Газа аймағына гуманитарлық көмек тиелген жүк көліктері жетті

460

Енді азық-түлік жергілікті халыққа таратылады. 

Газа аймағына гуманитарлық көмек тиелген жүк көліктері жетті Фото: UN News

Сәрсенбі күні Газа аймағына ұн, балаларға арналған тағам және медициналық жабдықтар тиелген тағы 100 гуманитарлық жүк көлігі жеткізілді. Бұл туралы Израиль Қорғаныс министрлігіне қарасты гуманитарлық көмек жеткізуге жауапты COGAT үкіметтік ұйымы X әлеуметтік желісінде мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Барлық гуманитарлық көмек қауіпсіздік тұрғысынан мұқият тексерілгеннен кейін ғана өткізілді. Бұл Израиль қорғаныс армиясы өкілдерінің ұсынысымен және саяси басшылықтың нұсқауына сәйкес жүзеге асырылды. Біз Газа секторына гуманитарлық көмектің жетуіне жағдай жасауды жалғастырамыз. Оның ХАМАС террористік ұйымының қолына түспеуі үшін барлық күшімізді саламыз", - деп жазылған COGAT мәлімдемесінде.

Осыған дейін анклавқа  осындай гуманитарлық жүктер тиелген 93 жүк көлігі жеткені де белгілі болды.

Тиісті көмек Израиль, Египет және Газа секторы шекарасындағы Керем-Шалом бақылау-өткізу пунктіне келген. Енді оны гуманитарлық ұйымдардың қызметкерлері өз көліктеріне артып, жергілікті халыққа таратуы тиіс. Бүкіләлемдік азық-түлік бағдарламасының (WFP) өкілдігі басшысы Антуан Ренардың сөзінше, 78 жүк көлігі кезегін күтіп тұр. 

"Біз жүктің тоналмайтынына сенімді болуымыз қажет", - деді Антуан Ренар Associated Press агенттігіне берген сұхбатында. 

Айта кету керек, осыған дейін Израиль қайтадан Газа аймағына гуманитарлық көмек жеткізуге рұқсатын бергенін жазған болатынбыз. Сарапшылардың айтуынша, Газа тұрғындарына жаппай аштық қаупі төніп тұрған еді.   

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу