Шешуші кездесуде Шымкенттің "Ордабасы" командасы мен Қостанайдың "Тобылы" өзара мықтыны анықтайды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осылайша, Қазақстан кубогының басты ойыны жаңа "Қайсар Арена" стадионындағы алғашқы ресми матч ретінде тарихқа енеді. Ойын 4 қазан күні сағат 19:00-де басталады.
Финалда жеңіске жеткен клуб беделді трофейге ғана ие болмайды, сонымен қатар 2026/27 маусымындағы УЕФА Конференциялар лигасының екінші іріктеу кезеңінен бастап қатысу құқығына қол жеткізеді. Егер "Тобыл" чемпионаттағы алғашқы үштікке кіруді іс жүзінде қамтамасыз етіп үлгерсе, "Ордабасы" үшін бұл халықаралық аренаға шығудың жалғыз мүмкіндігі болып тұр.
Айта кетейік, екі клуб та өз тарихында 2 реттен Қазақстан кубогын иеленген. Бұған дейін де қос команда финалда үш мәрте жолыққан: 2007 және 2023 жылдары жеңісті "Тобыл" тойласа, 2011 жылы кубок "Ордабасының" еншісіне бұйырды.
Кәсіби клубтар арасындағы жарыстарды өткізу дирекциясының басшысы Бақытжан Пазылхайыр ресми пікір білдірді.
– Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елде жаңа стадиондар салу және қолданыстағыларын жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Сол жобалардың бірі – Қызылордадағы "Қайсар Арена". 2025 жылғы Қазақстан Кубогының финалы осы заманауи аренадағы алғашқы ресми матч болмақ. Бұл – маусымдағы ең басты қызықтардың бірі. Қостанайлық клуб чемпиондық үшін таласып жатса, шымкенттіктер Премьер-лигадағы орнын күшейтуге тырысуда. Көрермендер жоғары деңгейлі ойын мен үлкен спорттық тартысты тамашалайды деп сенемін. Әсіресе, қызылордалық жанкүйерлер үшін бұл кездесудің ерекше мәні бар, себебі жаңа алаңда өз жерлестері Асхат Тағыберген өнер көрсетпек, – деді ол.