Франчайзинг отандық өнімді тұралатып тастамай ма?

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
3220

2012 жылдан басталған антиресейлік санкциялардан кейін Қазақстан – ТМД-ға ашылған есік болды.

Франчайзинг отандық өнімді тұралатып тастамай ма?

Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылғы өзінің кезекті Жолдауында 2050 жылға дейін шағын және орта бизнестің елдегі жалпы ішкі өнімін 50 пайызға жеткізуді тапсырды. Осы мақсатта қолға алынуы тиіс шаралардың бірі ретінде Қазақстанда ірі франчайзинг жүйесін дамыту керектігін айтқан. Бұл тұрғыда мемлекет басшысы «велосипедті қайта ойлап табудың» қажеті жоқ екенін, уақыт дәлелдеген ірі компаниялардың франшизасын сатып алып, бизнеспен айналысудың тиімді екенін тілге тиек етті.

Ал осыдан тура бір ай бұрын парламенттегі «Ақ жол» партиясы фракциясының депутаттары қазақ кәсіпкерлерінің франшиза сатып алуына үкіметтен қолдау сұрап, үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдаған еді. Араға бір ай салып, үкімет басшысының бұл сауалға жауабы дайын болды.

«Франчайзингті дамыту туралы депутаттық сауалды қарастыра келе мынаны хабарлаймыз. Елде шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жобасы жүріп жатыр. Жоба Қазақстан үкіметі мен Дүниежүзілік банктің Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы 2015 жылдың 20 шілдесіндегі келісімі аясында қолға алынды. Осы жұмыс аясында 2017-2019 жылдар аралығында көпұлтты корпорациялардың тауары мен қызметін тасымалдау жөніндегі шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыруға бағытталған тасымалдаушыларды дамытудың кешенді жұмысын іске асыру жоспарланған.

Бұл бағытта шағын және орта бизнес пен ірі сатып алушылар арасындағы байланысты дамыту қарастырылады. Ол үшін «Атамекен» палатасы жанынан тасымалдаушыларды дамыту қызметі мен тасымалдаушыларды дамыту бағдарламасын құру жоспарланып отыр. Олар трансұлттық корпорацияларға қызмет етуге жетерліктей әлеуеті бар шағын және орта бизнес субъектілеріне бағытталған», – деп жазылған Бақытжан Сағынтаевтың депутаттар сауалына берген жауабында.

Осының аясында шағын және орта бизнес техникалық көмек көрсету, кеңес беру мен менторлықты қамтамасыз ететін қолдау тетіктеріне қол жеткізбек.

«Бағдарламаны дайындау барысында тасымалдаушыларды дамыту бойынша Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын мен халықаралық тәжірибені зерттеу шаралары қолға алынбақ. Осы орайда халықаралық франчайзингтік нарықты зерттеу мен франчайзингті пайдалануды ынталандыру жөніндегі шағын және орта бизнеске арналған мәселелерді енгізу және франшизаны төлеу кезіндегі шығындарды субсидиялау мүмкіндігі, сонымен қатар халықаралық франчайзингтегі басым бағыттарды анықтау жұмысы 2017-2019 жылдарға арналған бағдарламада қарастырылады», – деп жауап берді үкімет басшысы.

Яғни егер мемлекет басшысының тапсырмасы аясында шетелдік ірі компаниялардың франшизасын сатып алуға мүдделі кәсіпкерлерге қолдау көрсете бастаса, шағын және орта бизнес «франшиза дәуіріне» аяқ баспақ. 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджетте бұл мәселеге қатысты қаржы қарастырылмағанымен, үкімет басшысы франшиза сатып алушыларға субсидия бөлу мүмкіндігі бар екенін айтады. Олай болса, франшизаны қолдау бағдарламасына бөлінетін қаржы отандық бизнесті дамытуға қарастырылған қаржыдан жырып алынуы мүмкін деген сөз.

Екінші жағынан, франчайзингке бет бұру Қазақстандағы кәсіпкерлікке мемлекеттік органдардың қысымы мен орынды-орынсыз тексерудің алдын алу шараларына өз үлесін қосар еді. Олай дейтініміз, франшизасын сатқан компания өз өнімінің сапасына, оның дайындалу әдісі мен қолданатын технологияларға меншік құқығын алып, жүз пайыз жауапты болады.

Жалпы Қазақстанға ең алғаш болып кірген Coca-Cola франшизасынан кейін арада 20 жылдан астам уақыт өтсе де, шетелдіктердің жаппай келе бастағаны соңғы 7-8 жылдың айналасы ғана.

Ал 2007-2011 жылдар аралығында франшиза айналымы тура 100 пайыз ұлғайып, қазір 1 млрд долларға дейін жеткен. Нәтижесінде еліміз Орта Азияда осы салада көшбасшы мемлекетке айналып отыр. Айта кетерлігі, 2012 жылдан басталған антиресейлік санкциялардан кейін трансұлттық компаниялар үшін Қазақстан – ТМД елдеріне ашылған қақпа болды. Осының бір мысалы – атақты McDonald`s бренді.

Жалпы бұл саланы заңмен зерттеу Қазақстанда тек 2002 жылы ғана қолға алына бастапты. Осы жылы арнайы «Франчайзинг туралы» заң қабылданып, бүгінге дейін елде 150 брендтің мыңнан астам сауда орны ашылған.

Ақжолдықтардың айтуынша, Қазақстандағы шағын және орта бизнесті дамытудың төте жолы – осы жүйені дамыту. Өйткені «әлемдік көшбасшы компаниялардың франшизасының тым қымбаттығына қарамастан, 21-ғасырда шағын және орта бизнестің 50 пайызы франчайзинг жүйесімен жұмыс істейтіні белгілі», – дейді «Ақжол» депутаттары.

Енді елбасының бастамасымен депутаттар көтергеннен кейін үкімет осы салаға қаржы бөлу мен Қазақстанға нақты компаниялардың өндіріс құқығын алып келуі үшін қажетті компаниялардың тізімін бекітпек.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу