Ганди Үндістандағы алапат вирус толқыны әлемге қатер төндіріп тұрғанын ескертті

3241

Пандемия вакциналау науқанын баяу жүргізіп жатқан елдерде қайта күшейіп жатыр.   

Ганди Үндістандағы алапат вирус толқыны әлемге қатер төндіріп тұрғанын ескертті

Жұма күні Үндістанның негізгі оппозициялық партиясының жетекшісі Рахул Ганди егер елді жайлап жатқан және талай адамның өмірін қиған COVID-19-дың екінші толқыны бақылауға алынбаса, пандемия Үндістанды күйретіп,  бүкіл әлемге де қауіп төндіретінін ескертті.

Ганди премьер-министр Нарендра Модиге жолдаған хатында кезекті ұлттық карантин дайындап, вакциналаудың бүкілхалықтық бағдарламасын жеделдетіп, вирус пен оның мутациясын ғылыми тұрғыдан қадағалауға шақырды.

Сонымен қатар, Ганди  халқының саны жағынан планетада екінші орында тұрған үнділер елінің "жаһанданған және өзара байланысқан әлем" алдында COVID-19-дың алапат өршуін өз шекарасынан асырмай тоқтату міндеті тұрғанын атап өтті.

"Үндістанда жер-жаһандағы әрбір алты адамның бірі тұрады. Біздің көлеміміз, генетикалық алуандығымыз, күрделілігіміз Үндістанды вирустың тез мутациялануы үшін құнарлы жерге айналдырды", - деп жазды Ганди үкімет басшысына арнаған хатында.

"Елімізде вирустың бақылаусыз таралуына жол беру халқымызды ғана емес, бүкіл әлемді күйретуі мүмкін", - деді Ганди тағы бір сөзінде.

COVID-19-дың үндістандық аса жұқпалы нұсқасы - B.1.617 басқа елдерге таралды және көптеген мемлекеттер қазір Үндістанмен арадағы қарым-қатынастарды тоқтатуға немесе шектеуге кірісіп жатыр.

ВАКЦИНАЛАУ ДЕҢГЕЙІ

Өткен аптада Үндістанда қосымша 1,5 миллиондай жұқтыру оқиғасы мен күн сайын өлім-жітім тіркелді. Пандемия басталғалы мұнда 21,49 миллион адамнан  "ковид" табылып,  234 083 тұрғын одан қайтыс болды.

Кейінгі апталарда діни фестивальдар мен саяси митингтер ондаған мың адамды жинап, "супер таратушыларға" айналғаннан кейін, Моди екінші толқынға тосқауыл қою үшін тезірек әрекет етпеді деп көп сынға ұшырады.

Оның үкіметі  2020 жылы наурызда қатаң локдаун енгізіп, бірінші толқыннан кейін әлеуметтік шектеулерді тез арада алып тастады және елде вакциналау бағдарламасын кешіктірді деп айыпалып отыр.

Үкімет болса, экономикаға зиян тигізуден қорқып, екінші карантинді қаламаған. Дегенмен, көптеген штаттар өздерінің шектеулерін жариялап жатыр.

Елдің батыс жағалауында туризмнің ыстық нүктесі саналатын Гоада соңғы апталарда коронавирусқа тексерілген әрбір екі адамның біреуі оң нәтиже көрсеткен. Сондықтан, онда жексенбіден бастап азық-түлік дүкендерінің жұмыс уақыты шектеліп, қажетсіз саяхаттарға тыйым салынып, азаматтарға барлық жиналыстардан бас тартуға кеңес берілді .

Үндістан әлемдегі ең ірі вакцина өндірушісі бола тұра, оған COVID-19-дың толқынын тоқтату мақсатында жеткілікті мөлшерде дозалар шығарып, тарату оңайға соқпай отыр.

Елде кем дегенде 157 миллион вакцина дозасы енгізілгенімен, екпе салу деңгейі соңғы күндері күрт баяулап кетті. Мәселен, бейсенбіде Үндістанда 2,3 миллион адамға ғана вакцина егілді. Бұл - осы айдағы ең жоғары көрсеткіш болғанымен, вирустың таралуын тоқтату үшін әлі де аз екен.

РЕКОРДТЫҚ ӨСІМ

Үндістанда жұма күні коронавирустық жағдайлардың күн сайынғы көрсеткіші рекорд байқатып  414 мыңнан асты. Және де COVID-19-дан қайтыс болғандар тағы 3 915-ке көбейіп, 234 083-ке жетті.

Бірақ, медицина сарапшылары бұл мемлекетте COVID-19-тың нақты деңгейі ресми көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары деген пікірде.

Үндістанның денсаулық сақтау жүйесі пациенттердің көптігін көтере алмай, ауруханаларда төсек-орын мен медициналық оттегі жетіспей жатыр. Мәйітханалар мен крематорийлер қайтыс болғандарды қабылдап үлгере алмай жатқандықтан, вирус құрбандарының денесін саябақтар мен автотұрақтарда өртеуге тура келіп отыр.

Қазір инфекция негізінен ірі қалалардан  1,3 миллиард халықтың 70% -ы тұратын шалғайдағы ауылдарға тарап жатыр.

Оңтүстіктегі Ченнай қаласында  бейсенбіде оттегімен қамтамасыз етілген жүз орынның біреуі ғана және реанимация бөлімшелеріндегі жүз төсектің екеуі бос болды. Ал,осыдан бір апта бұрын бұл екеуіндегі орындардың 20% -дан астамы науқас қабылдауға әзір еді.

Бенгалурадағы Project Smile Trust деп аталатын ресурстық топтың еріктісі Сайед Тоусиф Масудтың дерегінше, сенім телефонына COVID-19-ға шалдыққандардан күніне орта есеппен аурухана төсектері мен оттегіге 5000 сұраныс түседі екен. Ал, бір ай бұрын оларға тәулігіне 50-100 ғана адам ғана хабарласқан.

"Сарапшылар шыңға әлі жеткен жоқпыз дейді. Егер бұл шың болмаса, онда нағыз шыңда не болатынын білмеймін", - дейді Масуд "Рейтер" агенттігіне берген сұқбатында.

ПӘКІСТАН, НЕПАЛ, БАНГЛАДЕШ, ШРИ-ЛАНКА

Көршілес Непалда "ковид" өршіп, қазір жұқтыру оқиғаларының саны бір ай бұрын тіркелген жағдайлардан 57 есеге асып кетті. Сонымен қатар, бұнда осы індетке байланысты тапсырылған тесттердің 44% -ы оң нәтиже беріп жатыр. Мұны Халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қоғамдарының Федерациясы мәлімдеді.

Пәкістанда пандемия айтарлықтай күшейіп, Пенджаб, Синдх, Хайбер-Пахтунхва провинциялары мен пәкістандық Кашмир әкімшіліктері коронавирустың таралуын тоқтату мақсатында 8-15 мамыр аралығында өз аймақтарында толық локдаун жариялады. "Сегіз күндік карантин кезінде қоғамдық көліктер, туристік бағыттар, саябақтар, бизнес және сауда орталықтары мен базарлар жұмыс істемейді", - дейді Пенджабтың денсаулық сақтау министрлігі.

Жұқтыру оқиғалары көбейіп келе жатқандықтан, Бангладеш COVID-19-дың таралуын тоқтату үшін бүкіл ел бойынша карантин мерзімін мамырдың 16-на дейін ұзартты. Оған сәйкес, қоғамдық көлік жүрмей, базарлар жабылуға тиіс.

Шри-Ланка бейсенбіде Үндістаннан келуге тыйым салды. Қазіргі уақытта мұнда COVID-19-ға шалдығу жағдайлары көбейіп, соңғы аптада күн сайын 2000-ға жуық адамнан коронавирус табылып отырды. Сәуірдің ортасы кезінде Шри-Ланкада тәулігіне орташа есеппен 200-дей адамға "ковид" диагнозы қойылса, бүгінде жұқтыру оқиғаларының күндік саны одан 10 есеге көп болып отыр.

ДДСҰ ЕСКЕРТУІ

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханомның мәлімдеуінше, әлемде соңғы екі аптада пандемияның алғашқы алты айына қарағанда коронавирус жұқтыру жағдайлары көбірек тіркелді, Сол оқиғалардың көп бөлігі Үндістан мен Бразилияда анықталған.

"Өте нәзік жағдайға тап болған елдер бар.Үндістан мен Бразилияда қалыптасқан ахуал, егер денсаулық сақтау шаралары қабылданбаса, басқа жерлерде де қайталануы мүмкін", - деп ескертеді ДДСҰ жетекшісі.

Оның пікірінше, бақуатты мемлекеттер өз халқының көп бөлігін иммундап, шекараларын аша бастағанымен, вакциналау науқанын баяу немесе минималдық деңгейде жүргізіп  жатқан елдердің болашағы сүреңсіздеу көрінеді. Себебі, олар экономиканы алға қоямын деп, Үндістан стиліндегі трагедияға ұшырауы мүмкін.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу