"Газды арзандата алмаймыз"

6855

Энергетика министрі шынын айтты.

"Газды арзандата алмаймыз"

Елімізде бензин арзандап, газ қымбаттап барады. Энергетика министрі халықпен кездесуде мұның жайын түсіндіріп беруге тырысты.

Көліктерге арналған газдың құны түспейді. Мұны энергетика министрі Қанат Бозымбаев қадап айтты. Оның сөзінше, қазір газды арзандатса онда дефицит пайда болып, еліміздегі барлық жүргізуші газ іздеп, шабылып кетеді.

"Газды арзандата алмаймыз. Онсыз да 3 жыл қатарынан көтерме бағаны көтеріп, нарықтық құнды әрең қалыпқа келтірдік. Неге дейсіздер ме? Өйткені 2015 жылы "волюнтаристік шешім" қабылданып, баға қасақана 3 есеге төмендетілген. Бұл газдың өзіндік құнынан да төмен болып шықты. Салдарын көрдіңіздер. Ешкім оны өндірмей қойды. Тапшылық орын алды", – деді пропан газына қатысты пікірінде министр.

Оның айтуынша, қазіргі газ бағасы өзіндік құнына сай. Газ өндірушілер одан табыс таппаса да, шығынға ұшырамайды.

Министр популизмге сүйеніп, сұйытылған газды қазір арзандатуға болатынын айтады, алайда ондай жағдайда тағы да тапшылыққа бой ұрады екенбіз.

"Көріп тұрсыздар ғой, қазір газ тапшылығы деген жоқ. Себебі газ өндірісі одан зардап шегіп, тиімсіз болып жатқан жоқ. Ал егер бағаны түсірсек, онда газ өндіру күрт тоқтатылады. Өйткені ешкім шығынға жұмыс істегісі келмейді", – дейді экономика министрі.

"Пропан деген кеңес заманынан қалған ескі дүние"

Қанат Бозымбаев елімізде пропанның көлік отыны ретінде сатылуына мүлде қарсы. Ол оның орнын метан газы басуға тиіс деп санайды.

"Қазір ешкім пропан өндірмейді. Тек Қазақстан, Ресей және Өзбекстан ғана. Болды! Бұл кеңес заманынан қалған ескі дүние. Сондықтан мұны қою керек. Одан да сол шикізаттан полиэтилен, полипропилен өндірген жақсы емес пе? Ал сұйытылған газдың орнын табиғи сығылған газ – метан баса алады", –дейді ол.

Министрдің айтуынша, газды аймақтарда көліктерге метан газы пайдаланып жүр.

"Алматыда сығылған газ бензинге қарағанда екі есе арзан. Бұл "ҚазТрансГазға" да тиімді. Қытайға айдағанша көліктің тұтынысына бергені жақсы емес пе?", – деді Қанат Бозымбаев.

Айта кетелік, қазір өңірлерде газдың бағасы әртүрлі. Бірізділік жоқ. Мәселен  Маңғыстау облысында газдың 1 литрі – 50 теңге, ал Алматыда – 77 теңге, Нұрсұлтан, Қарағанды қалаларында – 73 теңге.

Нұр-Сұлтанның көліктері газға қашан көшеді? 

Энергетика министрінің айтуынша, бұл 2-3 жылсыз орындалмайтын іс.

"Нұр-Сұлтанға газ биыл күзде – қарашада келеді. Кейін газ тарататын желі салынады, одан соң, яғни "Сарыарқа" газ құбыры құрылысы аяқталғаннан кейін алдағы 2-3 жылда елордада газ бекеттерін салуға көшеміз", – деді министр.

Жалпы, "Сарыарқа" газ құбыры құрылысының арқасында 171 елдімекен көгілдір отынға қол жеткізбек. Атап айтқанда, Қарағанды облысы бойынша 119, Ақмола облысы бойынша 52 елдімекен қамтылмақ. Қаржыландырушы көз: "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ және "BaiterekVentureFund" АҚ. Басты жарғылық капиталы – 80,3 млрд теңге.

Бензин экспорттаймыз деп тапшылыққа ұрынып жүрмейміз бе?   

Бензинге келетін болсақ, оның бағасы елімізде біршама арзандаған. Министр мұны күрделі жөндеуден өткен мұнай өңдеуші 3 зауыттың толық қуатта жұмысқа кірісуімен түсіндірді. Ал зауыттардың толық қуатта жұмыс істеуі отандық бензинді экспортқа шығару жоспарымен байланысты екен.

"Кедендік кеңістікке бензинді экспорттау маусым айынан басталады. Бір-екі күнде отандық жанар-жағармайдың алғашқы партиясы сыртқа жөнелуі тиіс", – деді Қанат Бозымбаев.

Оның айтуынша, ел ішінде осы отын түрінің тапшылығы болуы мүмкін деп жорамалдауға негіз жоқ.

"Үкімет ішкі нарықты қорғаудың тетіктерін алдын ала қарастырып қойды. Ұлттық экономика министрлігі мен энергетика министрлігі бірлесе отырып, импортқа серпін беру үшін ашық мұнай өнімдері түрлерінің экспорттық кедендік баж салығын төмендетті", – деді министр.

Айта кетелік, Қазақстан бензинін сатып алуға ЕАЭО-ға мүше – Беларусь Республикасы мен Қырғыз елі ниет білдірген.

Қазақстан экспортқа шығаруды жоспарлап отырған бензин көлемі – АИ 92 бойынша 60-70 мың тонна, АИ-95 бойынша 10-15 мың тонна.

Кәмшат Сатиева

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться