Ғалымдар Жер бетінде жыл мезгілдерінің "сырғып" жатқанын анықтады

1354

Жер бесігіндегі қалыпты ырғаққа нұқсан келіп, ғаламшар табиғи тұрақтылығынан айрыла бастапты.

Ғалымдар Жер бетінде жыл мезгілдерінің "сырғып" жатқанын анықтады Фото: Жасанды интеллект негізінде жасалған

Жыл мезгілдерінің үйреншікті шеруінің шырқы бұзылып, мүлдем өзгеше сипат алды. Біз үйренген күнтізбелік жүйе енді тек өткен күннің елесіне айналуы мүмкін.

2026 жылы көктем барлық жерге бір мезгілде және дер кезінде келген жоқ. Ол ғаламшар бетіне үзік-үзік "дақтар" секілді, ретсіз шашырай таралып жатыр. Әрине, көктем әлемнің бір түкпіріне – ерте, біріне – кеш келетіні бұрыннан мәлім. Бірақ қазіргісі бұдан өзгерек.

Табиғат енді жыл мезгілдерінің кестесін сақтамайды. Тіпті бір өңірдің өзінде бұрынғыдай бір ырғақпен жайылуды доғарыпты. Сіз тұрған мекенде бүршік жарылып, көктем исі аңқып тұрса, дәл сол параллельде, тіпті көршілес төбенің арғы бетінде қыс қаһарынан әлі айықпауы, бір айға, тіпті одан да көпке кешігуі мүмкін.

Табиғаттың біртұтас симфониясы бұзылып, әр аспап өз бетінше ойнай бастаған оркестрді еске салады. Бұл – ғаламдық тәртіптің жойыла бастағанын білдіреді. Қазірдің өзінде маусымдар – жаһанды жайлаған алып толқын емес, әр қиығы өзіне тән ырғақпен өмір сүретін сан түсті құрақ көрпе тәрізді екені анықталды.

Ғаламшардағы көреген көздер – соңғы 20 жыл бойы Жерді үздіксіз бақылап келген орбиталық спутниктер адамзатқа алаңдатарлық шындықты ашты. Берклидегі Калифорния университетінің ғалымдары осы деректерге сүйене отырып, жыл мезгілдерінің ішкі механизмі "бұзылғанын" ресми түрде жариялады.

Nature журналында жарық көрген бұл зерттеу көршілес жатқан аймақтардың өзі енді бір-біріне ұқсамайтын уақыт белдеулерінде өмір сүретінін айғақтады. Бұл жаңалық біздің экожүйе мен климат туралы қалыптасқан танымымызды түбегейлі өзгертуге тиіс. Технологияның кереметі бізге табиғаттың үнсіз өзгерісін сандармен сөйлетіп берді. Ендігі кезек – сол өзгерістің салдарын сезіну мен өзгеріп, бейімделуде.

Ғарыштан алынған ұзақ мерзімді бақылауларды зерттей отырып, профессор Терасаки Харт бастаған ғалымдар тобы құрлықтағы экожүйелерде маусымдардың нақты қашан өзгеретінін көрсететін ең егжей-тегжейлі цифрлық картаны жасап шықты.

Бұл картада маусымдық циклдер бұрынғыдай ретті кезекпен емес, бейберекет мозаика кейпінде бейнеленген. Негізгі қорытындысы жалғыз: енді бірдей ендік, теңіз деңгейінен бірдей биіктік немесе бір жартышарда орналасу – көктем, жаз, күз немесе қыс бір уақытта келетініне кепілдік емес.

"Нәтижелер төрт мезгілдің бұдан былай таңғаларлықтай асинхронды түрде ауысатынын көрсетті. Ендігі жерде географиялық ендіктің бірлігі немесе теңіз деңгейінен биіктіктің ұқсастығы – көктем мен күздің бір уақытта келуіне кепілдік бере алмайды. Көршілес өңірлерде ауа райы мен экожүйелер әртүрлі болып, мүлдем ерекше тіршілік орталарын қалыптастырады", – деп жазды вьетнамдық "Dân trí" газеті.

Профессор Дрю Терасаки Харттың түсіндіруінше, бұрын маусымдар қарапайым ырғақ ретінде қабылданатын – қыс, көктем, жаз, күз.

"Алайда зерттеуіміздің табиғи күнтізбенің біз ойлағаннан әлдеқайда күрделі екенін көрсетеді. Бұл асимметрия әсіресе, жер бедеріне байланысты маусымдық циклдердің уақыты мен формасы қатты ерекшеленетін аймақтарда айқын көрінеді және экожүйелер мен эволюцияға терең әсер етуі мүмкін", – деді биогеограф, зерттеудің жетекші авторы профессор Дрю Терасаки Харт.

Осылайша, тіпті бір-біріне жақын орналасқан жер учаскелері де әртүрлі "климаттық ырғақтарда", параллельді "уақыт ілмектерінде" өмір сүруі мүмкін. Бұл өз кезегінде экожүйелердің эволюциялық жолын екіге айыратын терең факторға айналуда: өсімдіктер мен жануарлардың өмірін тіршілік үшін күрделі күреске айналдырады.

Мәселен, төбенің арғы бетінде өсетін гүл мен шөп, бұта мен ағаш бергі бетінде қурап қалады. Уақыттың биологиялық ағыны географиялық кеңістіктен тәуелсіздік алғандай әсер қалдырады. Бұл – табиғаттың жаңа бейімделу стратегиясы.

Бұл неге маңызды? Жаңа құбылыс жай ғана ауа райының құбылмалылығы емес, бұл – эволюцияның жаңа қозғаушы күші. Зерттеушілердің пікірінше, көршілес екі алқапта ылғалдың, күн жылуының және басқа ресурстардың әртүрлі уақытта келуі гүлдердің әр мезгілде ашылуына, ал, жануарлардың жұп іздеу кезеңдерінің әртүрлі болуына әкеледі.

"Егер көршілес екі жерде азық немесе су әртүрлі айларда пайда болса, эволюция жолдары біржола ажырайды: өсу мен көбею жағдайлары өзгереді. Мысалы, екі ортада табиғи ресурстар әртүрлі маусымда қолжетімді болса, бұл сол жерлердегі флора мен фаунаның дамуына әсер етеді. Сонымен қатар, бір ортадағы түрдің көбею кезеңі көршілес ортадағы ұқсас түрден ертерек немесе кешірек болуы мүмкін. Бұл олардың шағылысуына кедергі келтіріп, арасында көрінбейтін генетикалық кедергілер түзіледі. Көптеген ұрпақтан кейін мүлде бөлек екі түрдің пайда болуына әкеледі", – дейді авторлар.

Айқын мысал – АҚШ-тың оңтүстік-батысындағы Аризона штатындағы көршілес Финикс пен Тусон қалалары. Оларды небәрі шамамен 160 шақырым ғана бөліп тұр, бірақ жауын-шашынның негізгі кезеңдері әртүрлі: Тусонда жаңбыр жазғы муссон кезінде жауса, Финиксте жауын-шашынның басым бөлігі қаңтарда түседі.

Бұл екі қала экожүйесінде тізбекті реакция туғызды. Яғни, бір қала жаңбырға малшынып жатқанда, екіншісі қысқа дайындықтың қамына кірісуге мәжбүр. Бұл айырмашылық екі қаланың табиғатын екі түрлі ырғаққа бағындырып, олардың арасындағы биологиялық байланысты үзген. Сол сияқты, Жерорта теңізі климатына тән аймақтарда орман өсімінің шыңы басқа өңірлерден екі айға кешігіп келетіні анықталды. Жақындық – ұқсастық деген сөз емес: қазіргі Жер бетіндегі әрбір шақырым өзіндік "уақыт ілмегін" иеленуі мүмкін.

Маусымдық айырмашылықтарға байланысты түрлердің бөлінуі – "аллохрония" құбылысы тропикалық таулар мен Жерорта теңізі аймақтарында да расталды. Карта гүлдердің қашан гүлдейтінін және өнімнің қашан пісетінін көрсетіп, Колумбиядағы кофе жинау маусымдарының күрделі географиясын түсіндіруге көмектеседі, сол арқылы аграршыларға қалай мол өнім жинауға болатынын нұсқайды.

"Бұл зерттеу Колумбиядағы кофе жинау маусымының күрделі құрылымын да түсіндіреді. Таудың әртүрлі беткейлерінде орналасқан плантациялар қарама-қарсы жартышарларда тұрғандай, әртүрлі көбею циклдарына ие болуда", – деді профессор Харт.

Қазіргі кезде көптеген экологиялық болжамдар Жердегі маусымдардың ауысуын көнерген, қарапайым модельдер арқылы түсіндіреді. Алайда профессор Терасаки Харттың тобы климаттық дағдарыстың әсерін дұрыс түсіну үшін тіпті бір-біріне жақын орналасқан жерлер арасындағы айырмашылықты да ескеру қажет екенін қаперге салды.

Ғалымдар ендігі жерде климаттық және табиғи модельдерді "орташаланған" маусымдарға емес, осындай жергілікті ауытқуларға негіздеу керек деп есептейді. Бұл тек ғылым үшін емес, ауыл шаруашылығы мен бизнес үшін де стратегиялық маңызға ие. Егін жинау логистикасы мен өнім өңдеу жұмыстары өсімдіктердің әрқилы гүлдеу кезеңіне бейімделуге тиіс.

Адамзат жаңа шындыққа тап болды: біртұтас маусым ұғымы өткеннің еншісінде қалатын түрі бар. Яғни, жаз жылы, қыс суық деп сипаттау жаңсақтыққа айналуы, жазда қар түсіп, қыста дала көк майсаға бөленуі ғажап емес. Ғарыштық спутниктер климаттық асинхрондылықтың жаңа дәуірін ашып берді. Жер өзінің әрбір сүйеміне дербес ырғақ беріп, генетикалық болашағын қайта пішіп жатыр. Бұл – тіршіліктің күрделене түсуі мен Жер бесігіндегі жаңа эволюциялық серпілістің бастауы.

Адамзат табиғатты бағындырушы емес: оның күрделі де құбылмалы ырғағына үн қосатын серігіне айналудан басқа лажы жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу