Футболдың бағына, басқа мықтылардың сорына туған "арыстар"

2076

FIFA-ның Цюрихте өткен салтанатты кешінде "The Best" ("Үздік") сыйлығы Криштиану Роналдуға табыс етілді. Ол үздік үштікке енген Лионель Мессиді (26,42%) және Антуанн Гризманнды (7,53%) артта қалдырды. Бұдан екі апта бұрын да Криштиану Роналду "Франс футбол" апталығының "Алтын добын" иеленген еді.

Футболдың бағына, басқа мықтылардың сорына туған "арыстар"

Демек ол – 2016 жылдың талассыз үздік футболшысы.

Мессимен егесте Рони "есеп айырмасын" қысқартты: Мессиде – 5, Роналдуда 4 "Алтын доп" бар.

Бірақ футболды шынайы сүйетін жанкүйерлердің бір өкініші бары рас. Соңғы 9 жылда, яғни 2008 жылдан бері маусымның үздік футболшысы атағына тек Месси мен Роналду ғана таласып келеді. Айтары жоқ, екеуі де талантты футболшы, екеуі де футбол сиқыршысы. Мамандар мен жанкүйерлер "Месси – Құдай жаратқан дарын, Роналду – бүгінгі биігіне өз еңбегімен жеткен мықты" деп әлі таласып жүр. Бірақ осы екеуінің егесінің сыртында қаншама мықты футболшылар ескерусіз қалып жатыр десеңізші?..

Мойындауымыз керек, соңғы жылдары FIFA-ның "Алтын добы" (2010-2015 жылдар аралығындағы "Франс пресспен" біріккен сыйлық) жеке симпатияға қатты тәуелді болып қалды. Әйтпесе, 10 жыл бұрын ғана осы атақ футболшының бас айналдырарлық жеке шеберлігіне емес, командалық табысына орай берілетін. Мысалы 2006 жылы Италия құрамасының қорғаушысы және капитаны Фабио Каннаваро әлемнің ең үздік футболшысы атанды. Ал қазір қорғаушы әлемнің теңдессіз футболшысы атанды десе, күлетіндер көп. Каннаваро сол жылы Италия құрамасының сапында әлем чемпионы атанды, алайда жылдың екінші жартысында "Реалдың" тасқамал қорғаушысы бола алған жоқ. Соған қарамастан, маусым соңында оны футбол мамандары, журналистер мықтылардың мықтысы деп мойындады.

2008 жылдан бастап футболда Месси-Роналду гегемониясы орнады. Басқа мықтылар әлем, я құрлық додасын жеңіп алып жатсын, чемпиондар лигасында дара шықсын, басты додаларда таңдай қақтырарлық голдар соқсын, бәрібір жүлде екеуінің ғана бәсекесі. Жұрт "осы жолы "Алтын допты" кім алар екен?" деп емес, "екі мықтының қайсысы алар екен?" деп күтетін болды.

2010 жылы Испания құрамасының жартылай қорғаушылары Хави мен Иньеста үздік үштікке қатар еніп, Мессимен бақ таластырып көрді. Испаниялықтар сол жылы өз тарихында әлем чемпионы атағын тұңғыш рет иеленген-ді. Сондықтан Хави мен Иньестаның қайсысы "Алтын допты" төбесіне көтерсе де артық болмас еді. Алайда Аргентина құрамасымен әлемдік доданың ширек финалынан аса алмаған, дәл осы кезеңде Германиядан 0:4 есебімен жеңілген Лео Месси күллі дүниенің кереметі деп танылды... Біздіңше ол атаққа барселоналық қос мықты әбден лайық еді.

2014 жылы да осыған ұқсас жағдай болды. Соңғы тізімге Месси, Роналду және Мануэль Нойер ілікті. Нойер сол жылы Германия құрамасы сапында әлем чемпионы атанды. Қақпашы өнерін жоғары деңгейге көтеруімен жұртты тәнті етті. Алайда ол 15,72% дауыспен үшінші орында қалды. Үздік – сол жылы Чемпиондар лигасында топ жарған Криштиану Роналду. Құдай-ау, Чемпиондар лигасы жылда өтеді, мықтысы жыл сайын анықталады. Ал әлем чемпионаты деген – футболдың ең биік шыңы ғой... Бұл жылы Месси әлемнің вице-чемпионы атанған-ды, яғни Роналдудан жүлдесі мықтырақ болды.

Міне, осындай "әділетсіздікке" ішіміз күйіңкірейді. Әрине, Месси мен Криштиану Роналду – футбол бағына туған дарындар. Бірақ солардың хас дарыны Хави, Иньеста, Нойер, Гризманн, Рибери, т.б. мықтыларды көлегейлеп келеді.

Дегенмен 2016 жылы Криштиану Роналдудың үздік атануы дұрыс-ақ. Өткен жылы ол Португалия құрамасы сапында Еуропа чемпионы атанды. Тарихта тұңғыш рет Португалия топ жарды. Одан бөлек Роналдудың Чемпиондар лигасындағы жеңісі және бар.

Тауық жылы екеуінің салтанаты тағы жалғаса ма, әлде...

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу