Газ бағасының арзандауы Сарыарқаны газдандыруға кедергі

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
4756

Қымбаттатса халыққа қиын, арзандатса компанияға обал.

Газ бағасының арзандауы Сарыарқаны газдандыруға кедергі Фото: egemen.kz

Былтыр елбасы Нұрсұлтан Назарбаев коммуналды қызмет ақысын жаппай арзандатуды тапсырған. Нәтижесінде республика бойынша орташа есеппен көгілдір отын құны 17,5% төмендеген еді. Сол әлеуметтік бастаманың қазірден бастап ірі бизнеске кері әсер етіп жатқаны байқалады.

Коммуналды қызмет ақысын төмендетуден бөлек Сарыарқаны жаппай көгілдір отынға қосу жұмыстарының да қазірден басталып кеткені белгілі. Бұл газ таратуда республикадағы монополист ҚазТрансГаз үшін ауқымды тапсырыс болғанымен, компания бірнеше жылдық "минустан" бәрібір шыға алмайтын секілді.

Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев бұл туралы кешегі сөзінде республиканы газдандыру жұмыстарының шығынсыз етуі керектігін айтты.

Министр орынбасарының айтуынша, қазіргі таңда республика бойынша сатылып жатқан газ бағасының ақырғы құны өзіндік құнынан да төмен екен. Бұл өз кезегінде елді жаппай газдандыру жұмыстарына кері әсерін тигізетіні хақ. Мырзағалиевтың сөзінше, 2014-2018 жылдар аралығында монополист "ҚазТрансГаз" АҚ ішкі нарықта 200 млрд теңге шығынға ұшыраған. Ал бұл кезде көгілдір отын құны анағұрлым қымбат болғанын еске саламыз.

Жалпы, газ бағасын үкімет жыл сайын өзі бекітетіні белгілі. Алайда, министр орынбасары газ бағасын Үкімет тарапынан тұрақты субсидиялаудың да дұрыс еместігін алға тартады. Оның айтуынша, үкімет газ саласының "плюске" шығуы үшін ұзақмерзімді стратегия керек.

Қазіргі түрмен "ҚазТрансГаз" ішкі нарықта жұмыс істегісі жоқ. "Жоғары қосылған құны бар жобалар үшін компания газды өз құнымен сатады және 5-7% шамасында қосымша маржа алады. Құрығанда осылай болсын. Алайда қазіргі жағдайда газ бағасын қымбаттату мүмкін емес, халыққа ауыр тиеді. Сол үшін ұстап отырмыз", – дейді министр орынбасары.

Өз кезегінде депутат Ирина Унжакова да газ бағасын көтермеу керектігін айтты.

"Қазір компанияның экспорттық табыстары ішкі шығынды жауып отыр. Ішкі нарық кем дегенде өзін өзі ақтауы керек. Бірақ бағаны көтеруге де болмайды", – деді депутат.

Айта кетейік, "ҚазТрансГаз" АҚ-ның жалғыз акционері – "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы. Компания ішкі нарықпен қатар Орталық Азия елдеріне де газ тасушы ірі оператор. Компания иелігінде 40 мың шақырымдай газ тарату желілері, 18 мың шақырым магистральді газ құбыры, 56 компрессорлық станция, 3 жерасты газ сақтау қоймасы бар. Компания ішкі нарықта еліміздің 10 облысында 8 млн адамға газ жеткізеді.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу