ФИФА-ның тәртіптік комитеті Израиль футбол қауымдастығы (IFA) тиісті міндеттемені бірнеше рет бұзған деген қорытындыға келген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Негізінен шағымдар Палестина тарапынан түскені белгілі болды.
Осыған байланысты IFA-ға кемсітушілік, әдепсіз мінез-құлық және әділ ойын қағидаларын бұзу баптары бойынша санкциялар қолданылған. Мәлімдемеде тәртіптік комитеттің Палестина футбол қауымдастығы тарапынан бұрын көтерілген кемсітушілік айыптауларын тексергені айтылды.
Осыған дейін Палестина футбол қауымдастығы ФИФА конгресінде Израильдің мүшелігін тоқтатуды да ұсынған болатын. Олар Газа секторындағы жағдайға байланысты елдегі футбол инфрақұрылымы толық немесе айтарлықтай деңгейде жойылғанын алға тартқан. Сонымен қатар, палестиналық тарап Израиль лигаларына Батыс жағалаудағы қоныстар командаларының қатысуы мен ойыншылардың жүріп-тұруына қойылған шектеулерге байланысты да шағымданған, – делінген хабарламада.
Қорытындысында Израильдің футол федерациясына ескерту беріліп, 190 мың доллар айыппұл салынып отыр. Оның үштен бір бөлігі кемсітушілікке қарсы шараларды жүзеге асыруға бағытталмақ.
Яғни, Израиль құрамасы алда өтетін үйдегі 3 матчта "Футбол әлемді біріктіреді – кемсітушілікке жол жоқ" деген жазуы бар баннерді өз логотипінің жанында ілуге міндеттелген.