Ғалымжан Балтілеу: Маңғыстау футболы қайта серпілетін күн жақын

1992

Маңғыстау футбол федерациясының мүшесі, Ақтау қаласы футбол федерациясының президенті Ғалымжан Балтілеу аз ғана уақыт ішінде "Каспий" футбол клубын аяққа тұрғызған адамдардың бірі. Оны ел футболның мамандары үнемі мақтап жүреді. Ал осы күні өңірдегі футбол ахуалы қалай болып жатқанын Ғалымжан Айдарбайұлының өз аузынан естіп білдік.

Ғалымжан Балтілеу: Маңғыстау футболы қайта серпілетін күн жақын

- Ғалымжан Айдарбайұлы, ең алдымен Сіздің футболшы кезіңіздегі уақыттарды еске алып өтсек.

- Ақтаудағы балалар футбол мектебінде алғашқы қадамдарымды жасап, кейіннен "Каспий" футбол клубының құрылымына алындым. Мұнда жастар командасынан кейін негізгі командаға алындым. Мақсат Тасболатұлы Жаңбыров деген бапкердің қол астында көп тәжірибие жинадым. Ол кісі қазір де клубтың жастарын даярлау ісімен айналысады. "Каспий" сапында біршама жыл тер төктім. Облыстың командасының намысын қорғау зор абырой болды. Кейіннен спорттық мансабымды аяқтағаннан кейін көп ойланбай осы салада қалғаным дұрыс деп шештім. Себебі, облыс көлемінде футбол саласы кенже қалған спорт түрі еді.  

- Кейіннен футбол саласында қызмет атқардыңыз. Сыртыңыздан "Каспий" клубына тың серпіліс әкелген адамдардың бірі деп айтып жатады. Бұл пікірге не айтасыз?

- Иә 2018 жылы "Каспий" футбол клубына директордың міндетін атқарушы болып келдім. Қолдан келгенін аямай, клубты премьер-лигаға шағыру үшін күш жұмсадық. Жастарды тәрбиелемей, өзгелер секілді құр легионерлермен ұзаққа бармайтынымызды анық байқадық. Оның үстіне Маңғыстау өңірі таланттарға бай ғой. "Астанада" жүрген Талғат Кусяпов, "Қайраттың" негізгі ойыншысына айналған Нұралы Әліп, "Оқжетпес" сапындағы Мирас Төлеев секілді жігіттердің барлығы біздің футбол мектебіміздің түлектері. Ондай талантты футболшылар бұрын да болған, қазір де өсіп келе жатыр. Сондықтан да, жастарды тәрбиелеп, оларға сенімділік беріп ойнатып көру қажет. Әйтпесе, қаржы болса 8 легионер сатып алып келіп бір жыл дүркіретуге болады. Бірақ, оның арғы жылы не істейміз? Мен өзімді клубқа серпіліс әкеліп үлгермедім деп есептеймін. Бірақ, кейбір қатып қалған қағидаларды бұздым. "Каспийдің" араға 19 жыл салып жоғарғы топқа қосылуына менің де аздаған үлесім бар.  

- Жалпы Маңғыстау өңірі спортта талай таланттарды шығарды. Алайда футбол мәселесі ақсап тұрғанын байқаймыз. Өңірдегі футболдың хал-ахуалы қандай?

- Негізі футболды дамыту үшін ең алдымен инфроқұрылым керек. Облыстағы 5 ауданда жақсы алаңдар бар. Біздің кезімізде барлығы құмдауыт алаңдар еді. Қазір заманауи жасанды алаңдар төселді. Дегенімен әлі де стадиондар салынуы тиіс. Мысалы, Ақтаудың өзінде стадион күні кеше ғана жөндеуден өтті. Негізі қалаға жаңа стадион қажет. Ал футболдың өзіне тоқталсақ, облыс көлеміндегі жарыстар азайып, жастарымыз жиі бас қоса бермейді. Бұрындары балалар турнирлері өте көп болатын. 2 қала мен 5 ауданның барлығы Германия футболындағыдай бір-бірімен етене аралас, бәсекелес болған кезде жүйелі жұмыс жүреді. Бапкерлерді оқытып, әр 3 ай сайын семинар өткізіп, біліктіліктерін арттыру қажет. Жергілікті футболшылардың шет елдегі клубтарға ауысуын жіті қадағалаған жөн. Олар Еуропаға барып футбол ойнап келсе, келгеннен кейін елге қызмет етеді. Бар білгенін ортаға салады. Бапкерлерді де шет елге жіберіп оқытып алудың еш сөкеттігі жоқ. Қазақстанда шеттен бапкер шақырта салған оңай жолды көп таңдаймыз. Олар бір жыл, ары кетсе екі жыл жұмысын істейді де отанына оралады. Ал бізге осында тұратын, туған елін, жерін көркейтетін маман керек. Әлбетте, бұл Еуропадағы футбол жүйесі бізге әлі ертерек шығар, дегенімен қайда ұмтылу қажет екенін білеміз. Тек идеялас адамдар бір арнаға ұйыспай жатқан секілді.

Маңғыстауда ірі мұнай компаниялары неге жергілікті клубқа демеушілік танытпайды? Бәлкім жақсы бір менеджер жетіспейтін шығар.

- Негізі Маңғыстауда ірі мұнай-газ компаниялары баршылық. Мен "Каспий" клубында азғантай ғана уақыт қызмет еттім. Негізі ірі демеушілер тартып, клуб шығындарының басым бөлігін жауып тастауға болатынына көзім жеткен. Бірақ, ол үшін арнайы жоба жасап, клубтың болашақтағы даму векторын айқындап, әр компанияның басшылығының есігін күзетуің керек. Жалықпай іздеп, шет елдік компания басшыларымен тіл таба білсек, клубқа қаржы тартуға болады. Өзі облыста бір ғана клуб қой. Одан қалған қаржыны балалар мен жасөспірімдер футболына жұмсасақ, несі айып? Жалпы, Қазақстан футболының басты проблемасы осында. Біздің клубтар, облыстық футбол федерациялары биліктің бюджетіне қол жайып қана отырады. Одан да бөлек әрекеттер керек. Сіз айтып отырған менеджерлер де, маркетингтің тілін түсінетіндер де осы облыста бар. Тек дұрыс бағыт ұстану қажет.

- Сұқбатыңызға рахмет!

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу