Ғасыр рекорды: швейцариялық спортшы қысқы Олимпиада ойындарында 3 бірдей алтын алды

214

Қысқы Олимпиада ойындарында 58 жылдан бері алғаш рет жаңа рекорд орнады. 

Ғасыр рекорды: швейцариялық спортшы қысқы Олимпиада ойындарында 3 бірдей алтын алды Фото: Reuters

Франьо фон Альмен – қысқы Олимпиада ойындарының жаңа аңызы. Швейцариялық 24 жастағы тау шаңғышысы Милан мен Кортинa-д’Ампеццода өтіп жатқан 2026 жылғы Олимпиадада үш бірдей алтын медаль жеңіп алып, 58 жылдан бері қайталанбаған тарихи жетістікке қол жеткізді.

Осылайша, фон Альмен ерлер арасында бір Олимпиадада үш "алтын" алған спортшы атанды. Бұған дейін мұндай табысқа 1968 жылы Гренобль Олимпиадасында аты аңызға айналған Жан-Клод Килли қол жеткізген еді. Ал жалпы есепте (ерлер мен әйелдерді қоса алғанда) соңғы рет үш алтынды 2002 жылы Солт-Лейк-Ситиде хорватиялық Яница Костелич иеленген болатын. Демек, швейцариялық спортшының бұл жетістігі жарты ғасырға жуық уақыт бойы алынбай келген асу.

Фон Альмен үшінші алтын медалін супергигант сайысында жеңіп алды. Милан мен Кортинaдағы әйгілі "Стельвио" трассасында ол 1:25.32 нәтижесін көрсетіп, қарсыластарын артта қалдырды. Күміс жүлдені америкалық Райан Кокран-Сигл (1:25.45) иеленсе, қола медаль әлем чемпионы Марко Одерматтқа (1:25.60) бұйырды.

Айта кету керек, фон Альмен бұған дейін де осы Олимпиадада жылдам түсу мен командалық комбинацияда топ жарған еді. Сөйтіп, дебюттік Олимпиадасында-ақ үш дүркін чемпион атанып, Швейцария тарихында бір қысқы Олимпиадада үш алтын алған тұңғыш спортшы ретінде өз елінің рекордын орнатты.

Жарыстан кейін Франьо фон Альмен сезімін жасыра алмады. Оның айтуынша, болып жатқанның бәрі түс сияқты көрінген. 

Айта кетейік, қазақстандық спортшылар әзірге медальға қол жеткізе алған жоқ. Қысқы Олимпиада ойындары 22 ақпанға дейін жалғасады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу