Кабо-Верде құрамасының 23 жастағы қорғаушысы Сидни Лопеш Кабрал әлем чемпионатының үздік гол авторы атанды. Оның 1/16 финалда Аргентина қақпасына соққан добы турнирдің үздік голы деп танылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кабрал қосымша уақытта айып алаңының сол қапталында Алексис Макаллистерді алдап өтіп, оң аяғымен қақпаның "алыс тоғыздығына" дәл соққы жасаған. Бұл гол Кабо-Вердеге есепті 2:2-ге теңестіруге мүмкіндік берді. Алайда матч соңында Аргентина тағы бір гол соғып, 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Дауыс беру қорытындысында Кабрал Өзбекстан құрамасының капитаны Элдор Шомуродовты басып озды. Оның Конго Демократиялық Республикасына қарсы соққан голы екінші орынға ие болды.
Сидни Лопеш Кабрал әлем чемпионаты тарихында ең үздік гол авторы атанған екінші қорғаушы болып отыр. Бұған дейін бұл марапатқа 2018 жылғы әлем чемпионатында Франция құрамасының қорғаушысы Бенжамен Павар ие болған еді.
Айта кетейік, Кабо-Верде құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатына алғаш рет қатысып, топтық кезеңнен шыққанымен, плей-оффтың алғашқы сатысында Аргентинаға жол берді.