Ғалым COVID-19 пандемиясынан зардап шекпеген салаларды атады

5819

Коронавирус пандемиясы ауыл, құрылыс, өңдеуші өнеркәсіп салаларына кері әсерін тигізбеген. Бұл туралы Applied economics research centre ғылыми жетекшісі Жақсыбек Күлекеев айтты.  

Ғалым COVID-19 пандемиясынан зардап шекпеген салаларды атады

Алдымен ғалым 2020 жылы коронавируспен күреске Қазақстан үкіметі бюджеттен шамамен 6 триллион теңге бөлгенін атап өтті.

"Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 2,60%-ға төмендеді. Бұл – соңғы 20 жылдағы алғашқы төмен өсім. Алайда тек Қазақстан емес әлемдегі көптеген мемлекет өткен жылы теріс өсім көрсетті. Жалпы әлем экономикасы 2020 жылы 4,3%-ға төмендеді", – деді ол "Қазақстанда тауар жеткізу саласын дамыту" тақырыбында өткен конференцияда.

"Бюджетке 2,4 триллион теңге түскен жоқ"

Оның айтуынша, Қазақстанда өткен жылы инфляция көрсеткіші (7,5% – автор. 2020 жылдың желтоқсанынан 2019 жылдың желтоқсанын салыстырғанда) жоғары болған.  

"Үкімет экономикаға қолдау көрсету үшін қомақты қаржы бөлді. Ақша-кредит саясатын сәл жеңілдетілді. Жұмыс істеп тұрған субъектілерге айтарлықтай жеңілдіктер жасалды. Әсіресе, шағын және орта бизнес өкілдері көптеген салық түрінен босатылды және тағы басқа жеңілдітер жасалды. Осыған байланысты мемлекет бюджетіне 2,4 триллион теңге түскен жоқ", – деді ғылыми қызметкер.

Күлекеев дағдарысқа қарсы шаралардың жүргізілгеніне қарамастан  халықтың негізгі табысы өткен жылы шамамен 4%-ға төмендегенін айтты. Мұндай жағдай соңғы 20 жылда алғаш рет болып отыр.

Коронавирус салдарынан қатты зардап шеккен салалалар

Ғалым COVID-19 пандемиясынан қандай салалар қатты зардап шеккеніне тоқталды.

"Бірінші, транспорт және қойма саласы. Оның отандық экономикадағы үлесі – 8,60%. Мұнда Қазақстандағы жұмыспен қамтылған халықтың 7%-ы еңбек етеді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша бұл сала 6,60%-ға құлдырады.

Екінші, көтерме бөлшек сауда, көліктер мен мотоциклдерді жөндеу саласы. Оның Қазақстан экономикасындағы үлесі – 18%. Осы салада елімізде жұмыспен қамтылған халықтың 16%-ы тер төгіп жүр. Бұл экономика секторлары шамамен 7,3%-ке төмендеді", – деді ол.

Оның айтуынша, коронавирустан тау-кен өндіру саласы да қатты зардап шеккен.

"Бұл саланың ұлттық экономикадағы үлесі – 15%. Сектордағы капитал сыйымдылығы жоғары болып саналады. Сондықтан мұнда елімізде жұмыспен қамтылған халықтың 3,20%-ы еңбек етеді. Алайда бұл сала да теріс өсім көрсетті", – деді Күлекеев.

COVID-19 кезінде өсім көрсеткен салалар

Ғалым коронавирус пандемиясы кезінде оң нәтиже көрсеткен экономика секторы туралы айтты.

"Алдымен Қазақстанның өңдеуші өнеркәсібін айтуға болады. Көлік қатынасына тыйым салынғанына байланысты Қазақстан халық тұтынатын тауарларды өзі өндіруге тура келді. Бұл осы салаға оң әсер етті. Нәтижесінде өңдеуші өнеркәсіп 3,9%-ға өсті.

Пандемия құрылыс саласына да кері әсерін тигізген жоқ. Тіпті, үкімет осы салаға қолдау көрсетіп, қомақты қаржы бөлді, көптеген салық түрінен босатты. Қосымша жұмыс орындары ашылды. Жалпы құрылыс саласы өткен жылы 11% өсім көрсетті. Осылайша, бұл сала, оның ішінде тұрғын үй құрылысы өткен жылы экономикалық өсімнің негізгі қозғалтқышы болды", – дейді ғалым.

Күлекеев COVID-19 ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізбегенін атап өтті.

"Қазақстан үкіметі бұл салаға да қолдау көрсетті. Себебі, құрылыс және ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтіндер көбіне далада еңбек етеді. Сондықтан өткен жылғы ауыл шаруашылығындағы өсім 5,6%", – деді ол.

Биыл Қазақстан экономикасы қалай дамиды?

Оның айтуынша, 2021 жылы Қазақстан экономикасы оң динамикаға ие болады.

"Биыл тау-кен өнеркәсібі оң динамика көрсетеді деген үміттеміз. Өйткені, мұнай өндіруге қойылған шектеу біртіндеп алынып жатыр. 

Өңдеуші өнеркәсіп өткен жылғы қарқынды сақтайды деген ойдамыз.

Көтерме бөлшек сауда саласы да оң динамика көрсетуі керек. Өйткені, әлем елдері коронавирус пандемиясына байланысты қойылған шектеулерді алып жатыр. Адамдардың вирусқа қарсы екпе алуы да бұл салаға оң әсерін тигізеді. Жалпы саудадағы өсім 2,4% болады.

Құрылыс саласында жоғары өсім сақталады. Ал ауыл шаруашылығындағы өсім шамамен 3,8%. Көлік саласы да оң динамикаға ие болуы керек", – деді ғалым.

Жақсыбек Күлекеевтің пікірінше, биыл Қазақстан экономикасы 4%-ға өсуі ықтимал.  2021 жылы әлем экономикасы шамамен 4%-ке өседі.

"Әрине, бұл жағдай Қазақстан экономикасына оң есерін тигізеді", – деп түйіндеді сөзін ол.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу