Gallup: Путинді қызу жақтайтын қазақстандықтардың үлесі анықталды

8640

Сүйсіну мен жек көрудің арасы бір-ақ қадам екен. Небары бір жылда РФ лидері жаһан жұртшылығы үшін айбынды тұлғадан жексұрынға айналып шыға келіпті. Гэллап институтының зерттеуі осыны көрсетті. 

Gallup: Путинді қызу жақтайтын қазақстандықтардың үлесі анықталды Фото: 24newnews.ru

Gallup қоғамдық пікірдің америкалық институты бүкіл әлем бойынша жүргізген кең ауқымды әлеуметтік зерттеудің қорытындысын жариялады.

Байлам біреу: халықаралық қауымдастықтың басым бөлігі Ресей басшылығының қанқұйлы ісін құптамайды, В.Путиннің өзін жаратпайды.

Халықаралық сарапшылардың айтуынша, ресейлік пропаганда 2000 жылдан бері Владимир Путиннің "мачо", "альфа", қолынан келмейтіні жоқ ғажайып лидер имиджін үздіксіз қалыптастырды.

Мысалы, ғаламшардағы тіршілік иелерінің тағдыры мен экологияға бей-жай қарамайтын тұлға екенін паш ету үшін 2012 жылдың қыркүйегінде Путин Окск қорығында өсірілген, Қызыл кітапқа енген Сібір тырналарын (стерх) құтқаруға бағытталған сынаққа қатысты. Ол құстар тізбегін бастап, дельтапланмен ұшты. Бұл жоба "Үміт сапары" деп аталды: қолда өсірілген стерхтер оңтүстікке жолды таба алмайды, оларды орнитологтар бастап жүріп, жөн көрсетеді. Яғни, Кремль қожайыны құс көшбасшысына да айналды. Бірақ кейін журналистер орнитологтардан анықтағандай, ақ киім киіп ұшқан Путинге ақыр соңында екі тырна ғана еріпті, қалғаны артта қалып қойған.

2013 жылғы шілдеде В.Путин Фин шығанағының шыңырау түбіне батискафпен түсіп, сонау 1869 жылы батып кеткен "Олег" фрегатын зерделеп, өзін ештеңеден қаймықпайтын батыл адам ретінде көрсетті. 

Мәскеу басшысы бұрынғы жылдары өзін спортшы ретінде танытып келді. Тіпті бүгінде Украина соғысында пайдаланылып жатқан ресейлік радиоэлектронды күрес кешенінің бірі "Дзюдоист" аталады. Оның өзінен бойшаң, еңгезердей жас жігіттерді татамиде алып соғып жатқан видеолары телеарналардан жиі көрсетілетін.

Ол сондай-ақ хоккеймен кәсіби түрде айналысқан болып, америкалық NHL жұлдыздары шақырылған турнирлерде ойнаған болып жүрді. Мысалы, РФ ақпарат құралдары 2015 жылғы мамырда өткен Түнгі хоккей лигасының гала кездесуінде Путиннің тек бір матчта бір өзі қарсыластың қақпасына 8 гол салғанын жаһанға жариялады. Ал стадионда соның құрметіне "О боже, какой мужчина" хиты шырқалды. Әрине, хоккейшілер президентке қарсы толық күшінде ойнай алмаған.

2014 мамырда Путин Амурдағы Желінді қорығында қолда үйретілген жолбарысты өзі еркіндікке жіберді. Кейін белгілі болғандай, бұл сынақ сәтсіз аяқталған, жолбарыс сол бойы тордан шықпай қойыпты. Тоқпен қорқытып қуған.

Оның 2010 жылы Lada Kalina көлігімен елдің жартысын аралап шығуы, 2011 жылы Таман шығанағында теңіз түбіне сүңгіп, жәдігерлерге толы құмыра-амфораны табуы, бірнеше рет әскери жойғыш ұшақты басқарып ұшуы, төсін жалаңаштап, атқа шабуы және басқасы халықаралық қоғамдастық алдында оның нағыз еркек бейнесін қалыптастырудың талабы еді.

Ал халықаралық беделін нығайтқан науқан – Сирияның үлкен бөлігін жаулап алған ИГИЛ-Даеш лаңкестік топтарын талқандап, ресми Дамаск билігін нығайтуы болды. Бірақ халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар ресейлік әскердің "терроршылар" деп жала жауып, Башар Асадтың озбыр саясатына қарсы шыққан оппозицияны қолдаған елді мекендердің тонналық ауыр авиабомбалармен тып-типыл қылып, жойып жатқанына дабыл қақты. Сонымен қатар мәмлүк, түркі бабаларымыздың мирасы болған Алеппо, Пальмира сияқты тарихи қалалар жермен жексен етілді.

РФ пен Асад әскерлері оның билігіне наразы болып, қолына қару алған түркітілдес ұлыстарды, туркомандарды толық қырып тастай жаздады. Бұл қырғыннан Сирияның осы бөлігіне әскер кіргізген Түркия ғана құтқарып қала алды. Ал күрдтерге АҚШ әскері көмекке келді.

РФ әскерінің "әлемдегі №2 армия" атанатын кезі де сол болатын.

Алайда Мәскеу былтырғы 24 ақпанда Украинаға соғыс ашқанда осы имидждің, көзбояушылықтың тоз-тозы шығып күйреді. РФ әскерлері әуе шабуылына қарсы қорғанысы бар, білікті бір басшылыққа бағынған кәсіби, тұрақты армиямен бетпе-бет келіп, ойсырай жеңілді. Ал Кремльдің қожайыны бейбіт тұрғындарды, соның ішінде тіпті өз идеологиясының ұстыны саналатын орыс тілді азаматтарды аяусыз қырудан тайынбайтынын білдіріп алды.

Сондықтан Gallup зерттеуінің қорытындысы әлем жұртшылығының осы адамға және оның командасына деген қазіргі көзқарасын шынайы көрсетіп отырса керек.

Суретте қап-қара бояумен В.Путинді тұрғындарының 90 пайыздан астамы жақтырмайтын елдер боялған.

Қазақстан ол елдердің қатарында жоқ. Бірақ Gallup зерттеушілері қазақстандықтар арасында былтырдан бері Ресейді және Путинді қолдайтындар қатары күрт азайғанын атап өтеді. Нақтыласақ, егер 2021 жылы Қазақстан тұрғындарының 55%-ы Путиннің бейнесіне және ісіне сүйсінетінін жеткізіпті. Ал 2022 жылы Путинді қолдаушы қазақстандықтардың үлесі 29%-ға дейін құлдырады. Бұл адамдар негізінен, еліміздің солтүстік, орталық, шығыс және ішінара батыс өңірлерінде тұрады. Кесте     

Gallup дерегінше, Ресейді ғайбаттап, Украинаны қызу қолдайтын қазақстандықтардың үлесі 2021 жылғы 20%-дан былтыр 50%-ға дейін күрт артты.

Жалпы, Гэллап институтының ауқымды зерттеуі әлемдегі 137 елдің тұрғындарын қамтыды. Тұтастай алғанда, әлемде РФ билігіне теріс қарайтын адамдардың үлесі бір жылда бірден 19%-ға ұлғайды. Сөйтіп, 2021 жылғы 38%-дан 2022 жылы 57%-ға жеткен. Бұл институт тарихындағы рекорд көрінеді: осындай рейтингтер құрыла бастаған 2007 жылдан бері бірде бір тұлға әлем жұртшылығының осынша жеккөрінішін туғызбаған екен.

Қазақстанға кең таралып жатқан ресейлік пропагандаға сенсек, Ресей де, оның президенті де ешқандай оқшауланған жоқ, керісінше көптеген ел оны құптайды, америкалық гегемониядан құтқаратын көшбасшы санайды. Бірақ шынында, зерттеу көрсеткендей, дүниежүзінде В.Путинді қолдайтындардың үлесі бір жылда 33%-дан 21%-ға құлаған.

Кремльдің қарау істеріне деген қарсылықтың радикалды түрде өсуі Балтық елдерінде және Батыста тіркелді. Мысалы, соғысқа дейін Литва тұрғындардың 44% ғана Мәскеудің саясатына наразы болса, бүгінде бұл көрсеткіш ел халқының 91%-ына жетті.

РФ басшысын суқаны сүймейтін тұрғындардың үлесі Тайванда 2021 жылғы 26%-дан былтыр 72%-ға дейін, Румынияда 37%-дан 79%-ға дейін еселеп артып шыға келді.

Тіпті АҚШ үстемдігімен күресетін, тиісінше Кеңес заманынан бері Мәскеудің одақтасы саналатын Латын Амеикасы елдерінде РФ басшылығын қолдамайтын тұрғындардың үлесі жалпы алғанда осы бір жылда 31%-дан 61%-ға көбейді, ал құптайтындар үлесі керісінше, 37%-дан 16%-ға құлдырады.

Мәскеу пропагандасы кең таралатын және Пригожиннің заңсыз қарулы құрылымдары белсенді қимылдап жатқан Африкада, Сахарадан оңтүстікке қарай орналасқан елдерде Кремльді қоштау көрсеткіші 45%-дан 35%-ға төмендеді. Бірақ оған ашық қарсы шығатын тұрғындардың үлесі де көп емес: 32%.

Елінің азаттығы, жерінің бүтіндігі үшін соғысып жатқан Украина халқын және оны қолдаушыларды ең бастысы, Батыс елдеріндегі әлеуметтік көңіл-күй көбірек мазаласа керек. Себебі, ресейлік пропаганда өткен жыл бойы Батыстың Украинадан шаршағанын айтумен болды. Бұл сандыраққа тек Еуропа мен АҚШ-тың танк және басқа да шабуыл қаруын жеткізе бастауы тоқтау салды.

Сонымен, Gallup анықтағандай, америкалықтардың 93%-ының және канадалықтардың 91%-ының РФ басшылығына қатысты көзқарастары теріс. Польша тұрғындарының 95%-ы және Украина тұрғындарының 96%-ы В.Путинге жаны қас. Еуропалық мемлекеттердің тағы онында бұл көрсеткіш 90%-дан асты.

"Ресейдің Украинаға шапқыншылығы АҚШ пен оның одақтастарын ғана мазалайды деген пікірдің жаңсақ екені анықталды. Бұл түйткіл барлық дерлік елдердегі адамдарды алаңдатады. 137 елдегі Gallup сауалнамасы көрсеткендей, Украинаға қарсы кең ауқымды соғыс ашқалы, Ресейдің беделіне қатты нұқсан келді. Gallup әлемдік лидерлердің рейтингін қадағалай бастағалы бері, тұңғыш рет тек Ресейдің көшбасшысы ғана әлем халқының осынша жеккөрінішін тудырғаны әшкереленіп отыр", – делінген ұйымның баспасөз хабарламасында. 

Айтқандай, әлемде РФ–Украина арасындағы соғысқа бейтарап, селсоқ қарайтынын, оның өзіне қатысы жоқтығын айтатын адамдар да бар. Зерттеу барысында дүниежүзінде мұндайлардың үлесі небары 18% ғана екені белгілі болды. Бірақ сарапшылар әлемдегі экономикалық тізбектердің бұзылуы, қымбатшылық, инфляция, дағдарыстар соғыстың салдары саналатынын еске салады. Демек, Еуропа мен ТМД кеңістігіндегі сұрапыл қарулы қақтығыс Жер шарындағы әрбір континент пен әрбір адамға тікелей немесе жанама әсер етіп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу