"Газға қосылудың орташа бағасы 700-800 мың теңге"

3589

Елордада ғана емес, республика бойынша газға қосылудың орташа бағасы 700-800 мың теңгені құрайды.

"Газға қосылудың орташа бағасы 700-800 мың теңге"

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте Нұр-Сұлтан қаласы Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы Мақсат Есмағұлов мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Қаламызда ғана емес, Қазақстан бойынша газға қосылудың орташа бағасы 700-800 мың теңге. Бұл шамамен 150 шаршы метр үйге есептегенде. Үйіңіздің аумағы үлкен болса, газды қосу үшін таңдап алған жабдықтар қымбат болса, газға қосылу құны да өзгереді", – деді Нұр-Сұлтан қаласының Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы Мақсат Есмағұлов.

Елорданы газдандыру жобасы 3 кезекке бөлінген. 

"Қазіргі уақытта бізде түгелімен 1-ші және 2-ші кезектің бір бөлігін іске асыру аяқталған. 2-ші кезектің қалған бөлігі мен 3-ші кезек қазіргі уақытта іске асырылу барысында. Бүгінде Елордамызда газдандырылған 10 тұрғын алап және 3 шағын аудан бар. Түгелімен газ желілері тартылып біткен және қосу мүмкіндігі түгелімен берілген тұрғын алаптарына Көктал-1, Көктал-2, Агрогородок, Железнодорожный, Промышленный, Юго Восток оң жағы, Юго Восток сол жағы, Күйгенжар, Мичурино, Интернациональный тұрғын алаптары жатады. Ақбидай, Қазақ ауыл және Московская-Потанина көшесі бойындағы 3 шағын аудан түгелімен газға қосылу мүмкіндігін алды. Газға қосылу мүмкіндігін алып отырған абоненттердің саны 14 мың... Осы 10 алап пен 3 шағын ауданда 200 мыңға жуық адам тұрады. Газға қосылған абоненттердің саны 5 мыңға таяды", – деді Мақсат Есмағұлов.

Байқоңыр және Есіл аудандарының тұрғын алаптарына үлкен газ құбырын әкелу бойынша жұмыстар басталған. Осы жылы Пригородный, Family Village, Garden Village, Ильинка, Өндіріс тұрғын алаптарына дейін үлкен газ құбырын әкелу бойынша жұмыстар жүріп жатыр. 

"Жыл соңына дейін негізгі жұмыстарды аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Келесі жылы аталған тұрғын алаптарда көше көшемен әрбір үйге тарату желілері басталады. Барлық жоба 2024 жылдың соңына дейін, 2025 жылға дейін аяқтау жоспарланған. Оны аяқтайтын болсақ, Елордадағы барлық тұрғын алаптары газға ауысатын болады. Бұл шамамен 300 мың адам газға қосылу мүмкіндігін алады деген сөз", – деді әкімдік өкілі.


Мақсат Есмағұлов қаланың толықтай газға көшуі атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықтар көлемін 40 мың тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік береді деп отыр.  

"Әкімдік пен ұлттық оператор "ҚазТрансГаз Аймақпен" әрбір үйге дейін газ әкелу жобасы қарастырылған. Яғни газға қосылу нүктесін қалдырып кеткенбіз. Әрі қарай тұрғындар жеке лицензиясы бар компаниямен шарт жасасып, үй ішіне газды өздері қосады. Ол түгелімен нарықтық деңгейге берілген. Ешқандай мемлекеттік орган немесе ұлттық оператор оны реттемейді. Әрбір адам жеке компаниямен келісімшарт жүргізіп, сомасын, қандай жабдығын қояды, шарттарын барлығы өзі жасасады", – деді Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы.

Газға қосылу үшін жиналатын құжат тізімі 2 есеге қысқарған. Әлеуметтік осал топқа берілетін материалдық көмек мөлшері 410 мыңнан асты. Бұдан бөлек қала әкімдігі мен Halyk Bank меморандумға қол қойып, оған сәйкес бұл банкте көгілдір отынға қосылу үшін 1,5 жылға дейін 750 мың теңге көлемінде пайызсыз несие қарастырылған. 

"Қала тұрғындары көгілдір отынның 1 мың текше метрі үшін қанша теңге төлейді?" деген сұрағымызға "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ АстӨФ директоры нақты құнын айтты.

"Бүгінгі таңда қала тұрғындары 1 мың текше метр газға 38 мың 697 теңге төлейді", – деді Шота Шалов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу