Газа қырғыны бүкіл әлемде еврейлерге деген жеккөрушілікті күшейтіп жатыр

1804

Қазанның 7-нен кейін Құрама Штаттарда антисемиттік оқиғалар 400 пайызға, ал Германияда 240 пайызға көбейген екен. 

Газа қырғыны бүкіл әлемде еврейлерге деген жеккөрушілікті күшейтіп жатыр Фото: Reuters.com

Лос-Анджелесте "еврейлерді өлтіріңдер" деп айқайлаған ер адам бір отбасының үйіне басып кіруге әрекеттенді. Ал Лондонда бір тұрғын ойын алаңындағы кішкентай қыздарды "сасық еврейлер" деп атап, оларға  сырғанақтан аулақ жүруге кеңес берген. Қытайда еврейлерді паразиттер, вампирлер немесе жыландарға теңеген жазбалар әлеуметтік желіде көбейіп, мыңдаған "лайк" жинап жатыр.

Бұл – қазанның 7-де "хамастықтар" Израильдің оңтүстігіне шабуыл жасап, Израиль кек алу мақсатында Газа секторын бомбалауға кіріскеннен кейін бүкіл әлемді жайлаған антисемитизм оқиғаларының жекелеген мысалдары.

"Бұл – еврейлер үшін Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі ең қорқынышты уақыт. Бізде бұрын да қиындықтар болды, бірақ менің өмірімде жағдай ешқашан мұнша нашарлаған емес", - дейді 62 жастағы Энтони Адлер Лондонның Голдерс Грин ауданындағы синагогаға жиналған мінәжат етушілер алдында сөйлеген сөзінде.

Үш еврей мектебін басқаратын Адлер қазанның 7-нен бері оқушыларға шабуыл жасалады деген қауіппен, мектептерінің екеуін уақытша жауып, үшеуінде де қауіпсіздік шараларын күшейткен.

"Ең үлкен қорқыныш сол - біздің қауымдастыққа, отбасымызға және балаларымызға кездейсоқ шабуыл жасалуы әбден мүмкін", - дейді ол "Рейтер" агенттігіне берген сұқбатында.

Полициясы мен азаматтық қоғамынан мәлімет алу аса қиындық тудырмайтын АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия және Оңтүстік Африка сияқты елдерде жағдай анық: оларда антисемиттік оқиғалар өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бірнеше жүз пайызға өскен.

Сонымен қатар, АҚШ пен Ұлыбритания сияқты кейбір мемлекеттерде 7 қазаннан бастап исламофобиялық оқиғалар да көбейіп отыр.

Антисемиттік инциденттердің көпшілігі ауызша балағаттаудан, әлеуметтік желіде тіл тигізуден, қорқытудан, граффити салудан және еврейлердің мүліктерін, бизнестерін немесе діни маңызы бар нысандарын қорлаудан тұрады. Физикалық шабуылдар да айтарлықтай жиілеп кеткен.

Израильдің Газаны бомбалауы нәтижесінде мыңдаған палестиналық қаза тапты. Құрбандардың арасында сан мың бейкүнә бала бар. Осынау жантүршіктірер оқиғаларға қарсы ашу-ыза жалпы еврейлерге қатысты ауызша немесе физикалық агрессияны ақтау ретінде қолданылып жатыр. Және де мұндай шабуылдар барысында тамыры тереңде жатқан антисемиттік сөздер мен теңеулерді де жиі естуге болады.

"Олар үшін еврейлер мен Израиль бір, яғни, антисемиттер палестиналық балаларды еврейлер өлтіріп жатыр деп есептейді", - дейді француздық саясаттанушы Нонна Майер.

Жүздеген пайызға өскен антисемитизм

Майердің ойынша, "қазанның 7-нен кейін Израиль - барша еврейлер үшін негізгі баспана деген идеяның күл-талқаны шықты".

Дүниежүзіндегі ең қорқынышты антисемиттік оқиғалардың бірі жексенбіде  Ресейдің Дағыстан Республикасы астанасының әуежайында болды. Сол күні Тель-Авивтен жеткен рейстегі еврейлерді "ұстау" үшін ашулы жұрт авиациялық терминалды басып кіріп, тіпті ұшақ қонатын алаңға шығып кеткені белгілі.

Ресейдің еврей қауымдастығы федерациясының президенті раввин Александр Борода осы жағдайға қатысты мәлімдеме жасап, Израильге наразылық ресейлік еврейлерге қарсы ашық агрессияға ұласқанын ескертті.

Әзербайжанның бас ашкенази раввині Шнеор Сегалдың айтуынша, "кез келген сылтауды пайдаланатын антисемиттер Кавказда онсыз да азайып бара жатқан еврейлерді қорқыту үшін Махачкаладағы бүлікті" ұйымдастырған.

"Олар еврейлерді қайда қуып жатырмыз деп ойлайды? Әрине, - өздері жек көретін Израильге", - дейді Сегал.

Буэнос-Айрестегі белгілі еврей мектебінің оқушылары болса, оңай көзге түспеу үшін әдеттегі формаларын кимеуді жөн көрген.

Нью-Йорк штатының оңтүстігіндегі Корнелл университетінде желідегі қоқан-лоққылар мен бомбалау туралы ескертулерге байланысты Еврейлер Орталығы айналасында қауіпсіздік шараларын күшейтті.

Ал Йоханнесбургте палестиналықтарға жақтас шерушілер сенбі күні еврейлер қауымы көп жиналатын ауданға барып, кепілге алынып, Газаға әкетілген израильдіктердің суреттерін қоғамдық орталықтың қабырғасынан жұлып алып тастаған.

Антисемитизмнің өршуіне ресми жауаптар әр елде әртүрлі.

Америка Құрама Штаттарында және Батыс Еуропада үкіметтер еврей қауымдастықтарына қатты қолдау көрсетуге, антисемитизмді айыптауға және кейбір жағдайларда тиісті орындарда сақтық шараларын күшейтуге тырысып жатыр.

Израиль үкіметі болса, Дағыстан оқиғасынан кейін Израиль азаматтарының "бүгінде шетелге шығу қажеттілігін қайта қарауы керектігін" мәлімдеп, өзге мемлекеттерде тұратын израильдіктерді қырағы болуға және демонстрациялардан аулақ жүруге шақырды.

Әлеуметтік желілерде өзіне қарсы сөздер мен сөз тіркестерін үнемі цензураға алатын Қытайда антисемиттік балағаттауларды азайту жолында қандайда да бір қадамдар жасалып жатқаны байқалмайды.

Дегенмен, осы елдің сыртқы істер министрлігінің өкілі мәлімдегендей, Қытай заңы интернетті экстремизмді, этникалық өшпенділікті немесе кемсітушілікті насихаттау үшін пайдалануға тыйым салады.

Еврейлердің жала жабуға қарсы лигасы өткен аптада хабарлағандай, Құрама Штаттарда антисемиттік оқиғалар 7 қазандағы шабуылдан кейінгі екі аптада өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 400%-ға өсіпті. Ал Германиядағы Азаматтық қоғам обсерваториясы, RIAS жүргізген сауалнама 7-15 қазан аралығында елде антисемиттік оқиғалардың былтырғы жылдың осы аралығымен салыстырғанда 240%-ға өскенін анықтап берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу