Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, бұл қызметке нидерландтық маман, Еуропа чемпионы әрі "Аякстың" бұрынғы бас бапкері Джон ван'т Схип тағайындалады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
7 тамыз, сағат 12:00-де Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құраманың жаңа бас бапкерінің есімін ресми түрде жариялайды.
Хабарламаға сәйкес, Джон ван'т Схипті ҚФФ-ның қазіргі бас хатшысы Скотт Манн жақсы таниды. Олар бұған дейін Австралияның "Мельбурн Сити" клубында бірге жұмыс істеген. Әзірге келісімшарттың мерзімі жарияланған жоқ.
Джон ван'т Схип футболшы ретінде Нидерланд құрамасының сапында 1988 жылғы Еуропа чемпионатында жеңімпаз атанған. Ол 1986–1995 жылдар аралығында ұлттық құрама үшін 41 матч өткізген.
Бапкерлік мансабында ол "Аякс" клубының жастар және негізгі құрамын, "Твенте", "Зволле", Австралияның "Мельбурн Сити" мен "Мельбурн Харт", сондай-ақ Мексиканың "Гвадалахара" клубын жаттықтырған.
Сондай-ақ нидерландтық маман ұлттық құрамалармен де жұмыс істеген. 2019-2021 жылдары Грекия құрамасын басқарып, 2022 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде Испания, Швеция, Грузия және Косово құрамаларымен бір топта үшінші орын алған.
Оның ұлттық құрамадағы соңғы қызметі 2025 жылы Армения құрамасында болды. Команданы ақпан айында қабылдап алғанымен, 4 матчта бір ғана тең нәтижеге қол жеткізді. Осыдан кейін сол жылдың тамыз айында келісімшарты бұзылды.