Футболдан Қазақстан әйелдер құрамасы Арменияны жеңді

746

Футболдан Қазақстан әйелдер құрамасы Ұлттар лигасы аясында өткен матчта жеңіске жетті.

Футболдан Қазақстан әйелдер құрамасы Арменияны жеңді Фото: kazfootball.kz

Биылғы маусымнан бастап әйелдер арасында да Ұлттар Лигасы өтуде. Оған 51 команда қатысып, үш дивизионға бөлінді.  С лигасының С4 тобындағы екінші турдың кездесуінде Мадияр Кембілов шәкірттері сырт алаңда Армения құрамасын ұтты. Армавирде өткен кездесу 2:1 есебімен қонақтардың пайдасына аяқталды. Қазақстан құрамасы сапынан Әселхан Тұрлыбекова (27 минут) мен Арайлым Орынбасарова (57 минут) гол соқты. Армениялықтардан кездесудің 54-минутында Вероника Асатрян көзге түсті.

Осылайша алғашқы екі турда Қазақстан құрамасы 4 ұпай жинап, соңғы бес жылдағы ресми кездесулердегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Соңғы рет Қазақстан әйелдер құрамасы 2018 жылдың 12 маусымында жеңіске жеткен. Ол уақытта 2019 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Босния және Герцеговинаны 2:0 есебімен тізе бүктірген болатын. Ұлттар лигасы басталар алдында футболшыларымыз ресми кездесулерде қатарынан 20 жеңіліске ұшырады.

Әйелдер құрамасына "БИІК-Шымкент", "Томирис-Тұран", "Оқжетпес" және "Қайрат" ойыншылары шақырылды. Сонымен қатар шетел лигаларынан - ресейлік ЦСКА, "Локомотив", "Енисей", украиналық "Ворскла" командаларынан төрт ойыншы бар.

Топтық кезең аяқталған соң лигада автоматты түрде жоғары/төмен жылжитын командалар, сондай-ақ Ұлттар лигасының бірінші финалдық кезеңінің төрт қатысушысы (А лигасының төрт топ жеңімпазы) анықталады.  Топтық кезеңнің қорытындысы бойынша плей-офф матчтарына қатысушылар да анықталады. Бұл әйелдер арасындағы Еуропалық іріктеу турнирінің топтық кезеңіндегі командалардың бастапқы орындарын анықтау үшін қолданылады. Топ жеңімпазы В дивизионына көтеріледі. Ал үздік үш екінші орын алған (бес топ арасынан) В дивизионына өту үшін плей-офф матчтарын өткізеді.

Естеріңізге сала кетейік, 22 қыркүйекте футболдан Қазақстан әйелдер құрамасы УЕФА Ұлттар лигасының топтық кезеңінің бірінші турында Эстониямен ойнаған болатын. Кездесу Тарту қаласындағы "Тарту Тамме" стадионында өтіп, 0:0 есебімен аяқталды.

Қазақстан әйелдер құрамасы келесі кездесуін 26 қазан күні өз алаңында, 31 қазан күні сырт алаңда Израильге қарсы өткізеді. Ал 1 желтоқсан Эстония, 5 желтоқсан Армения құрамаларын өз алаңында қабылдайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу