"G4 City шаһарлары шампурға қадалған шашлықты елестетеді"

2161

Сарапшылардың айтуынша, бұл жоба Алматыда "қасіретті қаңтар" оқиғаларының қайталануына жол бермеудің қамы болып табылады.

"G4 City шаһарлары шампурға қадалған шашлықты елестетеді"

Бүгін Алматы облысына сапары аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев G4 City жобасымен танысып, оның тұжырымдамасын мақұлдады.

Жалпы Алматының жанынан 4 спутник қала салу идеясының айтылғанына он жылдай уақыт болды. Сол кездің өзінде сарапшылар ең ірі мегаполисте адамдар шектен тыс жиналып жатқанын, баспанасыздар тым көп екенін, мұның соңы әлеуметтік жарылысқа ұласуы мүмкін екенін ел басшылығына ескертті. Алайда бұрынғы билік осы маңызды жобаны жүзеге асырмады.

Енді Жаңа Қазақстанның лидері құптаған мега-жобаға сәйкес, Алматы-Қонаев қалалары арасындағы автотрассаның өне бойында G4 City шаһарлары бой көтеруге тиіс. Төрт заманауи ауданға ағылшын тіліндегі атаулар берілді: Gate District (Дарбаза ауданы), Golden District (Алтын аудан), Growing District (Өркенді аудан), Green District (Жасыл аудан).

Gate Distrtict-те – жаһандық қаржылық-іскерлік кластер орналасады. 

Golden District-ке – Алматыдан университеттер, ғылыми-зерттеу институттары, клиникалық орталықтар, ауруханалар сияқты білім беру және медициналық ұйымдар көшіріледі деп күтілуде.

Growing District-те – экспортқа бағдарланған сауда-логистика және инновациялық-индустриялық өнеркәсіп кәсіпорындары, арнайы экономикалық аймақ шоғырланады.

Green District – курорттық кешен қызметін атқаруға тиіс, онда мәдениет және демалыс орындары, гемблинг индустрия нысандары мен арнаулы парктер бой көтермек.

Мұның бәрі не үшін керек?

"Бұл жоба бұрын тым қымбат, өзін ақтамайтын жоба деп танылған. Экономистер солай дейді. Бірақ қаңтар оқиғаларынан кейін осы идеяға қайта оралған көрінеді. Себебі мұның әлеуметтік, саяси орындылығы бар. Жұмыс іздеген адамдар барлық дерлік оңтүстік өңірлерден Алматыға ағылады. Бәрі бірдей орнын таба бермейді. Бірқатары қылмыс әлеміндегілердің қатарын толықтырады. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, 2021 жылы Алматы еліміздегі №1 қылмыстық қалаға айналған. Жыл басынан бері Қазақстанда 124 383 қылмыс тіркелсе, соның 20 мыңдайы жалғыз осы мегаполиске тиесілі. Ең криминогенді өңірлердің үштігіне Алматы, Астана қалалары және Алматы облысы кірді. Мысалы, Алматыда 2018 жылы кісі өлтіру қылмысы бірден 10 еседей өсіп шыға келген. Демек, Алматыға шектен тыс жиналған халықты сыртқа, өзге аудандарға әкету өзекті. G4 City жобасы осы миссияны орындайтын болса керек", – деді экономист.

Жобаны әзірлеуге жауапты Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, болашақта осы жаңа 4 спутник қалада мегаполиске бара-бар көлемде адам тұрады: даму перспективасы бойынша G4 City 2,2 миллионға дейін халық мекендейтін интеграцияланған қала болады.

Қазақстанның Құрметті сәулетшісі, Халықаралық сәулет академиясының профессоры Аманжол Чиканаев қарқынды урбанизацияның теріс жағы барын ескертті. Халықтың бір мегаполис айналасында бейберекет, стихиялы түрде шоғырлануы теріс салдарларға соқтырады.

"Алматыда бұдан бұрын да "Шаңырақ" қанды оқиғасы болған. Жетімбұрыш жағалаған баспанасыз, табыс көзі жоқ, жұмыссыз адамдардың көптеп жиналуы әлеуметтік кернеу нүктесінің пайда болуына әкеледі. Ендеше бұл үрдіс реттелген, бағдарланған болуға тиіс. Өз азаматтарымыз үшін де, сырттан келіп жатқан мигранттар үшін де Алматы әрдайым тартымды: табиғаты тамаша, карьера жасауға, әлеуетті жүзеге асыруға мүмкіндік әлдеқайда мол, қызмет көрсету саласы жақсы дамыған. Қаржы көздері сонда топтасқан. Нәтижесінде, көркем тілмен айтқанда, жыл сайын Алатау бөктеріндегі осы қалаға еліміздің өзге өңірлерінен тұтас бір шағын қала түп көтеріле, көшіп келеді. Жаңадан келген ондаған мың адамға баспана, басқасы керек. Ал тұрғын үй, әлеуметтік нысандар салу үшін қалада жер учаскелері жетіспейді", – деді белгілі архитектор.

Ол G4 City бастапқы жобасы сынға ұшырағанын жеткізді. Жаңа 4 спутник қаланы тұрғызу үшін сол кездегі билік Қапшағай трассасы бойында 4 үлкен жер телімін таңдап алды. Бірақ ол жердің бәрі құнарлы егістік алқаптары: қарбыз, көкөніс, бау-бақша өсімдіктері, биіктігі 3 метрге дейін баратын жүгері өскен. Оның бәрін мемлекет алып қоя бастады.  

"Мемлекет ол аудандарға инженерлік желілерді тартуға, инфрақұрылым салуға міндеттеме алды. Бірінші қаласын салуға бастапқы кезеңнің өзінде бюджеттен 30 миллиард теңгеден артық қаржы шығындаған. Алайда ештеңе де салмаған. Мұны тексеріс көрсетті. Содан соң жоба қатырылып тасталды. Ашығын айту керек, бұл 4 ауданды салу коммерциялық тұрғыдан өте тиімді. Мемлекет барлық инженерлік, коммуникациялық желіні тартып береді. Қолдау көрсетеді. Ол уческелерде ешқандай ескі нысандарды сүру қажет емес. Жер телімдерін иелерінен сатып алу да керек емес. Аумақ дәл трассаның іргесінде орналасқан. Негізі, шампурдағы кәуап-шашлық сияқты жаңа трасса осы 4 ауданды түйреп өтеді. Бірақ бұл жеткіліксіз. Ол жерде екі деңгейлі жерасты не жерүсті өтпелерді, жол айырықтарын салу қажет болады. Өйткені алып автомагистральдің арғы-бергі бетіндегі тұрғындарға бір бірімен араласу керек қой", – деді Аманжол Чиканаев. 

Сарапшы бір нәрсеге назар аудартты: коммерциялық тұрғыдан тиімді болғандықтан жаңа шаһарларда құрылыс компаниялары тез арада қаптатып көпқабатты тұрғын үй салып тастай алады. Бірақ сонымен бірге ол жерде аурухана, мектеп, балабақша және басқа да әлеуметтік нысандар болуы шарт. Ал бұлар қолданыстағы қалаларда да жетіспей жатыр. Бұған қоса, оларда жұмыс орындары ашылғаны маңызды. Әйтпесе жұмыссыздық өршісе, олардың өзі әлеуметтік кернеу ошақтарына айналып шыға келуі ықтимал.

Әзірге сарапшылардың бағалауынша, жобада көзбояушылық көп. Мысалы, жобада "G4 City 2050 жылға қарай 1,1 миллионнан астам жұмыс орнын қамтамасыз етеді" деп жазылған. Сонша жұмыс орнының қандай зауыт-кәсіпорындарда, компанияларда құрылатыны нақтыланбаған. 

Атап айтқанда, кез келген қала жобасы ең құрығанда – бір, дұрысы – бірнеше қала қалыптастырушы кәсіпорынға, кен орнына негізделеді. Соның айналасында дамиды. Ал G4 City-де әзірше қала құраушы кәсіпорындары жоқ. Алдымен солар пайда болып, содан соң олар өздеріне жұмыскерлерді отбасыларымен бірге тарта бастауға тиіс еді. Тұрғын үй қоры да соның негізінде дамиды.

"Мен Ұлыбритания, Франция және басқа мемлекеттердің спутник қалаларды қалай тұрғызғанын зерттедім. Мысалы, Лондон билігі ел астанасына тұрғындардың шектен тыс шоғырланбауына өткен ғасырлардан бері мән беріп келеді. Осы мақсатта серік қалалар жобаланды. Бірақ оған барынша ойластырып, дайындықпен келді. "Үлкен Лондон" жобасы әзірленді. Халықты біртіндеп орталықтан шетке қарай жайғастырды. Одан бұрын жаңа аумақтарда өнеркәсіптік объектілер, кәсіпорындар салды. Бірақ сол жаңа қалада жұмыс таба алатынын, тиісті біліктілігі барын растайтын анықтамасы болмаса, Лондон тұрғындарына ол жаққа көшуге рұқсат етпеген. Яғни, жаңа серік қалаларды дамытудың барлық мәселелерін реттеген. Ал бізде құрылыс олигархтары ғимарат, тұрғын үйлерді тез салып, қаржыны жылдам игеріп тастауға асық тұрады", – деп сақтандырды сәулетші А.Чиканаев.

Алматы облысы әкімдігінің дерегінше, G4 City аясында тіпті жаңа халықаралық әуежай салу қарастырылған. 

Тұсаукесерде G4 City – жаңа экономикалық қалаға және жаңа Жібек жолы бойында орналасқан жаһандық туристік орталыққа айналады деп таныстырылды. 

"Онда ойын-сауық және туристік орталық құрылады: табиғи объектілер салынады, MICE туризмі дамытылады. Білім беру инфрақұрылымы және әлемдік деңгейдегі медициналық туризм өркен жаяды. Халықаралық және өңірлік спорттық іс-шараларды өткізуге арналған халықаралық спорттық туризм, соның ішінде ат туризмі және Қапшағай су қоймасы жағасындағы мәдени туризмді өңірлік және тау туризмімен ұштастыра отырып дамыту жоспарланған", – делінген жобада.

Құжатта әр ауданның жаңбыр суын қайта пайдалану үшін жинағыш тоғандармен қамтамасыз етілетіні, әр тоғанның ауданы шамамен 1 150-1 600 гектар болатыны көрсетіліпті. 

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, G4 қала аудандарында қолайлы инвестициялық аймақ құрылады. Халықаралық брендинг және маркетинг стратегиясы әзірленеді. Зәкірлік жобаларды қолдау үшін қажетті негізгі инфрақұрылым дамытылады. Соның ішінде шетелдегі ірі қалалармен тікелей рейстар арқылы байланыстырылатын халықаралық деңгейдегі жаңа әуежай, жаңа теміржол желісі мен теміржол вокзалы салынады. Алматымен метро арқылы байланыстырылуы мүмкін. ЛРТ станциясы, жаңа жол-көлік инфрақұрылымы тартылады.

Тұжырымдамада ойын индустриясын дамыту да жоспарланған. Соған қарағанда, болашақта заңнама өзгертіліп, осы серік қалаларда казинолар, букмекерлік кеңселер ашылуы да ғажап емес.

Алматы облысы әкімдігінің хабарлауынша, G4 City жобасын қала салу және инфрақұрылымдық даму саласындағы әлемдегі жетекші компания әзірлепті: компания Сингапурдың Temasek Holdings егемен қорына бағынады. Әкімдік әлемдік стандарттар мен талаптарға сәйкес, онда LRТ тұрғызылатынын және ол экологиялық таза әрі қауіпсіз көлік түріне айналатынын мәлім етті. Бірақ оның қаншаға түсетінін нақтыламады. Ал миллиардтаған долларға түскен Астанадағы ЛРТ аяқталмақ түгіл, даудан арыла алмай жатыр.

Жобада тағы бір жайт елең еткізді. Билік Астананы халықаралық қаржы орталығы ретінде дамыта алмай жатқаны жасырын емес. Енді серік қаланың бірі халықаралық қаржы орталығы ретінде дамытылмақ. 

"Gate District-те Халықаралық қаржы орталығы орналасады. Ол бағалы қағаздар, сақтандыру және банк ісі нарығын қоса алғанда, қаржылық қызметтер мен капитал нарығы үшін қолайлы орта құруға қызмет етеді. Қазақстан экономикасына инвестициялар тартуға арналған. Кеңселер, банктер және басқа да қаржы мекемелері мұнда жоғары шоғырланады. Ол G4 City-дің коммерциялық және іскерлік орталығы болады", – делінген тұжырымдамада.

Gate District негізгі ғимараттарының бірі – Бас жоспар және халықаралық кездесулер орталығының ғимараты болады. Сонда G4 City қалаларының демонстрациялық қалалық галереясы орналасады. Орталықтың негізгі міндеті – Қазақстан, Сингапур және басқа елдердің кәсіпорындары арасында халықаралық екіжақты ынтымақтастықты жолға қою болатын көрінеді. Бұл іске Қазақстан жағынан жергілікті әкімдіктер мен АХҚО, ал Сингапур тарапынан Сауда және өнеркәсіп министрлігі, Сингапур бизнес-федерациясы және SJ қолдау көрсетпек. Бұл орталық алғашқы инвесторлар мен халықаралық компанияларға "бір терезе" қағидаты бойынша қызмет көрсететін болады. 

Қағаз бетінде бәрі керемет, өмірде орындалуы қалай болатыны белгісіз. Үкіметке Алматы облысының әкімдігімен бірлесіп, G4 City қаласын дамыту Бас жоспарының тұжырымдамасын бекітуге тапсырма берілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу