Францияда ПСЖ-ның Чемпиондар лигасындағы жеңісінен кейін 400-ден астам адам ұсталды

255

Жанкүйерлер отшашулар мен жарық-сигналдық ракеталарды іске қосқан.

Францияда ПСЖ-ның Чемпиондар лигасындағы жеңісінен кейін 400-ден астам адам ұсталды Фото: Anadolu via Getty Images

Францияның әр өңірінде футбол жанкүйерлері мен полиция арасында қақтығыстар болып, нәтижесінде 400-ден астам адам ұсталды. Тәртіпсіздіктерге Париждің "Пари Сен-Жермен" (ПСЖ) клубының Чемпиондар лигасының финалында жеңіске жетуі себеп болған. Финалдық кездесу Будапештте өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты ВВС басылымына сілтеме жасап.

Париждегі автобус, теміржол және қала маңындағы көлік қозғалысына кедергі келтірген тәртіпсіздіктердің алдын алу үшін мыңдаған полиция қызметкері жұмылдырылды. Қала орталығында полиция жиналған жұртты тарату үшін көзден жас ағызатын газ қолданды.

Алдын ала мәлімет бойынша, тәртіпсіздіктер кезінде 6 көлік, 2 кәсіпорынның мүлкі және бір автобус аялдамасы бүлінген. Франция Ішкі істер министрлігі жексенбі таңына дейін 416 адамның ұсталғанын хабарлады. Оның 280-і Парижде қолға түскен.

Мұндай жағдай өткен жылы да тіркелген еді. Сол кезде ПСЖ Чемпиондар лигасын алғаш рет жеңіп, мерекелеу барысында болған қақтығыстар салдарынан 2 адам қаза тапқан. Биыл Францияның Ішкі істер министрі Лоран Нюньестің айтуынша, құқық қорғау органдары мұндай жағдайға жақсырақ дайындалған. Соған қарамастан, 7 полиция қызметкері жарақат алған. Министр болған оқиғаларды "мүлдем жол беруге болмайтын әрекет" деп бағалады.

Францияның саясаткері Марин Ле Пен әлеуметтік желіде: "Футбол клубының жеңісі жаппай тәртіпсіздікке ұласатын ел – тек Франция ғана. Тек Францияда ғана адамдар жеңіс кешінде зорлық-зомбылықтан қорқып, үйлерінен шықпай отыруға мәжбүр", – деп жазды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу