмаймын. Сарапшылар айтып берсін", – деген болатын.

Басшысының сөзін жалғаған департамент директоры Ануар Сүлейменов ондай норма, Марат Сұлтанғазиев айтқандай, Салық кодексінің жалпы ережесінде емес,  Әкімшілік кодекстің 62-бабында қарастырылғанын мәлімдеді.  

Журналистер пандемия кезінде үш ай бойы жұмысыз қалайын деп отырған әріптестерін құтқарып қалу үшін Перзидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "еститін мемлекет" тұжырымдамасы аясында Factcheck.kz сайтының тағдырын сотқа жеткізбей, медиация арқылы шешуді ұсынып көрді. 

"Егер заңға өзгеріс өзгерту керек деп отырсаңыз, қарауға дайынбыз. Ұлттық экономика  министрлігінде жұмыс тобымыз бар. Егер заң өзгертілсе, сол өзгеріс күшіне енген күннен бастап қана жұмыс істейді. Біздің тараптан медиация деген болмайды. Бірақ шағым қарастыру жүзінде талқылауға болады",  деді Марат Сұлтанғазиев.

БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Factcheck.kz сайтының бас редакторы Думан Смақов  бұл сергелдеңнің саяси астары бар екенін айтып жүр. Көзі қарақты оқырман аталған сайттың елдің бірінші басшыларының атышулы мәлімдемелеріне де,  Президент Жолдауы мен министрлердің баяндамаларына да, Үкімет мүшелерінің депутаттық сауалдарға берген жауаптарына да бұлтартпас дәлелдермен факчект жасап жүргенін жақсы біледі.

Есімжан Нақтыбайұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу