Ғалымдар бір мақала үшін 8 миллион теңге алады

3092

Білім және ғылым министрлігі ғалымдардың табысын жариялады. 

Ғалымдар бір мақала үшін 8 миллион теңге алады

Таяуда Мәжілісте айтылған "Денсаулық сақтау министрлігінің шенеуніктері өздеріне бір жылда 15 млн теңге сыйақы төлепті" деген ақпарат қоғамда дүмпу туғызды, деп жазады Inbusiness.kz.

Дегенмен, кейбір сарапшы мен блогерлер бұл деректі келемеждеп, мәнсіздендіруге тырысты. Мысалы, 2014 жылдан "Мәңгілік ел жастары – индустрияға" штабының басшысы, БҒМ-ның "Өрлеу" орталығының департамент басшысы қызметтерін атқарған, құқық қорғаушы Шыңғыс Лепсібаев "ешқандай ғылыми дәрежесі, медалі және жұмыс тәжірибесі болмаса да өзінің сонша ақшаны 2014 жылы алғанын" жеткізді.

"Бір министрдің 1,2 млн теңге жалақы және жылына 15 млн теңге сыйақы алатыны туралы жаңалықты оқығанда, көзіме жас келді. Сендер шынымен осыны көп деп ойлайсыңдар ма? Күлдірмеші! Кез келген профессор министрден 10 есе аз жұмыс істей жүріп, бұдан әлдеқайда көп табады. Сол үшін осы салада өзін маман санайтындар олардың миын жеп жатқан жоқ қой?", – деп жазды Ш.Лепсібаев.

Әрине, пандемия мен дағдарыс кезінде негізсіз миллиондап бонустар алған шенеуніктерді, ұлттық компаниядағыларды ақтауға болмас. Бірақ сонымен бірге "бұрынғы БҒМ өкілі айтқандай, ғалымдардың аз қимылдап, күреп табыс табатыны рас па" деген сұрақ туындайды.

Елімізде ғылым саласындағы адамдар саны өсіп келеді. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, қазір Қазақстанда ғылым саласында 21 мың 782 адам бар. Оның ішінде 17 мың 412-сі – маман-зерттеуші. Өткен жылмен салыстырғанда, олардың саны 288 адамға өсті.

Мына дерек назар аудартады: зерттеушілердің небәрі 35%-ы ғана ғылыми немесе академиялық дәрежеге ие. Тарата айтсақ, Қазақстанда 1 697 – ғылым докторы, 4 165 – ғылым кандидаты, 1 340 – PhD докторы бар. Тағы 293-і – бейіні бойынша доктор.

Ғалымдардың 33%-ы 35 жасқа да толмаған. Сарапшылар кейінгі кезде жап-жас ғылым докторлары қаптап кеткенін айтып, алаңдаушылық білдіруде. Өйткені олардың бәрі Қазақстанның атағын әлемге танытқан әлдебір ірі жетістік пен ғылыми жаңалық ашып жатқаны шамалы. 

Қалған 43%-ы – 35-тен 54 жасқа дейінгілер. Тек 25%-ы – 55 жастан асты. Тағы бір тенденция: әйел ғалымдар саны артуда. Бүгінде әйелдердің үлесі – 54%-ға жетті. Тиісінше, ерлердің үлесі – 46%-да ғана құрайды.

Білім және ғылым министрлігі ғылымға аста-төк қаражат құйылып жатқанын мәлім етті. Бос байбаламға салынбай, дерегін айтсақ, ұлттық компаниялар мен жер қойнауын пайдаланушылар гранттарын қоспағанда, 2018–2020 жылдары тек меморгандар ғана ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті қаржыландыруға республикалық бюджеттен 131 млрд 954 млн теңге сомасында қаражат шығындапты. Бұл біраз ғалымды миллионер етті.

Соның ішінде 2020 жылы біріншіден, базалық қаржыландыруға – 5 млрд 620 млн, екіншіден, ғалымдардың іргелі және қолданбалы зерттеулерін қайтарымсыз гранттық қаржыландыруға – 20 млрд 402 млн теңге берілді. Үшіншіден, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында стратегиялық мемлекеттік міндеттерді іске асыруға – 31 млрд 934 млн теңге, төртіншіден, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыруға – 5,4 млрд теңге бөлініпті.

Алғыр, ақылды, әбжіл ғалымдар осы төрт көзден де қаржы ала алады.

Оның үстіне кейінгі жылдары мемлекеттен қаржы алу біршама оңайлатылды. Бұрын ғылымдағы адамдар грант алу үшін зарыға күтетін. БҒМ-ның гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурстары 3 жылда 1 рет өтетін. Енді 2020 жылдан бастап, олар жыл сайын өткізіледі. Тек былтырдың өзінде 5 рет конкурс өтті.

Оны аз десеңіз, өткен жылдан бастап, "қысқамерзімді", "жеке", "коллаборацияға", "жас ғалымдарға" арналған жаңа грант түрлері енгізілді. Меморганның түсіндіруінше, бұл "перспективті қазақстандық ғылыми идеялардың барынша үлкен санына мемлекеттік қолдау көрсету және қазақстандық ғалымдардың әлеуетін дамыту үшін" қажет көрінеді.

"5 млн теңгеге дейінгі "шағын" және бюджеті 5 миллионнан 8 миллион теңгеге дейінгі "жеке" грант түрі 1 ғалымға арналған. Ол жобаның нәтижесі – рецензияланатын басылымда шыққан 1 мақала болуға тиіс. Зерттеу жүргізіп, осы мақаланы жариялағаннан кейін, ғалым енді зерттеу тобының ғылыми басшылығына үміткер бола алады және келесі жылы ол қаржысы әлдеқайда мол грантқа қол жеткізе алады", – деп мәлімдеді Білім және ғылым министрлігі.

Жас ғалымдарға арналған грант көлемі 2021–2023 жылдары 54 млн теңгені болмақ. Ол жас зерттеушілердің "жаңа дағдылар мен құзыреттер алуына, топ құрамында жұмыс істеу және топқа басшылық ету тәжірибесін игеруіне, олардың мақала жариялау белсенділігін арттыруға және шығармашылық әлеуетін өсіруге" бағытталған.

Қаржыландырудың тағы бір түрі – "халықаралық коллаборация гранттары" аясында әр ғалым 70 млн теңгеге дейінгі сома ала алады. Бірақ ол шетелдік ғалымдармен және ғылыми ұжымдармен бірлесіп, әлдебір ғылыми мәселені шешуге еңбек сіңіруі керек. Ресейлік серіктесімен бірлесіп игерсе де жол ашық деседі.

Бұдан өзге, 70 млн теңгеге дейін баратын дәстүрлі гранттар да бар. Ол үшін ғалым Үкімет жанындағы Жоғарғы ғылыми-техникалық комиссия бекіткен 10 басым бағыттың бірі бойынша іргелі және қолданбалы зерттеу жүргізуі шарт.

Айта кету керек, 2020 жылы ғылымды қаржыландыру екі есеге дерлік өсті. Алда тек арта бермек, министр Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, 2025 жылға қарай ғылымды қаржыландыру шығыстарының көлемі ЖІӨ-нің 1%-ына жеткізілмек. Қазіргі кезде сонша ақша елдің қорғаныс қабілетін күшейту үшін Қарулы күштерге беріледі. Ұлттық экономика министрлігінің болжамынша, 2025 жылға қарай Қазақстанның атаулы ЖІӨ-сі 105 трлн теңгеге дейін жетуі мүмкін. Демек, ғылымға 1 трлн-нан астам қаражат құйылуы мүмкін.

Біз әрине, қазақстандық ғылымның жетістіктері барын жоққа шығармаймыз. Әсіресе, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ ғалымдарының коронавирусқа қарсы әзірлеген QazVac вакцинасын ерекше атап өтуге болады. Ол – мақтаныш.

Әйтсе де, ел қаржысын миллиондап шығындайтын өзге ғалымдардың қоғам алдында есеп беруі қарастырылмаған.

Қалай болғанда, жыл сайын ғалымдар саны арта бермек. БҒМ докторанттарды даярлауға арналған гранттардың құнын 1 млн 900 мың теңгеге ұлғайтты. Докторанттардың стипендиясын бірден 80%-ға көтерді. Бұдан былай олардың стипендиясы жыл сайын 15%-ға өсіп отырады және қазіргі 150 мың теңгеден 2025 жылға қарай 260 мың теңгеге жетеді.

Докторанттар үшін диссертация қорғау мүмкіндіктері кеңейтілді.

"Тағы бір жаңалық – жыл сайын 50 үздік ғылыми қызметкерге 5 млн теңге көлемінде сыйақы тағайындалады. Мұндағы механизм "ЖОО үздік оқытушысы" конкурсына ұқсас. Кейбір ғылыми жобаларды іске асыруға ұзақ мерзім талап етіледі. Мұндай ғылыми жобаларға грант беру мерзімін 5 жылға дейін ұзарту мәселесі қолға алынады. Біз стратегиялық бағыттар бойынша іргелі зерттеулермен айналысатын институттарды тікелей қаржыландыруды маңызды деп санаймыз. Министрлік сондай-ақ базалық қаржыландыру аясында ақы алатын қызметкерлердің тізбесін кеңейту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр", – деді А.Аймағамбетов.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу