Футзалдан Қазақстан құрамасы Нидерландымен кездеседі

800

Футзалдан Қазақстан құрамасы 2024 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңінің элиталық раундындағы алғашқы ойынын өткізеді.

Футзалдан Қазақстан құрамасы Нидерландымен кездеседі Фото: kff.kz

15-нен 16 қыркүйекке қараған түні футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2024 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Алмере қаласында Нидерланд құрамасымен сырт алаңда ойнаса, 20 қыркүйекте Алматының Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында Румынияны қабылдайды. Осы орайда Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Біржан Оразов Нидерланд құрамасына қарсы өтетін матчқа байланысты өз пікірін білдірді.

"Алматыда басталған оқу-жаттығу жиыны өте жақсы өтті. Басты жоспарымыз Әлем чемпионатының элиталық іріктеу кезеңіне сапалы дайындалу. Алғашқы ойынды жеңіспен бастағымыз келеді. Нидерланд құрамасының деңгейі жылдан жылға өсіп келе жатыр. Сол себепті ойын оңай болмайтыны анық. Өз алаңында көптеген жанкүйерлер де қолдау көрсетеді. Ал біз өз күшімізді көрсетіп, жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деп ойлаймын" - деді Оразов.

Кездесулер Алматы мен Нидерланд елінің Алмере қаласында өтеді. Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Рикардо Кака 2024 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі Нидерланд пен Румынияға қарсы өтетін ойындарға шақырылған ойыншылардың тізімін жариялады. Тізімге 16 ойыншы енді.

Қақпашылар: Игита, Нарун Серіков (екеуі де – "Қайрат"), Нұралем Байдулла ("Атырау");

Алаңдағы ойыншылар: Дуглас, Эдсон, Біржан Оразов, Дәурен Тұрсағұлов, Альберт Ақбалықов, Жахангир Рашит (барлығы – "Қайрат"), Тайнан ("Спортинг", Португалия), Азат Валиуллин, Расул Әбдуманапұлы (екеуі де – "Аят"), Шыңғыс Есенаманов, Райымбек Жұма, Жомарт Тоқаев (барлығы – "Семей"), Арнольд Кнауб ("Жетісу").

Айта кетейік, іріктеудің элиталық кезеңінің А тобында Әзірбайжан мен Румыния құрамалары да өнер көрсетеді. Топ жеңімпазы әлем чемпионатына тікелей жолдама алады. Екінші орын алған команда плей-оффқа шығады. Негізгі кезеңде Қазақстан Словения мен Черногория құрамалары сынға түскен топта жеңіске жетті. Әлем чемпионаты 2024 жылдың күзінде Өзбекстанда өтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу