Агенттік балалардың "жоғалған ұрпаққа" айналу қаупі бар екенін айтып, соғысты тоқтатуға шақырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Anadolu Ajansı басылымына сілтеме жасап.
Израильдің Газадағы соғысы 23 айдан бері жалғасып келе жатқандықтан, 660 мың бала үшінші жыл бойы мектепке бара алмай отыр.
"Газадағы соғыс – балаларға қарсы соғыс, ол тоқтатылуы тиіс. Балалар әрдайым қорғалуы керек", – делінген мәлімдемеде.
Палестина Орта және жоғары білім министрлігі 28 тамызда Батыс жағалаудағы жаңа оқу жылы қыркүйектің басында басталатынын хабарлады.
Министрліктің дерегінше, Газада шамамен 700 мың оқушы соғыс салдарынан 2 жыл бойы білім алудан қол үзген. Оның ішінде 70 мың мектеп оқушысы қатарынан 2 оқу жылы орта мектепке бара алмаған.
Соңғы ресми мәліметке сәйкес, 2023 жылғы 7 қазаннан 2025 жылғы 26 тамыз аралығында Газада 17 мыңнан астам мектеп оқушысы (бастауыш, орта және жоғары сыныптарда) және 1 261 университет студенті қаза тапқан. Сонымен қатар, 25 мыңнан астам оқушы мен 2 671 студент жарақат алған.
Батыс жағалауда да қақтығыстар салдарынан адам шығыны тіркелген. Осы кезеңде шамамен 108 мектеп оқушысы және 35 студент қаза тапқан, 739 оқушы мен 231 студент жараланған. Бұдан бөлек, 372 оқушы мен 413-тен астам студент тұтқындалған.
Министрліктің мәліметінше, білім беру саласы қызметкерлері де зардап шеккен. Газадағы қақтығыстар барысында 739 мектеп мұғалімі мен 226 университет оқытушысы қаза тапқан.
Сондай-ақ, 3 091 мектеп және 1 421 университет қызметкері жараланған. Ал Батыс жағалауда 5 мектеп мұғалімі қайтыс болып, 21 адам жарақат алған. 182 мұғалім және 17 университет қызметкері тұтқындалған.
Палестина тарапының ақпаратына сәйкес, 2023 жылғы 7 қазаннан бері аймақта жаппай қираулар мен тұрғындарды күштеп көшіру жағдайлары жалғасып келеді. Соның салдарынан 63 371 палестиналық қаза тапқан, олардың едәуір бөлігі – әйелдер мен балалар. 159 835 адам жарақат алған, 9 мыңнан астам адам хабар-ошарсыз кеткен. Жүздеген мың тұрғын үйлерін тастап шығуға мәжбүр болды.
Азық-түлік тапшылығы да адам өліміне себеп болып отыр. Ресми дерек бойынша, осы уақыт аралығында 332 адам, оның ішінде 124 бала аштықтан көз жұмған.
Халықаралық ұйымдар балалардың білім алу құқығын қорғаудың маңыздылығын атап өтіп, қақтығысты тоқтатуға және бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақыруда.