Газ өндірісі мен экспорты күрт артты

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
18186

Бір жақсысы экспорттық  табыс ұлғайып, бірақ қарапайым халыққа қымбатқа түсіп жатыр.

Газ өндірісі мен экспорты күрт артты

2018 жылдың 11 айында табиғи газ өндірісінің көлемі алдыңғы жылдың осы уақытымен салыстырғанда 5 пайызға артып, 50,6 млрд куб метрді құрады. Ал ақшалай есептегенде өндірілген табиғи газ құны да бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 5 пайызға өсіп, 183,5 млрд теңгеге жетті.

Жалпы, республика бойынша өндірілген көгілдір отынның 42,5 пайызы Атырау облысына тиесілі болса, 36 пайызы БҚО, 12,4 пайызы Ақтөбе облысына тиесілі. Айта кетерлігі, Атырау облысы мен Ақтөбе облысындағы өндіріс тиісінше 13,5 және 6,3 пайызға артса, БҚО-да керісінше 2,2 пайызға азайып кеткен. 

Атырау облысында ең ірі өндіруші "ТеңізШевроил" ЖШС болып табылады. Ал БҚО-ның басты өндірушісі  "Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б. В." болса, Ақтөбеде – "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" АҚ екенін айта кетейік.

Статистика бойынша, Қазақстанда өндірілетін мұнай мен газ конденсатының 28 пайызы, табиғи газ бен ілеспе газдың 16 пайызы және магистралді құбыр бойынша газ тасымалының 95 пайызы "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясына тиесілі. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан әлемде табиғи газ қоры бойынша 22-орында, ал мұнай мен газ өндірісінен 17-орында.

Өткен жылдың 10 айының қорытындысы бойынша газ экспорты 22 млрд куб метрді құрап, 1,7 млрд АҚШ долларына жеткен. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғыдан көлем бойынша 14,5 пайызға, ал ақшалай 38,2 пайызға көп.

Қазақстан газының негізгі тұтынушысы Ресей Федерациясы. Бұл ел Қазақстаннан 2018 жылы 7,8 млрд куб метр газ сатып алып, ал алдыңғы жылы сатып алған газ көлемі былтырғыдан 40 пайызға аз болған. Ақшалай есептегенде бұл шамамен 140 млн АҚШ доллары, алдыңғы жылдан 61 пайызға артық.

Жыл өткен сайын Қазақстан газының сатылып географиясы да кеңейіп келеді. Мәселен, 2018 жылдың 29 желтоқсанында "ҚазТрансГаз" АҚ мен Өзбекстанның "ӨзТрансГаз" АҚ арасында алғаш рет Ташкент тұтынушыларын қамтамасыз ету үшін Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстан газын тасмыалдау туралы келісімге қол қойылды. Келісім бойынша біздің ел арқылы оңтүстік көрші елдің 1 млрд куб метр көгілдір отыны тасымалданады. Тасымал "Газли-Шымкент" және "Бұқара ауданы-Ташкент-Бішкек-Алматы" магистралі арқылы жүргізіледі.

Сонымен қатар "ҚазТрансГаз" АҚ ұлттық операторы "Түркістан" станциясы компрессорын іске қосты. Құрылыс "Бейнеу-Бозой-Шымкент" газ құбыры мүмкіндігін жылына 10 млрд куб метрден 15 млрд куб метрге жеткізуге арналған инвестициялық жоба аясында қолға алынды.

Айта кетейік, "Бейнеу-Бозой-Шымкент" құбыры тәуелсіз Қазақстандағы ең ірі жоба. Осы арқылы үш маңызды мәселе шешіліп отыр: оңтүстікке тұрақты газ жөнелту, елдің біріңғай газ тасымалы жүйесін құру және қазақ газы экспортын арттыру.

Бір қызығы, мемлекет басшысының коммуналды қызмет ақысын жаппай арзандату туралы тапсырмасына қарамастан газ бағасы әлі де қымбаттап келеді. Мәселен, биылғы қаңтар айындағы баға былтырғыға қарағанда табиғи газ 4,1 пайызға, сұйытылған газ 3,1 пайызға қымбат.  

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу