"Фиат" пен "Рено" бірігіп әлемнің үшінші ірі автоконцерніне айналуы мүмкін

21244

Fiat Chrysler француздың Renault компаниясына қосылу туралы ұсыныс жасады.

"Фиат" пен "Рено" бірігіп әлемнің үшінші ірі автоконцерніне айналуы мүмкін

Екі автомобиль жасаушы бірігетін болса, олардың жалпы құны 40 миллиард долларға жетеді. Сонымен қатар Renault компаниясы Fiat Chrysler-дің қосылу туралы ұсынысын қабыл алса, қос концерн әлемде электромобиль мен автономдық көлік жасау жарысында ортақ күшке айналады.

Болжамдарға қарағанда, бірлескен компания ғаламның автоиндустриясын өзгеріске ұшыратайын деп отыр: Renault пен Fiat Chrysler қосылса, жылына 8,7 миллион автомобиль шығарып, General Motors-ты басып озып, Volkswagen мен Toyota-дан кейінгі үшінші орынды иеленеді.

"Фиаттың" ұсынысы туралы жаңалық жария болғаннан кейін, биржаларда екі компанияның да акциялары шамамен 10-12 пайызға қымбаттады.

Renault өзіне жасалған ұсынысты "достық пейіл" деп қабылдады. Содан кейін концерн басқармасы Париждің сыртындағы штаб-пәтерінде жиналыс өткізіп, Fiat Chrysler-дің ұсынысын қызығушылықпен зерттеуге кірісетінін хабарлады. "Рено" таратқан мәлімдемеде айтылғандай, екі компанияның синтезі келешекте өндірісті жақсарта түсер еді.

Айта кетсек, бұған дейін Renault жапонның Nissan компаниясымен толық бірікпек болды. Алайда Nissan-ның басшысы Карлос Гон қаржылық заңсыздық үшін Токиода түрмеге қамалғаннан кейін, бұл жоспар жүзеге аспай қалды.

Renault-Nissan-Mitsubishi альянсы әзірге қызмет етіп тұр. Бұл "үштік" өзгелерге қарағанда, жолаушылар көлігін  көбірек шығарып келеді. Fiat Chrysler өкілдерінің сөзінше, ол Renault-пен қосылатын болса, альянстың қауқары артып, қаржысы үнемделер еді. Алайда жапондық компаниялар Fiat Chrysler-дің ұсынысына қалай жауап беретіні әзірге белгісіз.

Fiat Chrysler-дің болжамынша, ол Renault концернімен біріге отырып, ортақ зерттеулердің, сатып алулардың және өзге де бірлескен қызмет түрлерінің есебінен 5 миллиард еуро үнемдей алады. Тағы бір мәлімдемесінде Fiat Chrysler Renault-пен жасалуы мүмкін келісімге зауыттарды жабу мәселесін кіргізбеуге уәде берді. Дегенмен екі жақ бірлескен жағдайда қанша жұмыс орны қысқартылатыны белгісіз.

Екі компания бір-бірін толықтырады: Fiat Chrysler-дің АҚШ нарығында және жол таңдамайтын машина жасау саласындағы орны күшті, ал Renault электромобильдерді жетілдіру жұмыстарында осал еместігін байқатып келеді.

"Бірлескен операция екі тарапқа да пайда әкеледі", – дейді Fiat Chrysler-дің президенті Джон Элканн италиялық журналистерге берген түсініктемесінде. Оның сөзінше, "Фиат" банкротқа ұшыраған "Крайслерді" 10 жыл бұрын өз қарамағына алып, оны шағын көліктер технологиясы мен ноу-хоуға негізделген менеджментке көшірді.

Дегенмен автомобиль нарығы кейіннен күрт өзгерді: Fiat Chrysler Құрама Штаттарда кішкентай автомобиль шығарудан бас тартып, жол таңдамайтын машина жасауға көшті.

Бірқатар сарапшының пікірінше, екі компанияның қосылуына болашақта бұл бірлескен концернді қай жақтың адамдары басқаруға тиіс және қай брендке инвестиция көбірек салынуы керек деген мәселелер кедергі болуы мүмкін. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары Daimler мен Chrysler де тең дәрежеде біріккен еді. Алайда мәдени қарама-қайшылықтар мен өзара айыптаулар нәтижесінде бұл "одақ" ақыры ыдырап тынды. 

Renault компаниясының 15 пайыз акциясы француз үкіметінің иелігінде. Аталған елдің министрлер кабинеті екі компанияның қосылу идеясын "жағымды" деп қабылдап,  Fiat Chrysler-дің ұсынысын "Реноның" өнеркәсіптік дамуы мен жұмысшылардың жағдайы тұрғысынан зерттеуге шақырып, "бізге Еуропада алыптарды құру қажет" деп мәлімдеді.

Италияның оңшыл әрі популистік "Лига" партиясының жетекшісі және премьер-министрдің орынбасары Маттео Салвинидің айтуынша, "Фиаттың" өскені Италия мен италиялықтарға жақсы. Бірақ, Fiat Chrysler франциялық автоконцермен қосылған жағдайда, әрбір жұмыс орны сақталуы керек".

Жапонияда істі болған Карлос Гонға оралсақ, ол Renault-ты Nissan-Mitsubishi-мен біріктірмек болып, жапондарға жақпай қалды. Бұл альянс 2018 жылы сатқан автомобильдердің 36 пайызын ғана Renault шығарған. Сондықтан  Токио француздық автоконцерннің екі жапондық компаниямен толық одақтасқанын қаламады.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу